Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:33, 23 Шілде 2024

Шымкенттегі жекеменшікке өткен саябақ қашан үкімет қарамағына қайтарылады?

Кең баба

Шымкентте «Кең баба» этносаябағы деп аталатын ерекше орын бар. Ол жер ғасырмен құрдас көне ағаштарымен көз тартады. Онда барған адам ХХ ғасырдың басында шіркеумен бірге іргесі қаланған емен аллеясымен жүріп өтуге мүмкіндік алатын.

«Кең баба» этносаябағындағы ағаштардың кейбірінің жасы бір ғасырдан асып кеткен деген ақпарат бар. Саябақта емен, шынар, терек, қарағаш сынды ағаштар өседі. Саябақ ХІХ ғасырдың соңында қоғамдық шіркеу бағы болған, кейін Кеңес өкіметі кезінде ол жерде пионер үйі мен пионер саябағы ашылған.

ХІХ ғасырда Шіркеу бағында Никольский кафедралды шіркеуі (қазіргі қуыршақ театры) салынады. Аталған шіркеудің жобасы ерекше, ол өлкеде салынған ғибадатханалардың ешқайсына ұқсамайды.

Ең өкініштісі, осындай керемет мәдени орын 1999 жылы Шымкент қаласы әкімінің шешімімен жеке қолға өтіп кеткен. Жалпы көлемі 3,9272 гектар болатын жер телімі «ЧПКФ «Сапар» ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыру мақсатында 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген.

Бірақ жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын құрамыз деп жер телімін алған кәсіпкерлер уәдесінде тұрған жоқ. Бастапқы жоба орындалмай, саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналды.

Одан да жаманы, коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойы өсіп тұрған ескі емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар жатқызылған. Жалға алушылар уәде етілген балалар орталығы жасалған жоқ.

Жаңадан ештеңе салынбағанымен қоймай, бұрыннан бар тегін ойын алаңдары, әткеншектер қиратылды. Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, азаматтардың наразылығын туғызды. Осыдан соң қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады.

Әрине, саябақты мемлекет меншігіне алатын уақыт жеткен. Өйткені 1999 жылы жасалған жалға беру шартының мерзімі әлдеқашан аяқталған болатын. Әу бастағы шарт бойынша келісім 2014 жылы аяқталуы керек еді. Одан бері де он жыл өтіп кетті.

Шымкент қаласының әкімдігі осы жағдайларды негізге алып, «Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне қайтару мақсатында белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір бұл мәселе бойынша бірнеше сот отырысы өтіп, нәтижесінде, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі расталып, өзгеріссіз қалды.

Бірақ бұл саябақ мемлекет меншігіне өтті дегенді білдірмейді. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар әлі көп. Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, «Кең баба» саябағының аумағы үшінші мегаполистегі «жасыл аймақ» болып белгіленген. Бірақ сот процесі аяқталғанға дейін бюджет қаражатын әкімдікке тиесілі емес нысандарға жұмсауға болмайтындықтан, дәл қазір заң шеңберінде саябақты абаттандыру, көгалдандыру мүмкін болмай отыр.

Жергілікті тұрғындар саябақтың сын көтермейтін жағдайына наразы болып, әлеуметтік міндеттемелерді орындай алмаған бизнес өкілдерінің әрекетіне арыз-шағымдарын жеткізуде. Жоғарыда аталған проблемаларды негізге ала отырып, Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер бөлігін беру және кейінгі мәмілелер туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысының күшін жою бойынша талап-арыз жолданды.

2024 жылғы 30 сәуірдегі сот шешімімен департаменттің талап-арызы қанағаттандырылды. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды.

Сот шешімімен жалға беру шартының күші жойылды. Сот демалыс орнын жаңғыртуға бағытталған жобалар жүзеге аспай, жер учаскесі талан-таражға түскенін негізге алды. Мамандар саябақ жекенің меншігіне жалға берілгеннен кейін оның аумағынан мейрамхана мен дәмхана көптеп салына бастағанын алға тартты. Ал балалар үшін орнатылған әткеншектердің қауіпсіздігі күмән туғызып отыр. Кәсіпкерлер жер телімін қоршап алып, жаяу жүргіншілерге арналған жолды тарылтып тастаған.

«Балаларға арналған кейбір аттракциондардың тегін болуы, аумақта балаларды дамыту орталығы болуы керек еді. Бұл кісілер өз міндеттемелерін орындамады. Керісінше, ағаштарды кесіп, брусчатка көбейтіп, бетон, тас көбейтіп тастаған. Қайтару бойынша апелляциялық инстанция, бірінші инстанцияның күшінде қалдырған», – дейді Шымкент қалалық сәулет және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдешов.

Осылайша, «Кең баба» саябағы ішінара мемлекет меншігіне қайтарылды. Саябақ мемлекет меншігіне түпкілікті қайтарылғаннан кейін әкімдік алдында жасыл аймақты қалпына келтіру, тұрғындардың отбасылық серуеніне жағдай жасау міндеті тұр. Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарының мүддесі үшін бұл жобаны сәтті аяқтап, «Кең баба» саябағын қалпына келтіруге бар күш-жігерін салмақ.

Біздің елде дәл осы «Кең баба» саябағы сияқты заңды-заңсыз жолдармен жекенің қолына өтіп кеткен нысандар аз емес. Мұндай орындар жалғыз Шымкентте ғана емес, республиканың әр өңірінен табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаппай жекешелендіру және одан кейінгі кездегі кейбір шенділердің орынсыз әрекеттерінің салдарын жою оңайға соқпайтын сияқты. Мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс нысандар әлі көп.

Қуан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: