Шымкенттегі мұнай зауытында екі адам қаза тапты

Шымкент мұнай өңдеу зауытында қайғылы оқиға орын алып, мердігер компанияның екі қызметкері қаза тапты.
26 тамыз күні сағат 14:30 шамасында зауыт аумағында оқшаулау жұмыстарын жүргізу барысында автокран аударылып кеткен. Салдарынан мердігер ұйым – «КРС Астана» ЖШС-нің екі жұмысшысы оқиға орнында көз жұмған.
Зауыттың бас операторы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (ПКОП) қайғылы жағдайды растады.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қазіргі кезде барлық мән-жай тексерілуде, процессуалдық шешім тергеу қорытындысы бойынша қабылданбақ.
Айта кетейік, маусым айының басында Шымкент мұнай өңдеу зауыты мемлекеттік аудит тексеруіне іліккен болатын. Сарапшылар кәсіпорында сатып алуларда заңбұзушылықтар мен негізсіз шығындар анықталғанын хабарлаған еді.