Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:25, 10 Сәуір 2025

Шынайы дін мен жалған сенімнің аражігі

Дін және әйел
Фото: из открытых источников

Қазіргі жаһандану дәуірінде әлемдік қауымдастық түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп жатыр. Соның ішінде ең өзекті, әрі бүгінде алаң тудыратын маңызды мәселе діни экстремизм дер едік. Бұл құбылыс қоғам тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздікке, тіпті жеке адамның өміріне тікелей қауіп төндірері ақиқат.

Дін – адам жанының шуағы, ішкі тазалық пен рухани кемелдікке жетелер жол десек те, бұл киелі ұғым адам қолында қаруға айналып, идеологиялық қарсылықтың, жікшілдік пен зорлықтың құралы болып кеткен сәттері де аз емес. Кешегі адамзат кешкен тарих – соның куәсі. Діни экстремизм ұғымы тек қазіргі заманның ғана емес, адамзат тарихының түрлі кезеңдерінде әртүрлі кейіпте көрініс тапқан. Мысалы, ортағасырдағы Еуропада инквизиция алауында мыңдаған жазықсыз адам «діннен ауытқыды» деген желеумен өртелді. Мұндай қатыгездік пен шектен шығушылық тек христиан әлемінде емес, ислам тарихында да жиі кездескен. VIII ғасырда харижиттер атты ағым пайда болып, олар өздеріне қосылмаған мұсылмандарды кәпір санады. Олар өздерін ғана «таза дін ұстанушы» деп есептеп, өзгелерге қарсы қару жұмсады. Бұл идеология қанша ғасыр өтсе де, жаңа есіммен, жаңа кейіппен қазіргі заманға дейін жетті. Бүгінгі күні діни экстремизм әсіресе жастар арасында ерекше белең алып тұр. Оның себептері сан алуан. Ең басты себептердің бірі – діни сауатсыздық. Діни мәтіндерді, хадистер мен аяттарды теріс түсіндіру – радикалды идеологияның негізгі себебі. Мысалы, Сирия мен Ирак аумағында әрекет еткен ДАИШ ұйымы көптеген жас мұсылмандарды өз қатарына тарту үшін діни аяттарды үзіп-жұлып, өз идеологиясына ыңғайлап түсіндіріп келді. Олар шын дінді емес, зорлыққа негізделген жалған сенімді насихаттады. Сәйкесінше, ұйымның жауыздығы салдарынан мыңдаған адамның өмірін қиып, тұтас бір өңірді хаосқа ұшыратты. Бұл ұйымның қатарында Қазақстаннан, Орта Азиядан, Еуропадан, тіпті АҚШ-тан да жастардың болғаны – біз сүріп жатқан қоғамдағы діни білімсіздік пен әлеуметтік әлсіздіктің ащы дәлелі дер едік.

Бүгінде Қазақстанда 2299 діни ұйым жұмыс істейді екен, 46 конфессия,

1534 мешіт, 230 православ шіркеуі, 70 лютеран қауымдастығы, 40 елушіл, 34 иегова куәлері 20 пресвитериан, жалпы алғанда 2005 ғибадат орны бар. Айта берсек, бұрын-сонды атын естімеген, затын көрмеген діни топтар мен ұйымдар елімізде қаптап кеткені өтірік емес. Бір діндегілер миссионерлердің алдау-арбау әрекеттерінің салдарынан қақ жарылып жатса, дінаралық және ұлтаралық араздықтар туып, татулық бұзылуы мүмкін. Діни экстремизмнің өршуіне ықпал ететін тағы бір фактор – әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, кедейлік және әділетсіздік сезімі. Адамның өз болашағына сенімі азайған сайын, ол түрлі жол іздейді. Өкінішке қарай, мұндай кезде экстремистік топтар «әділет орнатамыз», «қасиетті соғыс жүргіземіз» деген ұранмен әлсіз жанды өз қатарларына оңай тартады. Мысалы, Таяу Шығыстағы кейбір жастардың ДАИШ-ке қосылуы тек діни емес, экономикалық себептерге де байланысты болды. Оларға материалдық көмек, тұрақты өмір және мағына ұсынғандай көрінді. Қазақстанда да бұл мәселе назардан тыс қалған емес. 2011 жылы Ақтөбе мен Тараз қалаларында орын алған терактілер қоғамды дүр сілкіндірді. Ал 2016 жылғы Ақтөбедегі қарулы шабуыл елдің ішкі қауіпсіздігіне елеулі соққы болды. Бұл оқиғаларға қатысқан жастардың көбі – діни радикалды ағымдардың ықпалына түскендер дер едік. Осы орайда әлеуметтанушы Талғат Жақиянов діни экстремизм тек физикалық қауіп төндіріп қоймайды, ол адамның санасына, қоғамның рухани діңгегіне шабуыл жасайтынын айтады.

«Діни экстремизм біртіндеп ұлттық бірлікті ірітіп, адамдар арасында сенімсіздік туғызады. Бір дінді ұстанатын адамдар өзара бөлініп, діни ұстанымына қарай жау іздейтін деңгейге жетуі – бұл қоғам үшін ең үлкен дабыл. Мұндай жағдайды біз Ауғанстаннан, Пәкістаннан, Таяу Шығыстан көріп отырмыз. Онда мешіттерде бомба жарылып, бір діни топ екіншісін «ақиқаттан адасты» деп қырып-жойып жатыр. Мұның бәрі діни фанатизм мен экстремизмнің қайғылы салдары. Жастарға рухани тірек болар дұрыс бағыт, дұрыс білім беру – басты міндет. Жұмыссыздық, кедейлік, әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздік адамдардың наразылығын тудырады. Бұл наразылықты кейбір радикалды топтар өз мақсатында пайдаланып, адамдарды «шын әділеттілік пен бейбіт өмірге тек біздің жолымыз ғана алып келеді» деп сендіруге тырысады. Құранды немесе хадисті жатқа білуден бұрын, оның мәнін, мағынасын терең түсіну қажет. Қазақстанда соңғы жылдары бұл бағытта біраз шаралар атқарылып жатыр деп ойлаймын. Мешіттер мен медреселерде білікті теологтар мен имамдар қызмет етуде, діни оқу орындарына талап күшейтілді, «дінтану» пәні мектеп бағдарламасына енгізілді. Сонымен қатар интернет кеңістігінде діни экстремизмге қарсы сапалы қазақтілді контенттің артуы да маңызды. Қазіргі заманда ақпарат кеңістігіне бақылау жасау өте қиын. Әлеуметтік желілер мен түрлі сайттар арқылы радикалды идеялар жылдам таралады. Жалған уағыздар мен манипулятивті видеолар арқылы жастардың санасын улап жатыр. Діни экстремизм – бұл тек заңдық немесе қауіпсіздік мәселесі емес. Бұл – рухани, мәдени, әлеуметтік құбылыс. Оған қарсы күрес те тек қатаң шаралармен емес, парасатпен, біліммен, тәрбиемен жүргізілуі тиіс», – дейді әлеуметтанушы.

Сәруар Бақберген

Тегтер: