Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:40

Шымкенттегі жол үстіндегі өліммен аяқталған төбелес: тағы үш күдікті ұсталды

Жастар театры
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте жол апатынан кейін адам өліміне әкелген қанды төбелеске қатысты тағы үш күдікті ұсталды.

 Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Талғат Есімов мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, күдіктілерді Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлері ұстаған.

 «Василий Колесниковты қазасы бойынша тағы үш күдікті ұсталды. Олар Түркістан облысының Түлкібас ауданы аумағында жасырынып жүрген», – деп жазды Талғат Есімов.

Бұған дейін, 21 қаңтар күні полиция адам өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша төрт ер адамның ұсталғанын хабарлаған болатын.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Оқиға қалай болды?

20 қаңтар күні Шымкент қаласында Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, оған үшінші көлікпен келген адамдар да қосылған. Төбелес барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алған.

40 жастағы ер адам алған жарақатынан көз жұмды, тағы бір азамат ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған. Қазіргі таңда ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.