«ШЫН ЖҮРЕК – БІР ЖҮРЕК...» (Һашия)
Шын жүрек – Бір жүрек, Қайта толқып, Жолдан қорқып, Айнымас. Абай.
Сарыла отырып санап шыққанымда, Абай өзінің шығармаларында «жүрек» деген сөзді 167 реттен аса қолданыпты. Ал сол «жүректің» баламасы не ауыспалы мағынасы ретінде қолданылған көңіл, көңіл кірі, кірлі көңіл, күпті көңіл, бұла буын, ысынған кеуде, булыққан тұла бой, жан, тән, тағы да басқа телімдерді қоссақ, оның саны екі еселенбек. «Телміріп, терең ойдың соңына» түсіп, тек «жүректің» өзін ғана Жүрек-Қалб философиялық жүйесінің ұғым-категориялары туралы оқымыстылардың арлы-берлі айтылған ойларымен салыстырып қарағанымызда, бұл 167 жүректің 167 түрлі мағына мен көңіл күй ауанын беретініне көзіміз анық жетті. Соны, қысқаша һашия түрінде пайымдап, назарға ұсынуды мақұл санадық.
Абайдың поэзиясы мен пәлсафалық рисаларындағы 167-ден астам рет қолданылған:
«Жүрек», «орныққан жүрек», «қуатты жүрек», «ынталы жүрек», «сауатты жүрек», «ыстық жүрек», «...ыстық тиген жүрек», «қозғаушы жүрек», «бұла жүрек», «асау жүрек», «асыл жүрек», «долы жүрек», «...әлек жүрек», «қайратты жүрек», «іскер жүрек», «жүрек ісі», «миды тербеп оятатын жүрек», «ақылдың сауыты – жүрек», «ұйылы-ояу жүрек», «қозғаушы жүрек», «раһит «нұр» құятын жүрек», «ақ жүрек», «арлы жүрек», «ұятты жүрек», «ұялшақ жүрек», «дәмелі жүрек», «сынғыш жүрек», «толқымалы жүрек», «саусақты жүрек», «арынды жүрек», «алқынған жүрек», «дос жүрек», «момын жүрек», «жуас жүрек», «жасық жүрек», «мінезді жүрек», «қас жүрек», «қызықшыл (хикметшіл) жүрек», «қызба жүрек», «қызулы жүрек», «шошынған жүрек», «суылдаған жүрек», «жомарт жүрек», «құбылмалы жүрек», «жас жүрек», «жаралы жүрек», «... із қалған жүрек», «қызықты жүрек», «сорлы жүрек», «ит жүрек», «ет жүрек», «ұйқылы жүрек», «ояу жүрек», «жылы жүрек», «жұмсақ жүрек», «өрт жүрек», «отты жүрек», «жанған жүрек», «жалынды жүрек», «өртенген жүрек», «мұз жүрек», «улы жүрек», «дертті жүрек», «ауру жүрек», «ыстық жүрек», «балқыған... жүрек», «суыған жүрек», «қан жүрек», «жан жүрек», «қам жүрек», «әз жүрек», «сезгіш жүрек», «сезімтал жүрек», «лүпілдеген жүрек» «...суылдаған жүрек», «...соғушы жүрек», «...тербелген жүрек», «дүрсіл қаққан жүрек», «толқынды жүрек», «толғанған жүрек», «алқынған жүрек», «алас ұрған жүрек», «тыңдамайтын жүрек», «теңіз жүрек», «қайғылы жүрек», «мұңлы жүрек», «өкпелі жүрек», «өнерлі жүрек», «таза жүрек», «күйген жүрек», «сүйген жүрек», «айна жүрек», «айналы жүрек», «көзі бар жүрек», «қалыпты жүрек», «тыңдаушы жүрек», «майда жүрек», «...түртілген... жүрек», «түпті жүрек», «тексеруші жүрек», «байқағыш жүрек», «сақ жүрек», «жамау жүрек», «(қосылған) жүрек», «қорқақ жүрек», «кескіленген жүрек», «кірлі жүрек», «кірлеген жүрек», «ғаділетті жүрек», «таза жүрек» «іңкәр жүрек», «тән жүрек», «жан жүрек», «шын жүрек», «бір жүрек», т.б. деген теңеулермен;
«Жүрек айнасы», «жүректің көзі», «жүрек оты», «жүрек қаны», «терең жүрек», «жүректің түбі», «жүректің басы», «жүректің сауыты», «жүректің қанаты», «ұйықтап жатқан жүрек», «жүректің ақылы», «шешімді жүрек», «ызалы жүрек», «жұмсақ жүрек», «жұмбақ жүрек», «жүрек қалыбы», «жүрек ісі», «қуаты күшті жүрек», «тоқтаған жүрек», «кірлеген жүрек», «кірлегіш жүрек», «жүректен күлу», «қорықпас жүрек», «жаужүрек», «жұмбақ жүрек», «айнымас көңіл (жүрек)», «босанбас буын (жүрек)», «Тіл жүрек (Жүректің тілі)», «ұмыт жүрек», «жүректі», «әншейін жүрек», «қасқыр жүрек», «әлекшіл жүрек», «жігерлі жүрек», «қайратты жүрек», «байлаулы жүрек», «жан жүрегі», «тірі жүрек», «елжіреген жүрек», «еріген жүрек», «би жүрек», «жүрек суреті», «жүрек қуаты», «тулаған жүрек», «қайнаған жүрек», «әлекшіл жүрек», «кіршіл жүрек», т.б. деген ұғымдық тіркестер сол шүйкелеуге түскен көркем жүйенің жүйке тамырлары.
Бұл тіркестер мен ұғымдар көркем оймен, «сұлу сөзбен», астарлы, емеурінді мағынамен, ырғақпен, ұйқаспен өрнектеліп барып тұтас бір көркем жүйеге айналып, шығармашылық мазмұнға ие болады. Өзіне тән дербес көркем жүйесі болмаған талант – кемел, толық тұлға емес. Ақыл-ойдың көркем ойлау деңгейіне жете алмаған, бірақ көрнекті тұлға ретінде бағаланады. Бұл реттен алғанда, Абай – мұқым жаратылыстық сифаттармен тамырласып жатқан өзіндік қабылдау, санада саралау және бейнелеу жүйесі бар әлемдік дара дана.
Ал енді, турасына көшкенде, Жүрек-Қалб философиялық жүйесі – ұлы жүйе. Абайдың пайымдауынша да Жүрек – мынау мұғжизалы қилы-қилы құбылысты дүниенің әсерін қабылдап, оның астары мен мағынасын сана сарасынан өткізіп, соның сырын бейнелеп жеткізетін көркем ойлау жүйесі. Жаратқан иемнен, оның тоқсан тоғыз сифаты мен құдіретінен бастап, мұқым Он сегіз мың ғаламды, жан мен тәнді, дүниенің мағмұрлығымен қоса «адам ұлының мінездерін» қамтып, «махаббаттың төлеуін – махаббатпен» қайырған қайырым иесі. «Отыз сегізінші сөздегі»:
«Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім!» – деген қаратпа сөз Абайдың бүкіл көркем ойлау жүйесінің жиынтығы болып табылады.
Өйткені адамның негізі – Тән мен Жан. «Тән – жанның қонағы», яғни затиялық бітім. Тірліктің көзі – Жан. Ал жанның өзіне жан бітіретін субутиялық қасиет – жан қуаты. Жан қуаты мен ділінің шарпысуынан ақыл тумақ. Сол ақыл мен қуаттың қормалы – жүрек. Сондықтан да, Абайдың ойлау жүйесі мен көркем әлемінің айнасы – осы үш бірліктің санадағы дидары. О баста өзіне құдірет сифатымен тумыса біткен бұл жауапты артықшылықты жүрек те біледі. Біліп тұрып сол қасиеті үшін өзі тұтқасын ұстаған ақыл мен қайраттың менменсінуіне налып:
«Мен адамның денесінің патшасымын, қан – менен тарайды. Жан – менде мекен қылады. Менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсек те, жылы үй де тамағы тоқ жатқан кісіге: төсексіз – кедейдің, тоңып жүрген – киімсіздің, тамақсыз – аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен. Бірақ (адамдар) мені таза сақтай алмайды, ақырында (өздері) қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады. Менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – деп масаттануы орынды.
Мақтан емес, өзін басынғысы келгендерді орнына қою, өзін, яғни жүректі сыйлата білудің амалы. Егер де, соншама құдіретті сифатқа ие бола тұрып, ақыл мен қайрат жүректі сыйламаса, онда Шариғат та, Тариқат та, Мағрифат та жоқ. Ақиқаттың фирдауыс қақпасын да аша алмайды. Жаратқан ием жаратқан жаратылыста да қасиет қалмайды. Пендесіне иман ұйымайды, қайырым бұйырмайды. Арын сатып, ақылдың айласымен адамзатқа қарсы амал тапқан адам, қайрат бойына біткен қуат-күшті пайдаланып, дүниені бүлдіріп тынар еді. Бұл риуаияттың тәмсілі де осы болса керек. Шындығында да, мынау фәнидің бар адами жауапкершілігі жүрекке салмағын салады.
Жүректің тіршілікке қатысты затиялық міндеті өз алдына ұшан-теңіз әрі жан-жақты. Ал оның жан қуаты тұрғысынан алғандағы субутиялық парыз-сүндеттері және оған қойылатын талаптар Шариғатты да, Тариқатты да, Мағрифатты да, тіпті Ақиқатты да қамтиды. Біз, тек Абайдың пікір-пайымдауымен таратылатын пікірлерге, соның ішінде, ақыл, қайрат, жүрек мәселесіне қатысты жалпылама берілген тассаууфтық анықтама-ұғымдарды атап өтумен ғана шектелеміз.
Тасаууфтың қағидаттары бойынша:
Жүрек – жақсылық пен жамандықтың, тақуалық пен күнәнің, яғни періште мен шайтани күштердің ғарасат майданы. Яғни қалау қабілеті мен құмарлықтың (нәфсінің) қарама-қарсы қозғалысы. Құран – жүрекке түскен. Сондықтан да, жүрек – иманның орыны.
Жүрек – тән мен рухани жан дүниенің де ұясы және таза қанды тәнге таратушы қуат. Егер қан айналымы төрт секунд тоқтайтын болса, жүрек тоқтайды.
Жүрек – Ақиқат пен Хақтың құбылнамасы.
Жүректің досы – қанағат, дұшпаны – күпірлік.
Жүрек және оның рухани жаратылысының атауы – көңіл.
Ихсан дәрежесіне жеткен жүрек – тірі жүрек.
Нәфсіге құмар жүрек – мөр басылған өлі жүрек, надандық пен өтірік билеген, сезімнен ада, қанағатсыз жүрек – ауру жүрек.
Жүректің он сегіз мың ғаламнан алатын орны, ықпалы, ақыл, мінез тәрбиесі, ар тазалығы, иманды ұйытатын жүрек мәйегі, оның игілікті сақтап қалу жолындағы амал-әрекеті, Шариғаттық, Тариқаттық, Мағрифаттық сыпаты ислами ойлау жүйесінің ең бір құнарлы да мағыналы «Қалб» (Жүрек) категориясында толығымен және сондай бір нәзік те алғыр сезіммен түсіндіріліп берілген. Абай жиі қолданатын: «Жүректің қалыбы», «Жүрек қалпы», «Жүрек қалпыңда таза сақта» деген сөз тіркестері осы «қалбті» – жүрек категориясын білдіреді. Біз, жоғарыдағы таңдалып алынған анықтамалардың әрқайсысының терең философиялық мәнге ие екендігін аңдату үшін өзінің өлеңінде арнайы тоқталған «ауру жүрек» ұғымына аз аял етеміз.
Сонымен:
1. «Қалб-и салим» – «Таза жүрек», нәфсіден толық тазарып, иман ұйыған жүрек.
2. «Қалб-и мүниб» – «Шын жүрек», фәнидің қызығынан бақидың сынағын жақсы көрген, «ахирет азығын», Абайша айтқанда, «жол азығын» толық жинаған пенде.
3. «Қалб-и мүтмайн» – «Қанағатшыл жүрек», жамандықтан жиіркеніп, жақсылықты ұстанатын жүрек.
4. «Мөр басылған жүрек» – иманның есігі жабылған, іс-әрекеті хайуанмен тең өлі жүрек.
5. Науқас (ауру) және ғапыл жүрек» – фәнидегі өмірі күйінішпен, күмәнмен, тұрақсыздықпен, жаны азапқа түсумен өтетін, ішкі дүниесінде тыныштық жоқ: күмәнға, надандыққа, құмарлыққа, ашкөздікке, әдепсіздікке, қаттылыққа бой алдырған рухани дертке шалдыққандар.
Оларды, Иман – төрге жетелейді, имансыздық – көрге жетелейді.
Міне, өзі барынша ашық сынаған мінездерден арылмаған, жаны азап шегумен өткен пенденің жан азабын Абай өзінің «Ауру жүрек» атты өлеңінде барынша шынайы шіміркеніспен суреттейді. Ол ар сотына түскен жаһил жанның қан қысымы мен жан азабын:
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түнде де тыншыға алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауыр көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін.
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, ол білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығара алмай, –
деп суреттейді.
«Ауру адамның» ар-ұяты өртенген, кеудесінде ар-ожданның күйігі қалған. Арлы емес, бірақ арсыз болудың амалын таппайды. Ұстамдылық, сабыр, қанағат, тәуба, төзім жоқ. Күнәһар болса да, күнәсіз боп көрінгісі келетін қылымсыған алмағайып күн көрістің иесі. Өлі де емес, тірі де емес, алмағайып тірі өлік.
Міне, Абайдың бір «ауру жүрек» ұғымының өзінде осыншалықты фәни мен бақидың арасын қамтитын астар жатыр. Оның әдібін жазып, «жүрегінің түбіне терең бойлап» түсінген адам ғана Абайдың «жұмбағын» түсінеді. Ол «жұмбақ» мұнымен ғана шектелмейді.
Абайдың ақыл-ой ілхамы – «Махаббатпен жаратқан адамзатты», «Әкесінің баласы – адамның дұспаны, адамның баласы – бауырың» деген дүниеауилық ұстаным. «Ақылдың сауыты», «жүрегімнің қуаты, перзенттерім!» деп Абайдың барлық пенде атаулыны бауырына тарта қамтуы және арнайы «адам ұғлының мінездері туралы» ядгар қалдыруы да сондықтан. Ақыл мен қайратты қалыс қалдыра тұрып, оның тек қана «жүрек» сөзі мен ұғымын қолданудағы психологиялық желісі мен ой ырғағын ғана қарастырсақ, «жүрек» ұғымы оның көркем бейнелеу жүйесінде соншалықты тиянақты сыпатқа ие екендігін аңлау қиынға соқпайды. Жалпы, «жүрек» ұғымын осыншама биік ақыл деңгейіндегі көркем жүйені құралы еткен талант әлемдік ой адамдарының арасында да сирек құбылыс. Дегенмен де, тәмсілден – тәмсіл тудырмас үшін, біз Абайдың әртүрлі сана арпалысы мен жанталасы тұсында адамның көңіл күйінің, ақыл ауанының, жан қуатының Һал күйін (исламиятта бұл өзі мұғжизалық сифаты бар аса ауқымды және өте маңызды философиялық категория) бейнелеп жеткізген жүрек ахуалына байланысты ядгарларын дәйек ретінде үш түрлі желіге жүйелей түсіріп, сөзбе-сөз ұсынамыз:
Жүректің харакетіне тән бірінші һал-күй: Егер, «Жүректің көзі ашылып, «Хақтықтың сәулесі түсіп», «іштегі кірді жуса», «адамның хикмет кеудесі (жүрегі)» тазарады. «Ол сәуле болмаса, наданның көңілін қараңғылық пердесі басып тұрады». Онда адам «ақылдан бойын қашық ұстайды», ойында тек «бір-ақ шаруа – өзінің күйбің тіршілігі» ғана болады.
Ал Ақыл – «қуатты ойдан бас құраса» ғана, «сөз еркеленіп, еркін шығады» (яғни жүректің қуаты болмаса ақыл өз бетінше дербес бас құрай алмайды). Сондықтан да, «Дүние (өзінің) барша қуатын (бар салмағын) Өнерге (жүрекке) салады. Өйткені «Жүрек – ақылдың сауыты». Жүрекпен сүю арқылы «Махаббат қылса да Тәңірі жарылқасын» үшін істейді. Өйткені «Шын жүрек – бір жүрек».
Екінші һал-күйі (Жастық қуаты): «Жастықтың оты (қуаты) жарқылдап, жүректі түртіп қозғайды». Қандай да болмасын, бір мезет «асау жүрек қайнамай», «іс те бітпейді». Жүрек дер кезінде мінез көрсетпесе, «жуасып», жасып кетер еді. Мұндайда, «жүрек әділдік пен ақылға сүйеніп, қайраттың дегеніне көнеді». Бірақ «жүрек өз еркімен ешбір дүниеге тимейді». Ол, «Жас жүрек» шын адал ниетімен «алыстағы Айға талпынып, саусағын жаяды».
Егер де, «жас жүректің толқынын дөп баспасаң», ол «ақ жүрегіңнің өзін ұнатпайды». Тек «қалауын тапсаң ғана «мұз жүрегі май сықылды ериді». Егер, еріксіз «қор қылуға Құдіреттен бұйрық арқылы өрт (қатер) түссе (келсе), онда «жас жүрек жай таба алмай жанады», «Тұла бойды жылытқан ыстық жүрек өз-өзінен толғанып барып», «Құдіреттің» бұйрығын алқынады».
«Жүрегі жұмсақ білген құл ғана, Жүректің отын сөндірмейді, керісінше, жүректің көзін ашады». Хақтықтың сәулесін түсіреді. Іштегі кірді кетіреді. Егер де, «жүректе айна жоқ болса», онда «мұның бәрі бос сөз». «Жүректі лүпілдетіп, Жүректі алас ұрғызып, Жүректен қозғайтын» және «Жүрекке құйылып, жан рахатына бөлейтін бір рағит сәуле бар».
Мүмкін, Махаббат деген осы шығар.
Үшінші һал-күй: Жүрек – өмірдің «жүрегіңді қан қылатын» қиын да қилы-қилы құбылыстарына тап болуы мүмкін. Ондайда: «Жаужүрек, жомарт, құбылмайтын, жүрек жалыны суынбайтын, жалтаңдаған (жайтаңдаған) жас жүрек: «Байғұс-ай!» дегенді жақтырмайды. Сондай сәтте жүректің достары «қайрат пен ақыл жол табады». «Қашқанға да, қуғанға да әділет пен шапқат» кесім айтады. Болмыстық түйсік солай. Өйткені «Бастапқы екеуінсіз» жүректің «Алды – жалын, арты – мұз». Сондықтан да, «Шошынып, суылдап, елжіреп тұрған шын жүректі» «қорқытпай орнықтыру» – ақыл мен қайраттың парызы.
Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі.
«Көздің жасы, жүректің қанын» сол екеуі – ақыл мен қайрат қана құрғатып, «іштің мұзын ерітеді». Одан өзге жүрек дәмететін» жақсылық жоқ».
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Бұл жақсылықтың өтеуі мынау: «бастағы ұйықтап жатқан миды жүрек тербеп оятады», ал «ұйықтап жатқан жүректі әнмен оятады». Сонда ғана «жылы жүрек қозғалмақ». Қозғалып барып: «Көрген-білгенін әділет пен ақылға сынатып, солардың сөйле дегенін алыс, жақынға білдіреді». Сондықтан да, «ынталы жүрек, шын көңілдің» иесі:
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
Асыл ойдың тереңіне бойласаң ғана: «Ақылды, асыл, сөзі майда жүректің» «ізі кетпес қызығын көресің». «Тулағыш мінезіңнің» долы күйімен «жүректің басынан у төгілгендей» болса да, «жүрекке сеніп, жылауға да, сенуге де болады». Ізгілікке «іңкәр жүрек» кек сақтамай «ұмытуға ұмтылады». Тек: «ет жүрексіз еріннің сөзін айтпа», шынға жүгін. Әйтпесе, «қайран жүректің мұзы» ерімейді. Егер «жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды» оятпаса, «ақылға сәуле қонбаса», онда «хайуанша жүріп» күнелтпексің. «Ақыл қайраттан аспаса, тереңге бармай, үстірт» қалқисың. Еріксіз:
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің,
Өмір қайда, дос қайда? –
деп күйінесің.
«Жүрегім, соқпа, кел тоқта», – деп, «көзіңе жүр-жүрлеп жас келіп», күйінбес үшін, әуелі:
Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?
Соны түгенде. Ол үшін «сынық көңіліңді» жұбата отырып, «жүрегіңді байқа» (тексер), егер «иненің жасуындай» кір болса да «аршып алып таста». Сонда:
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Бұл тәмсілдерге қарап, жүректің міндеті – тек жабырқау, жабығу сияқты көрінуі де мүмкін. Үнемі қайғыруға тән де, жан да шыдас бермейді. Абайдың:
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең – бер десе,
Үміт етер таласып, –
дегені соған дәлел.
Серпілген, сергек жүректің қанаты – көңіл күй. Сондықтан да, Абай сергек, жеңіл, адами сезімдерге қарата жүректің орнына «көңіл» деген сөзді жиі қолданады. Айтылып, жазылуы басқа болғанымен де, екеуі де бір көркемдік жүйенің балама ұғымдары. Тек «жүрекке» – тәңірі текті сыпат береді, ал «көңілде» – адами сезім басым. Әйтпесе:
«Жүрек және оның рухани жаратылысының атауы – көңіл». Хазіреті Мәуләнаның пайымдауы бойынша: «Егер сенде көрегендік бар болса, онда көңіл Қағбасына тауап қыл. Сен: топырақтан жасалған деп ойлаған Қағбаның негізі – көңіл».
Ішінара ғана мына дәйектерге иек артсақ, бұл пікірдің астары анық аңғарылады. Мәселенки:
«Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақта», «жүрекке бір сәуле жан рахаты боп құйылған кезде», «ұйықтап жатқан жүректі (өмір аңсары) ән оятады». Сөйтіп, «Көңіл құсы шартарапқа құйқылжып, Адамның ойы түрленіп»: «Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?» деп сілкінеді. «Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжытып, жүректі тербейді, миды оятады». «Кейі зауық, кейі мұң, тәтті үн дертіңді қозғап, жас балаша көңілді уатады». «Мұңмен шыққан тәтті күйге жылы жүрек қозғалады». Мұндайда:
...Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Сөйтіп, «Ақылды, сөзі майда асыл жүрек»: «жүректі – ізі кетпес қызық пен жақсылыққа бөлейді». «Жаралы болған жүректі дауалап», «сынық көңілін жамайды». Содан кейін, «Көңіліне түрлі ой түсіп, әр тереңге нұсқайды». Шамырқанып-қомданып, өзін-өзі:
«Енді аяңда, жығылма, Сыймас жерге тығылма, Қой бұрынғы желгенді! Қайғы шығып иыққа, Қамалтпасын тұйыққа, Сергі, көңілім, сергі енді! Балапан құстай оңдалып, Қанатыңды қомданып, Жатпа ұяда, қорғанып, Ұш, көңілім, көкке, кергі енді! Көңілде қайғы, қалың зар, Айтатұғын сөзім бар, Салсын құлақ ұққандар, Өрбі, сөзім, өрбі енді! Іште қайғы дерт пысып, Көкіректі өрт қысып, Айтуға көңілім тербенді, – деп шабыттандырады Абай.
Міне, бұл – ақылға сүйеніп, жан қуатынан күш алған қайратты жүрек, яғни софылық-рисалалардың тілімен айтсақ, «тірі жүрек». Келтірілген: «Орныққан жүрек», «жылы жүрек», «ауру жүрек», «жаралы жүрек», «күйген жүрек», «сүйген жүрек», «қалыпты жүрек», «кірлі жүрек», «ғаділетті жүрек», «таза жүрек», «тән жүрек», «жан жүрек» «айна жүрек», «жүрек айнасы», «жүректің көзі», «ұйықтап жатқан жүрек», «кірлеген жүрек» сияқты, т.б тәмсілдердің барлығы да жай қисынды сөз, қиынды ұғым, әдемі теңеу, не ойды шендестіру ғана емес, сонымен қатар мұндағы әр ұғым жеке-жеке философиялық категория. Әр ұғымның өзіне тән анықтамасы, қалыптасқан қағидаттары, қамтитын шек-шекарасы, дербес мазмұны бар.
Ол айтылған анықтамалардың әрқайсысын даралап талдау біздің Мағрифаттағы ар тазалығына қатысты негізгі ой желісін шашыратып әкетуі мүмкін. Сондықтан да, ең қуатты және иман тазалығына, яғни ар тазалығына кепілдік беретін Абайдың көркем жүйесінің бір тамыры – жүрек айнасы мен оның баламасы – «көңіл көзі» дербес тоқталуды қажет етеді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
профессор