Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:05

Шымкенттегі мектеп бухгалтері 451 млн теңге жымқырған

Есепші
Фото: ЖИ

Шымкентте №88 мектептің бас бухгалтері 32 жастағы Мадина Буранбаева бес жылдан астам уақыт бойы оқу орнының есепшотынан ірі көлемде қаржы ұрлап келгені анықталды.

Миллиондарға жол ашқан қызмет

Өзбекстанда туған Мадина Буранбаева 2019 жылы аталған мектепке бас бухгалтер болып орналасқан. Алғашқы айларда ол небәрі 78 600 теңге көлемінде қаржы жымқырғанымен, кейін сомалар жылдан-жылға өсіп, ақыры жүздеген миллион теңгеге дейін жеткен.

Ақшаның бағыты

Тергеу дерегінше, Буранбаева ұрланған қаражаттың 176 миллион теңгесін анасынa аударған. Сондай-ақ, ол қаражатты туыстарына және құрбысына жолдап отырған. Екі фирмаға да ірі көлемде ақша аударғанымен, тіпті келісімшарт жасасып әуре болмаған.

Бухгалтер ұрланған ақшаны тек пәтер мен көлік сатып алуға ғана емес, сонымен қатар бағалы қағаздарға, оның ішінде шетелдік нарыққа да инвестициялауға жұмсаған.

Басшылықтың бейқамдығы

Мектеп директоры Ержан Тулендиев сотта өзі ештеңеден хабарсыз болғанын айтқан. Ал Шымкент қалалық білім басқармасы да жылдар бойы есеп-қисапты тексермей келген. Ақыры тек биыл мектепке тексерушілер жетіп, артынша антикоррупциялық қызмет іске кіріскен.

Сот төрайымы Айнель Орақбаева үкім шығара отырып, мектеп директоры мен қалалық білім басқармасының жауапкершілігін қарастыру жөнінде жеке қаулы шығарды. Қазір Тулендиев әлі де директор қызметін атқарып отыр.

Үкім мен қарыз

Сот Мадина Буранбаеваны кінәсін толық мойындағанына қарамастан, 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Айыпталушы өкініп, істегенін мойындағанымен, үкімге шағым түсірді.

Сот оған мектепке келтірілген шығынды бір айдың ішінде ерікті түрде өтеуді міндеттеді. Бірақ Буранбаеваның үміті – жазаны кейінге шегеру, өйткені оның кәмелет жасына толмаған баласы бар.