Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 13 Маусым 2024

Шымкентте салынатын жаңа қонақ үй туризмнің дамуына серпін бере ме?

Шымкент
Фото: из открытых источников

Шымкент қаласы – Қазақстандағы үшінші үлкен қала. 2018 жылы 19 маусымда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп шығып, жеке қала болды. Мегаполистің жеке-дара шаңырақ көтергеніне бірнеше күннен кейін алты жыл толады.

Шымкент Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі саналады. Сонымен қатар тұрғындарының саны бойынша үшінші орында тұр. Қалада қазір 1 миллион 231 мың 800 адам тұрып жатыр. Шымкент бұл көрсеткіш бойынша Алматы мен Астанадан ғана кейін тұр.

Мегаполистің тұрғындар саны жылдам өсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылғы қаңтар мен наурыз аралығында халықтың табиғи өсімі 6071 адам болды. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр сәйкес кезеңдегі көрсеткіш 6009 адам болған.

Өңірдегі халық санын жайдан-жай санамалап отырған жоқпыз. Тұрғындар саны көбейген сайын қаладағы инфрақұрылымға қажеттілік арта беретіні анық. Оның үстіне ауа райы жайлы, табиғаты көз тартатын оңтүстік өңірлерге келіп-кететін адамдар саны да аз емес. Бұл да қаладағы тұрғын үй мен қонақ үйлерге, қатынас көліктеріне сұранысты арттырады.

Бұл салмақ Шымкент қаласына да түсіп тұр. Қалалық әкімдік жақында Шымкентте бес жұлдызды қонақ үй құрылысы басталатынын хабарлады. Әкімдіктің ресми сайтындағы ақпарат бойынша жаңа қонақ үй салтанатына сән қосатын заманауи нысан болады.

12 маусым күні Шымкент қаласының әкімі әлемге әйгілі Hilton халықаралық қонақ үй желісінің құрылысы аумағына капсула салу рәсіміне қатысты. Шымкент сити шағын ауданында бой көтеретін бес жұлдызды қонақ үйді 2026 жылы ашылады деп жоспарлап отыр.

Қала әкімі жаңа қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды. «Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. Hilton – әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді», – деді мегаполис басшысы.

Жоспар бойынша жаңа қонақ үйде 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференция зал болады. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Сонымен қатар мегаполис әкімі ұлттық стильде салынған Qazaq Hotel қонақ үйіне барды. Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде жаңадан 30 жұмыс орны ашылады. Бұл қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлме болады. Сондай-ақ қонақ үй аумағында мейрамхана, SPA-салон, конференция зал және автотұрақ қарастырылған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда қазір 2 237 қонақ үй бар. 2023 жылмен салыстырғанда 36 құрылыс жаңадан салынды. Қалалар бойынша айтсақ, Алматыда қонақ үй ең көп – 232. Ал екінші орында Астана қаласы (190) тұр. Ал үшінші мегаполисте орналасқан қонақ үйлер саны 130 шамасында.

2024 жылдың бірінші тоқсанында елдегі қонақ үйлер жалпы 1 миллион 4 мың адамды қарсы алды, келушілерге көрсетілген қызмет көлемі 45 миллиард теңгеге жетті. Қазақстанның он өңірінде бес жұлдызды қонақ үй бар, олардың бір тәулікке арналған орташа бағасы – адам басына 55,5 мың теңге.

2023 жылғы статистика бойынша, Шымкент Қазақстандағы туристер ең көп баратын қалалар тізіміне енді. Еліміздегі туристер көп баратын қалалардың тізімін мәдениет және спорт министрлігі жариялады.

Шымкент қаласы бұл рейтингте де үшінші орында тұр. Алға әдеттегідей Астана мен Алматыны жіберіп алған. Қонақжайлығы бойынша ешкімге есе жібермейтін Шымкентке биыл қаңтар мен сәуір аралығында 346 280 турист саяхаттап барыпты. Шырайлы Шымкентке барған турист көңілі қалаған демалысты таңдай алады. Киелі, тарихи орындарға саяхат жасап, шипажайда демалуға болады немесе қалада жиі ұйымдастырылатын спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік бар.

Ресми статистика бойынша, Шымкент қаласы Қазақстанға келетін туристер саны бойынша елдегі 20 өңірдің ішінде үшінші орында тұр. Шымкент республикалық маңызы бар үшінші мегаполис ретінде инвестициялық климаты жаман емес, соған сай қалаға келетін туристердің саны да жыл санап артып жатыр.

2023 жылдың 11 айында туризм саласындағы инвестиция көлемі – 23 696 525 мың теңге болды. Аталған инвестиция туризммен сабақтас салалардан келгенін айта кетейік. Мысалы, «Пана», «ДОРА» Grand Villa Hotel, Wind hotel, Big rooms және Graf қонақ үйлерін былтыр іске қосылған туристік жобалар ретінде атауға болады. Аталған туристік жобалардың жалпы инвестиция көлемі 4 330 миллион теңгеге жетті. Осы жобалардың арқасында қалада 145 адам жұмыс орнымен қамтылды.

Кейінгі жылдары Қазақстан үкіметі туризм саласына елеулі басымдық беріп отыр. Өйткені туризм тұтас әлем экономикасында маңызды орынға ие болып келе жатқан перспективалы сала. Туризмді дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды жақсарту қажет. Жол сапасы, туристік нысандарға барып-келу үшін қолайлы қатынас құралы, сапалы азық-түлік және жайлы жатар орын саяхатшыларды баурайтын басты мәселелер.

Еліміздегі үшінші мегаполисте атақты Hilton қонақ үйінің ашылғанын жақсы жаңалық деп бағалауға болады. Hilton қонақ үйлер желісінің негізі өткен ғасырдың басында, 1919 жылы қаланған. 2017 жылға дейін дүниежүзіндегі 80 ел мен аймақта 540-тан астам қонақ үй мен курорт орталықтары ашылды. Ол әлемдегі жұмысшылар үшін жайлы 25 үздік компанияның тізіміне енген. Сондай-ақ ол жер бетіндегі ең ірі қонақ үй желілерінің бірі екені белгілі.

Осындай атақты бренд Шымкент қаласында жаңа қонақ үйдің құрылысын бастады. Ол салынып болған соң мегаполиске турист және инвестиция тартуға пайдалы болмақ. Ресми дерек бойынша, қазір елімізде 25 бес жұлдызды қонақ үй бар. Шымкенттегі жаңа нысан сол қатарды толықтырады.

Қуан Өмірхан

Тегтер: