Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:50

Шымкенттің экс-әкімі «Самұрық-Қазына» құрылымына қызметке келді

Ғабидолла Әбдірахымов
Фото: Gov.kz

Дау-дамаймен аты шыққан Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидулла Әбдірахымов «Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымында жоғары лауазымға тағайындалды.

Енді Әбдірахымов Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамының басқарма төрағасының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Оның Түркістан облысындағы парогаз электр станциясының құрылысына жасаған жұмыс сапары компанияның әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған видео мен фотолар арқылы белгілі болды.

Қордың ресми сайтында бұл тағайындау әзірге көрсетілмегенімен, баспасөз қызметі Әбдірахымовтің жаңа қызметке 2025 жылғы 29 желтоқсанда кіріскенін растаған. Бұл экс-әкімнің соңғы бірнеше жылдағы алғашқы қоғам алдындағы бой көрсетуі.

Дау-дамай көлеңкесіндегі мансап

Ғабидулла Әбдірахымов бұған дейін Шымкент қаласының әкімі, кейін мәдениет және спорт вице-министрі қызметтерін атқарған. Алайда 2021 жылдың күзінде мемлекеттік қызметтен кеткен.

Ол қоғамға ең алдымен резонансты мәлімдемелері мен даулы оқиғаларымен танылды. 2019 жылы Лондонда түсірілген видео мен Арыс қаласындағы жарылыстан кейінгі митинг кезінде айтқан «ер адамдар әйелдерін басқаруы керек» деген сөзі қоғам сынына ұшырап, сол жылы қызметтен кетуіне себеп болған.

 Қылмыстық істер мен айыптаулар

2023 жылы кәсіпкер Сайдулла Қожабаев Әбдірахымовті, сондай-ақ экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовті және өзге де тұлғаларды аса ірі көлемдегі алаяқтыққа айыптаған. Оның айтуынша, аталған адамдар оның мүлкін заңсыз иемденген. Іс материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жолданған.

Сонымен қатар, Әбдірахымовтің есімі 2,8 млн доллар пара туралы істе де аталды. Бұл іс Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповқа қатысты қозғалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қаражат тендерде жеңіске жету үшін берілген болуы мүмкін. Сотта жарияланған әңгіме стенограммасында Аюпов Әбдірахымовты «оңай отырғызуға болады» деп сипаттап, оның белгілі бір нысандар мен компанияларға иелік ететінін айтқан.

 Компанияның өзіндегі жемқорлық ізі

Айта кетерлігі, Samruk-Kazyna Construction компаниясының өзі де соңғы уақытта ірі қаржылық даулармен аты шықты. Бірнеше ай бұрын Астанадағы сот «Дорстройтрест» ЖШС басшысы Ерден Нұрабаевты жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, компания тұрғын үй кешенін салу үшін мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударған, алайда құрылыс аяқталмаған. Қаражаттың бір бөлігі өзге қарыздарды жабуға, көлік сатып алуға жұмсалса, 650 млн теңге жалған келісімшарттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сот шешімімен 131 млн теңге көлеміндегі мүлік тәркіленді.