Шымкентте жүргізуші куәліктерін заңсыз сату ісі бойынша сот үкімі шықты
Шымкент қаласында арнаулы ХҚКО арқылы жүргізуші куәліктерін емтихансыз заңсыз рәсімдеу фактісі бойынша сот үкім шығарды.
Бұл іс бойынша барлығы 15 адам жауапқа тартылған.
Соттың негізгі фигуранты ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №2 арнаулы ХҚКО-сының бұрынғы басшысы Жомарт Мұрашимов танылды. Алайда ол тергеу барысында Шымкенттегі тергеу изоляторында қайтыс болғандықтан, сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Соған қарамастан, сот марқұмды заңсыз сыйақы алу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды.
Нақты жаза алғандар
Сот шешімімен бес адам бас бостандығынан айырылды. Олардың қатарында арнаулы ХҚКО-ның бұрынғы қызметкерлері мен делдалдар бар. Сотталғандар 4 жылдан 6 жыл 8 айға дейін орташа қауіпсіздік колониясына жіберілді. Ал кейбір айыпталушылар Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға ілігіп, жазадан босатылды.
Заңсыз схема қалай жұмыс істеген
Тергеу мәліметінше, 2023-2024 жылдары Шымкентте жүргізуші куәліктерін теориялық және практикалық емтихансыз рәсімдеу жолға қойылған. Мұндай «қызметтің» құны 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегіне сәйкес, кемінде 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Қылмыстық топтың жалпы табысы 150 млн теңгеден асқан.
Тергеу барысында күдіктілердің үйлері, пәтерлері, жер телімдері мен көліктеріне жалпы сомасы 200 млн теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды. Қаржы мониторингі агенттігі мұндай схемалар жол қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
Ресми дерекке сәйкес, Шымкентте жол-көлік оқиғаларының саны 2022 жылғы 398 жағдайдан 2024 жылы 878 жағдайға дейін артқан. Бұл өсімнің бір себебі ретінде жалған жүргізуші куәліктерінің берілуі көрсетіліп отыр.