Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Шымкентте Тоқаевтың сынынан кейін бірқатар жоғары лауазымды полицей қызметтен шеттетілді

Нұрай
Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласында бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері қызметінен шеттетілді.  Бұл шешім 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін қабылданған.

Бұл туралы Egov.press Telegram-арнасы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Арнаның мәліметінше, кадрлық шешімдер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында жасаған жария сынынан кейін қабылданған.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Шымкенттегі қайғылы оқиғаға байланысты Ұлттық құрылтай атына 130-дан астам азаматтық өтініш түскенін айтып, құқық қорғау органдары тарапынан қауіп пен аңду фактілеріне дер кезінде әрекет етпеуді жол беруге болмайтынын қадап айтқан болатын.

1
Фото: скриншот

Осыған байланысты Президент Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді тапсырды.

Ресми органдар әзірге қызметінен шеттетілген немесе жұмыстан босатылған лауазымды тұлғалардың нақты тізімін жариялаған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қайғылы жағдайда көз жұмды.

11 қаңтар күні Нұрай дүкеннен ұн алуға шыққан, оны үйін торуылдап жүрген күдікті ұстап алып, артынан қуып, пышақтаған. Әлеуметік желіде тараған видеода жас жігіттің Нұрайды артынан қуып келіп, бірнеше рет пышақтағаны бейнеленген.

Кейіннен күдіктінің 28 жастағы жігіт екені белгілі болды. Ол Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталды. Күдіктіге қатысты кісі өлтіру бабы бойынша тергеу басталды.

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қыздың қауіпсіздігі, аңду мен қудалау (сталкинг) фактілеріне құқық қорғау органдарының дер кезінде әрекет етпеуі, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланып жатыр.

Нұрай Серікбайдың туыстары ұсталған күдіктіге қатысты ең ауыр баптармен қылмыстық іс қозғалуын талап етті.

Jas Alash youtube арнасы Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбаймен сұхбаттасты.