Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:35

Шымкентте шенеуніктер ескі ғимаратты 4 миллиард теңгеге сатып алуды жоспарлаған

Ескі ғимарат
Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары салаларда 33 заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады. 

Тексеру нәтижесінде спорт басқармасының 1995 жылы салынған ескі ғимаратты 3,6 миллиард теңгеге сатып алмақ болғаны белгілі болды.

Шымкент қаласында мемлекеттік мүлікті сатып алу және мектеп жабдықтарын жоспарлауға қатысты бірқатар заңбұзушылықтар әшкереленді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаменті хабарлады.

Мамандардың айтуынша, сатып алынбақ болған ғимарат техникалық талаптарға сай келмейді, сонымен қатар оның бағасы нарықтағы құнынан бірнеше есе жоғары болып көрсетілген. Бастапқыда жасалған келісімшартқа сәйкес, бұл нысан бюджет есебінен сатып алынуы тиіс болған. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін бұл мәміле тоқтатылып, қаражат мемлекет қазынасына қайтарылды.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Жандос Бекасанов бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.

— Ғимаратты сатып алу ережелерінің нақты реттелмеуі — лауазымды тұлғаларға шешімді өз бетінше қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Біз өз ұсынымдарымызды жолдағаннан кейін, тиісті органдар келісімшартты жойып, қаражатты бюджетке кері қайтарды, - деді ол.

Департамент тағы бір даулы жағдайды анықтаған. Бұл жолы №119 мектептің биология кабинетін жабдықтауға байланысты заңбұзушылық тіркелген. Бастапқыда бұл мақсатқа 685 миллион теңге бөлінген. Алайда тексеру нәтижесінде бұл сома шынайы қажеттіліктен 100 есе артық екені анықталып, қаражат көлемі небәрі 6,8 миллион теңгеге дейін төмендетілді.

— Мұндай шындыққа жанаспайтын көрсеткішке техникалық есептегі өрескел қателік себеп болған. Бұл жоспарды бекіткен шенеуніктерге қатысты жауапкершілік шаралары қабылданды, - деді Жандос Бекасанов.

Тегтер: