Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан көз жұмды
Шымкент қалалық полиция департаментінің алдын ала мәліметіне сәйкес, ер адам жеке араздық салдарынан әйелді пышақтаған.
Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Куәгерлер полицияға хабарлаған. Полиция департаментінің хабарлауынша, күдіктіні ұстау кезінде ол қарулы түрде қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері оған қатысты табельдік қару қолданған.
Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, қамауға алынды. Қазіргі таңда полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында 21 жастағы студент Нұрай Серікбай кісі қолынан қаза тапты. Әлеуметтік желіде тараған бейнебақылау камераларының жазбаларында ер адамның қызды аңдып, артынан қуғаны, Нұрайдың қашып құтылуға және қарсылық көрсетуге тырысқаны, алайда күдіктінің оған пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткені анық көрінеді.
13 қаңтар күні күдікті Шымкент қаласынан шамамен 10 шақырым жерде ұсталған.