Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 14 Қараша 2024

Шымкенттегі театр тойы

1
Фото: ашық дереккөз

Биыл Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының құрылғанына 95 жыл толып отыр.

 ХХ ғасыр басында шымылдығын түрген өнер ордасы қазақ өнері үшін ғасырға жуық қызмет етіп келеді. Ғасыр жасаған театр жақында 95 жылдық мерейтойын атап өтті.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 6 қарашадан 11 қарашаға дейін Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі өтті. Өнер мерекесіне Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзербайжан елдерінің театр ұжымдары қатысып, өнер көрсетті.

2024 жылғы 6 қарашада Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық Қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия, түркітілдес мемлекеттер мен Қазақстанның кәсіби театр ұжымдары қатысатын Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Екі жылда бір рет өтетін бұл фестиваль еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің мәдени өміріндегі елеулі оқиға саналады.

Шараның ашылу салтанаты Жұмат Шанин театрының 95 жылдығына арнайы дайындалған бейнефильммен басталды. Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан мегаполис әкімі Ғ.Сыздықбеков шығармашылық ұжымды мерейтойымен құттықтады.

«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деп президентіміз айтқандай, 95 жылдық тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткерген театр бүгінде мәдениет саласының маңызды рухани ордасына айналып отыр. Осынау жылдар ішінде еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі қомақты деп білемін», – деді қала әкімі.

Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қатысты. Абыз ақсақалдар алдымен Жұмат Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мерекелік шарада Шымкент қаласының әкімі театр ұжымындағы өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттады.

Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзербайжан және Қазақстанның таңдаулы театрлары қатысты. Шымкент қаласындағы өнерсүйер қауым Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры, Өзбекстан «Дийдор» мемлекеттік жастар экспериментальды театр-студиясы, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Түркияның Алания қалалық театры, Самарқанд облыстық музыкалық драма театры және Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театры сахналаған қойылымдарды тамашалады.

Өнерпаздар классикалық және заманауи қазақ драматургиясының үздік шығармаларын ұсынып, ұлттық құндылықтарын дәріптеп келеді. Театр сахнасынан майталман өнер өкілдері қанат қақты. Қазір мұнда 88 адам жұмыс істейді. Өнер саласында қажырлы еңбек еткен үздіктер Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімінің алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жоғарыда біз атаған өнер ұжымдары 6 қарашадан 11 қарашаға дейін Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», Х.Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны», П.Сейидлидің «Киллерден телеграм», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ш.Айтматовтың «Лувр үйрегі», Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», А.Навоидің «Ләйлі-Мәжнүн» және А.Гильязованың «Қар астындағы қайнар бұлақ» туындыларын көрермен назарына ұсынды.

Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Қарақалпақстан және Қазақстан театрлары қатысып, 9 қойылым өзара бақ сынады. Фестивальде қазылар алқасы ұсынылған 9 қойылымды тамашалап, оларды мұқият сараптаудан өткізді.

Нәтижесінде, жоғары кәсібилік танытып, көрермен қошеметіне ие болған «Үздік спектакль» сыйлығы Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліне бұйырды. Айта кетейік, театр фестивалінің қазылар алқасының құрамында Румыния, Әзербайжан, Грузия елдерінен шақырылған белгілі адамдар болды. Ал сайыстың бас қазысы Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Сондай-ақ фестиваль аясында театр мамандарының кәсіби әлеуетін жоғарылату мақсатында Шеберлік сабақтары өткізіледі. Атап айтқанда, Е.Б.Вахтангов атындағы театр режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін жеңімпазы Юрий Бутусов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Наремгенова, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының директоры Бури Ганиев сияқты театр мамандарының шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Фестивальдің қорытындысы мен жабылу салтанаты 11 қараша күні сағат 18:00-де Шымкент қаласындағы «Tulip Hall» мәдениет сарайында өтті. Онда үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар марапатталады.

Біз Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбекке хабарласып, Шымкенттегі Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі қалай өткенін сұрадық.

«Бұл – театрымыздың дәстүрлі фестивалі. Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі театрымыздың 95 жылдығына орай өте жоғары деңгейде өтті. Қолдау көрсеткен ұйымдарға ризашылығымызды білдіреміз. Іс-шара қала әкімінің тікелей қолдауымен өтті. Қаржылай да көмек көрсетілді. Фестивальге келген қонақтардың бәрі риза болып қайтты.

Сондай-ақ қазылар алқасының шешімі де өте әділ болды деп есептеймін. Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклі көрермендердің көбіне ұнаған еді. Соған бас жүлде бергені өте орынды болды деп ойлаймын. Бас жүлде иегеріне мәдениет және ақпарат министрлігі белгілеген сыйақыға Шымкент қаласының әкімдігі де қаржы қосып, 3 миллион теңге берді. Мен білсем, бұл фестивальде бұрын-сонды мұндай көлемде сыйақы берілмеген. Ал бірінші орын алған қойылым 1,5 миллион теңге көлемінде жүлде алды. Шетелден келген театрлардың қаржылай тұрғыда қомақты жүлде алып жатса, қуанатынымыз анық.

Басқа елдің театрлары да өз мүмкіндігіне, өз деңгейіне қарай қойылымдар алып келді. Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театрының спектаклі де көпшілікке ұнады. Өте кәсіби деңгейде дайындалған екен. Осылайша, жап-жақсы қойылымдар көріп, жоғары деңгейдегі театр фестиваліне куә болдық.

Оның үстіне осы жолы фестивальге халықаралық «Түркісой» ұйымы да атсалысып, төрт адамға марапат тағайындады. Біздің театрымыз Шанин туралы жазылған менің «Атжалман ғасыр» пьесамды қойған. Театрымыз Шанин атында болғандықтан, келген қонақтарға Шанин туралы фильм көрсетілді. Сол қойылымда Шаниннің әйелін ойнаған актриса «Ең үздік актриса» атағын алды, ал Шаниннің рөлін сомдаған актерге «Түркісой» ұйымының арнайы сыйлығы мен Шымкент әкімнің арнайы жүлдесі (500 мың теңге көлемінде) берілді.

Біздің қолымызда театр 1924 жылы жұмыс істегені жайлы дерек бар. Бірақ біз ол жылға дейін бармай-ақ, 1929 жылы театр маусымы ресми ашылғаны жайлы газеттерге шыққан ақпаратқа сүйеніп, театр тарихын 1929 жылдан таратып жүрміз. Кеңес кезінен қалған деректерде Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылды делінген. Бірақ театр тарихына тереңірек үңіліп, мұрағат құжаттарын қарай отырып, қазіргі датаға тұрақтадық. Соған сай театрымыздың 95 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз», – деді театр маманы.

Қуан Өмірхан

Шымкент

Тегтер: