Шымкенттік әскери қызметшілер Мәскеудегі турнирге қатысады

Қазақстандық әскери-спортшылар – елдің қорғаны ғана емес, спорттық аренада ел абыройын асқақтатып жүрген нағыз кәсіби жауынгерлер. Олардың табысы – әскери тәртіп пен спорттық рухтың тоғысуының жарқын үлгісі.
Әскери қызметшілерді кәсіби деңгейде спортқа дайындау үшін ҚР қорғаныс министрлігі жанынан Армия орталық спорт клубы құрылған. Бұл клубтан әлем және Азия жеңімпаздары шыққан. Қорғаныс министрлігі әскери спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, спорттық инфрақұрылым мен оқу-жаттығу жиындарын жүйелі түрде ұйымдастырып отырады.
Қазақстандық сарбаздардың спорт саласындағы жетістігі жайлы жиі естиміз. Әсіресе кейінгі жылдары әскери-спортшылардың әлемдік аренадағы жеңістері айтарлықтай көбейді. Олар ішкі және халықаралық аренада түрлі спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Қару мен спортты қатар алып жүрген ұландарымыз тамыз айында екі ірі турнирде бақ сынайды. Оның бірі – Ресей астанасы Мәскеуде, екіншісі – өз елімізде өтеді.
Шымкент қаласында орналасқан әскери бөлімшелерде қызмет ететін спортшылар жауынгерлік дайындықпен қатар, спорттық шеберліктерін шыңдауға да ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда шымкенттік әскери самбистер 2025 жылдың тамыз айында Мәскеуде өтетін халықаралық армия турниріне қызу дайындық үстінде. Бұл дода – ТМД елдерінің ойындары аясында өтетін беделді жарыстардың бірі. Мұнда бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған елдердің ең мықты спортшылары бас қосады.
Қазақстандық спортшылардың бұл турнирге тыңғылықты дайындалуы – еліміздің Қарулы Күштерінің кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Әсіресе Шымкенттен шыққан жауынгерлер ел намысын абыроймен қорғауға бекем бел буған.
Сондай-ақ биыл 14–15 тамыз күндері еліміздің елордасы Астана қаласында алғаш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтпек. Бұл тарихи оқиға – Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ірі спорттық іс-шараны Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігіне қарасты спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы мен туризм және спорт министрлігі бірлесіп өткізеді.
Чемпионатқа қырыққа жуық елдің өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл қазақ күресінің халықаралық деңгейде кеңінен мойындала бастағанының айқын көрінісі деп бағалауға негіз бар.
Қазақ күресінің әлемдік спорт картасындағы орнын бекемдеу мен ұлттық дәстүрімізді дәріптеуде бұл чемпионаттың орны ерекше болмақ. Қорғаныс министрлігі спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, ұлт рухын ұлықтауға да зор үлес қосып келеді.
Спорт арқылы сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеріп, отансүйгіштігін нығайтуды мақсат еткен бұл бастамалар – Қазақстан Қарулы Күштерінің жаңаша серпін алып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстан Қарулы Күштері құрамындағы спортшылар бұған дейін жауынгерлік самбодан, дзюдодан және қазақ күресінен халықаралық жарыстарда топ жарған. Мысалы, 2023 жылы әскери самбистер Ресейде өткен армия турнирінде жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ ҚР қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің тәрбиеленушілері Азия және Әлем чемпионаттарында үнемі үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
Қазақстан әскери спортшылары Халықаралық әскери спорт кеңесі ұйымдастырған спорт түрлерінен, соның ішінде жеңіл атлетика, бокс, күрес, су спорты және оқ атудан сәтті өнер көрсеткен болатын. Қазақстан 2023 жылы алғаш рет CISM аясында әскери марафон ұйымдастырып, халықаралық қатысушылардың жоғары бағасына ие болды. 14–15 тамызда Астанада өтетін әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты да CISM-нің қолдауына бөленіп, халықаралық деңгейге шықты.
Еламан Өмірхан
Шымкент