Шымкентте қаза тапқан сарбазды ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін, 19 қыркүйекте Шымкентте 19 жастағы Дінмұхаммед Шынарбекпен қоштасу рәсімі өтті. Оның сүйегі Алматы облысындағы №01098 әскери бөлімінен табылған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша ол өзіне қол жұмсаған.
Қаралы жиынға марқұмның туыстары, достары мен жақындары жиналды.

Екі ағайындының арманы
2024 жылдың күзінде әскер қатарына Дінмұхаммедтің егіз бауыры Даниял шақырылған еді. Ал арада алты ай өткен соң, 2025 жылдың көктемінде Дінмұхаммед те әскерге алынды. Егіздер бір жерде қызмет етеміз деп үміттенген, алайда ант қабылдағаннан кейін Дінмұхаммед Мәтібұлақтағы №01098 әскери бөліміне жіберілген.
17 қыркүйекте отбасы оның қаза тапқаны туралы қаралы хабарды алды. Ресми дерекке сәйкес, сарбаздың өлімі «суицид» деп көрсетілген.
Анасының жан айқайы
Алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаға сенбейді. Анасы Бибінұр Қалтаева ұлының денесі қолы байланған күйде табылғанын айтты.
«Маған әпкем айтып берді. Қолдары байлаулы болған. Қалайша адам қолы артына байланып тұрып асылып қала алады? Бұл мүмкін емес қой! Олай айту – өтірік. Ұлымды құртып жіберді. Ол өмір сүргісі келген. Мемлекет баламды алып кетті, бірақ оны қорғай алмады. Менің ұлымды мемлекет сақтай алмады», – дейді сарбаздың анасы.
Жас сарбаздың қазасы қоғамда резонанс тудырды. Оның туыстары мен таныстары «өз-өзіне қол салу» нұсқасын жоққа шығарып, оқиғаның толық тергелуін талап етіп жатыр.