Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Шымкентте Нұрай Серікбай ісі бойынша полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

прократура
Фото: gov.kz

Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты тергеу барысында полиция қызметкерлерінің салғырттығы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы Сенатта өткен брифингте ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Бұған дейін БАҚ өкілдеріне берген түсініктемеміздей, қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды. Оның бірінші орынбасары да лауазымынан шеттетілді. Сонымен қатар, қылмыстық істі тіркемей, күдіктіні дер кезінде қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылдамаған полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр", — деді министрдің орынбасары.

Санжар Әділовтің хабарлауынша, аталған іс аясында некеге мәжбүрлеу фактісіне байланысты да полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі тексерілуде.

Сонымен қатар, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланған.

"Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, оқиға орнында көрсетілімдер нақтыланды. Күдікті сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жан-жақты, толық әрі объективті түрде жүргізіледі", — деді ол.

Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Оның туыстарының айтуынша, күдікті қызды дүкенге шыққан сәтінде торуылдап, бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттары өмірге қауіпті болып, Нұрай оқиға орнында көз жұмған. Қылмыстан кейін күдікті бой тасалаған.

13 қаңтарда полицейлер қала маңынан 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

 

Нұрайдың туыстары бұған дейін қыздың ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырағанын, қорқыту мен аңду фактілері бойынша полициядан бірнеше рет көмек сұрағанын айтып, ашық мәлімдемелер жасаған.