Шымкентте жол үстіндегі жанжалдан кейінгі кісі өліміне күдікті төрт адам ұсталды
Шымкент қаласында жол үстінде болған жанжалдан кейін 40 жастағы ер адамды өлтіруге қатысы бар деген күдікпен төрт азамат ұсталды.
Бұл туралы қала полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түскен. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Құқық қорғау органдарының нақтылауынша, оқиға 20 қаңтар күні болған. Жолдағы жанжал барысында ер адам пышақ жарақатын алып, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір қатысушы түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің:
- 99-бабы («Адам өлтіру»),
- 293-бабы («Бұзақылық»),
- 125-бабы («Адам ұрлау»)бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаменті күдіктілерді анықтау және ұстау үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылғанын атап өтті. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.