Шындық пен жала
Бауыржан Момышұлы: «Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасығаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ».
Бауыржан Момышұлы: «Ұлы Отан соғысының бас кезінде менің атағым ел аузына ілінді. Содан бастап мені шексіз мақтады, кінәсіз азаптады. Екеуіне де шыдап келе жатырмын».
Иә, атағы адамзатқа танымал болған батырымыздың басынан не өтпеді десеңізші. Кейбір кездері мақтағаннан азаптағаны асып кеткен сияқты. Тіпті отбасылық өміріне де үңіліп, көрпесінің астынан кір іздегендер аз болмады. Өкінішке қарай, соны істеген өзіміздің қазақтар.
Бауыржан Момышұлының мұрагері, немересі Ержан бауырымнан атамыздың жеке архивін алып, танысып отырып, бір хат таптым. Жай хат емес, 1961 жылдың бірінші желтоқсанында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Жазушы – ардақты ат» және «Советтік моральға жат қылық» деп аталатын бас мақала мен екі қарт коммунистің хатына жауап еді. Бас мақаланың авторы Сафуан Шаймерденов, ал хаттың авторлары 1926 жылдан КПСС мүшесі Шақпақ Артықбаев және 1928 жылдан КПСС мүшесі Шәріп Өтепов.
Бас мақалада да, қарт коммунистердің хатында да Бауыржан Момышұлының жеке өміріндегі болып жатқан жағдайлар қатаң сынға алынған. Баукең жауап жазғанымен, редакцияға жібермеген. Онысы түсінікті. Бәрібір жарияланбайтындығын білген ғой. Меніңше, сол хатын батыр бабамыз болашақ ұрпақтарға оқысын, жанайқайымды білсін, ақиқатты анықтап алсын деген оймен жазған-ау. Сондықтан хаттың мәтінін толықтай жариялау дұрыс деп шештік.
«Қазақ әдебиетіне» жауап
Қолмен жазған және сызылып тасталынған текст: «ЦК КПК тов. Бейсембаеву С. (для информации)
Редакцияға хат
ЕЛЕРГЕН ЕЛ ҚҰЛАҒЫНА
«Қазақ әдебиеті» газеті 1 декабрьдегі санын «Жазушы – ардақты ат» деген мақаламен ашып, «Советтік моральға жат қылық» деген мақаламен аяқтапты. Екі мақала да мен туралы. Бұл мақалалар ел құлағын елертті.
Бірінші мақаланың «авторы» кеше ғана Жазушылар одағына секретарь болып сайланған Сафуан Шаймерденов, екіншісінің «авторлары» мен танымайтын Шақпақ Артықбаев, Шәріп Өтеповтер.
«Авторларға» менің қоятын кінәм жоқ. Оларға өкпелеуден мен аулақпын. Оларды мен білмеймін – бірге туысып, бірге өсіп, бірге жүріп қызметтес болған емеспін. Олар да мені білмейді. Бейтаныспыз.
Оларды «авторлар» деп тырнақшаға алудың басқы себебі, олар тек қол қоюшылар ғана. Мақалаларды ұйымдастырып, жаздырып, бастырушылар перденің ар жағында тығылуда.
Әркімнің досы да бар, дұшпаны да бар. Бірін-біріне айдақтап салып қойып, қызығына батуды жақсы көретін шағыстырушылар да аз болмайды.
Менің бір өкінетін нәрсем, әлі буыны қатпаған секретарь Сафуан, сақал-мұрттарына қырау түскен Шақпақ пен Шәріп ағалардың біреулерге қолшоқпар болғандықтары.
Екінші өкінішті нәрсе – мақаланың стилінде 1932, 1937 жылдардың біржақтылық лайлы әдепсіздік, жүгенсіз бейбастықтың иістері мүңкіп тұр. Асығыс-аптығыс үстінде сөз таңдамай мені де, төсектартпа ауру жүрек операциясына кандидат жұбайымды да сабырсыз балағаттаулары.
Үшінші өкініш – балаларымызға «тірі жетім» тұмарларын тағып әлеумет алдында қорлау.
Төртінші өкінішті нәрсе – редакцияның асығысқа тізгінін ұстатқандығы. Мен осында едім ғой. Егерде, мен шынымен айыпты болсам, орысша айтқанда, ведь никогда не поздно меня повесить. Я эмигрировать не собираюсь.
Кейіннен өздері ұялар деп менің авторларға ішімнен жаным ашып отыр.
Авторлардың айдан жарық, сүттен аппақ еместігі таныстарының көпшілігіне мәлім. Олармен мен жауласпаймын да, дауласпаймын да.
Мен полковникпін, жазушымын. Менің атым ел аузында екені рас. Елде менің дұспандарымнан достарым көп. Редактор мені аямағанымен, елді аяуға міндетті еді ғой.
Қоғамға қарыздарлығымды мен ешуақытта ұмытпаймын. «Басымдағы шашым көп пе, халық алдындағы қарызым көп пе?» – деген сұрақ жатсам да, тұрсам да ойымда. Сол себепті мен күні-түні творчестволық жұмыстың соңында жүргендердің біреуімін.
Мен принципсіз жік арасында жоқ адаммын.
Семья мәселесінде келіспеушілік себепсіз болмайды. Ажырасу – мұқтаждықтың ақырғы шарасы. Қай жағы кінәлі, қай жағы кінәсіз екендігін әділ тексеру ғана ашады. Ешқандай қатынасы жоқ кісілердің интим мәселесіне килігулері орынсыз да, айтқандары өсек болып шығады.
Ешкімді ешкім «алып қашқан» жоқ. Ауыр халдегі ауру әйел «бал айындағы» саяхатта жүрген жоқ – 68 тәулік төсек тартып, өлім аузында больницаларда жатты.
«Тірі жетім» жазғы каникулын менімен бірге Эстонияда, жеке өзі Москвада, Жамбылда, Түлкібаста, Жуалыда саяхат етіп пайдаланды.
Аттары аталған балалар кемтарлықтан аулақ болды, аулақ та.
Мен өзім «Қырымның оңтүстік жағасында рахаттанып алып жаттының» орнына орталық архивтердің подвалдарында отырып 12 баспатабақ еңбек жазып қайттым.
Мен екі жүздей ұрыстарға қатысқам. Жеті травмалар алғанмын. Қан майдандағы қимылдарымнан болсын, 50-60 баспатабақ әдеби шығармаларымнан болсын, идеялық, материалдық жақтарынан халыққа, партияға, мемлекетке зиян келтірмегендердің біреуімін. Қалайынша мен «человек вне общества – или бог, или зверь» мін?
Менде де кемістіктер бар. Олардың көбін өзім де білем, түзетуге тырысамын. Айыбым болса – оны мойныма алуға менің ерлігім жетеді. Орынсыз табалап, кемітіп, кекетіп, әдепсіз балағаттап айтылған сынның құйрығы келте болғанымен, оларға да көңіл бөлемін. Қортынды шығарамын. Бірақ та, арқамды кім болса соған тоса бермеймін. Ведь у бьющего тоже рука устает дегенді «шоқпарбайлардың» ойларына салғым келеді – шаршаған жұдырық түбінде таяқ жейді.
Ж. Б. да, Б.-Ж. К-ва да сауатты, пысық кісілер. Мені кінәлағылары келсе, олардың адвокатсыз-ақ қолдарынан келетін, өз аттарынан жаза білетін адамдар.
Жоғарыда аталғандардың, аты аталмаған әкенің «сізге ешқандай қояр кінәм жоқ» деп айтқан сөздері де, хаттары да менің қолымда. Оларды одан танады деп ойламаймын. Трагедиямызды көрінгенге қолжаулық істемейміз. Біз үйдің сырын сыртқа әйгілей алмаймыз. Оның өсекшілерден басқа ешкімге керегі жоқ екенін түсінеміз. Қарым-қатынастарымыз азаматтық дәстүрмен айқай-ұйқайсыз, біржақтылықсыз шешілген болып есептелінеді.
Бәріміз де саяқ жүрген кісілер емеспіз. Қоғам ортасындамыз. Авторлардың пікірлері коллективтер қортындылары емес, тек «өздерінің» жеке бастарымен «пірлерінің бастаңғы» пікірлері. Мысалы, Жазушылар одағының партия ұйымы, Басқарманың президиумы олардың атынан газеттің маңдайшасына мені айыптап «үкім» шығар деп Сафуанға тапсырған жоқ. Керек болса кезінде коллективтер принципті пікірлерін кең ойланып, толғана талқылап айтар. Пышақ ұшы асығыс құрбандыққа олар ешкімді жібере алмас.
Бұдан тапа-тал жиырма жыл бұрын Москва түбіндегі шайқаста мен жарақаттансам да, майдан шебінен кейін қарай бір қадам басқаным жоқ. Онда маған дұспанның оғы тиіп еді, ал бүгін болса туыстарымның «оқтары» тиіп отыр. Бұл жарақатты да көтерермін.
Москва түбіндегі тарихи жеңістің жиырма жылдығына байланысты майданда қаза тапқан, мүгедек болған, ерлік көрсеткен жауынгер достарыма арнап ескерткіштер жазып едім. Бірақ та мақалаларды ұйымдастырушылардың «сақтықтарымен» мені радиоға да, телевидениеге де, газеттерге де жолатпай отыр. Ол материалдардың көбін Москва, Ташкент, Фрунзе менен сұрап алды. Орысша айтқанда, свет не без добрых людей деп шүкір етіп отырмын.
Әй дерге әжесі жоқ, қой дерге қожасы жоқ «Қазақ әдебиеті» газеті мені қудалағаннан пайда тапса менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ та, өзін қадірлеген газеттің тексерілмеген, айқындалмаған нәрселерге ел құлағын елертіп, шиелендіруден, балағаттаудан, кекесін сөздерді басудан аулақ болғаны да дұрыс болар еді.
/Бауыржан МОМЫШҰЛЫ/
2/XII–1961 ж.»
Батыр бабамыздың жауабына қосарым бар. Алдымен С.Шаймерденовке полковниктің көзбе-көз берген жауабымен танысайық. Дегенмен оныкі бас мақала еді ғой. Мақалалармен танысқан Момышұлы Жазушылар одағына тартады. Оның келе жатқанын байқаған одақтың қызметкерлері терезелерден қарап тұрады. Полковниктің мінезін білетіндіктен бір сұмдық болды деп күткен болар. Бірақ Баукеңнің естелігіне жүгінсек, бәрі сыпайы өтіпті. «Мен вестюбильге көтерілсем, бес-алты жазушы келісілген секретарь С.Шаймерденовті қоршап тұр екен, – деп жазыпты күнделігінде полковник. – Бәрімен қол алысып амандастым. Ал С.Шаймерденовтің қолын ұстап тұрып, сенің барлық шығармаларыңнан ең таланттысы бүгінгі мақалаң дедім. Айналадағылардың бәрі күлді...»
Ал енді қарт коммунистердің хатына назар аударайық. Авторлар Момышұлының өмірінен фактілерді алып, оларды ойларына келгенше бұрмалап, өтірікті көпіртіп жазады. Өтірікті жазғанда да адам сенетіндей келістіріп жазу керек-ау. Авторларға сенсек, полковниктің «советтік талай семьяның тыныштығы мен бақытына қол сұғудан» басқа шаруасы болмаған сияқты көрінеді.
Осы орайда Бауыржан атамыз өмірінде кімді сүйіп, кімді құрметтегенін оның қарулас досы Дмитрий Снегинге жарыла айтқан сырына назар аударайық. «Үлкен әйелім Бибіжамалды жерледім, – депті Момышұлы Митя ағайға. – Мен оны бәйбіше деп атаймын... Мен жалғыз оны сүйетінімді, жалғыз оны сыйлайтынымды, жалғыз оның маған жетіспейтінін саналы түрде түсініп, жанымды ауыртып сезінуім үшін ол өлуі керек еді...»
Снегин өзінің атынан былай деп қосыпты: «Ол (Бауыржан) үнсіз және ащы жылады».
Бұнымен қоймай қарт коммунистер «жақында Момышұлы үйлі-баранды болып отырған филармония артисткасы Баубекова Кәмеш дегенді «алып қашты» деп айып тағыпты полковникке. «Біздің идеалымызға жат, осы заманның Дон-Жуаны өз баласын аямағанда, біреудің баласын қайтсін!» – деген қарт коммунистердің сөздеріне жауап ретінде Қарабалина Орынша апайдың бір әңгімесі еске түсіп тұр. Білмейтін жұртқа айтарым, Орынша апай Бауыржан Момышұлы мен Бибіжамал апамыздың үйіне келін болып түскен, Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың жары. Баукең Кәмешке үйленгеннен соң Орынша апай ол үйге баруды тыйған көрінеді. Бірақ Кәкімжан аға қарым-қатынасты үзбеген. Сирек болса да Бауыржан ағасының жағдайын біліп тұрған. Жақында телефонмен сөйлескенімізде Орынша апай мынандай эпизодты айтып берді: «Бір күні Кәкең үйге ашуланып келді. Ағасының халін білейін деп үйіне барса, Кәмештің кішкентай қызы Баукеңнін мойнында ойнақтап отыр екен. «Жалғыз ұлы Бақытжанды сөйтіп еркелетпей, қайдағы біреудің қызын мойнына отырғызғаны қалай?» – деп ашуланды Кәкең».
Момышұлы Москвадан оралғаннан біраз уақыт өткеннен соң Кәмештің күйеуі Шахан Мусин оған үйіне телефонмен хабарласады. Менің естуімше, ол ірі кісі болған деседі. Бауыржанмен телефон арқылы сөйлескенде де сол ірілігін танытыпты. «Бауке, ат-көліктеріңіз аман қайттыңыздар ма? Тағдыр шығар. Мен сізбен дауласпаймын да, жауласпаймын да», – депті. Осы орайда екі қарт коммунистің сондай кісілікті таныта алмағаны қынжылтады.
Шахан Мусин айтқандай, тағдыр шығар, Бауыржан атамыз бен Ғайникамалдың басын қосқан. Бірақ екеуі сол некеде бақытты болды ма? Бұл сұрақ жайдан-жай қойылып отырған жоқ. Мені Бауыржанның әпкесі атақты Музей апаның мынандай сөздері терең ойға жетеледі: «Күшікті қасқырдың төбетіне де мейірімі түспейді. Төбетіне жегеннің барлығын құстырады, оны аш бөріге айналдырып, қойға қайта жұмсайды.
Күшікті қасқыр төбетін ініне кіргізбейді. Ол сыртта қарауылдап жатады. Төбет алыстан келесінің иісін сезіп, олардың басқа жақтан алдынан шығып, алған бағыттарынан адастыра қашады, бөдене солай ұзап ұшпастан алдайды.
Қарағым, байқап жүрмін. Мынауың күшікті қасқыр екен». Үбиян әпкем інісі Бауыржанға осылай ескертпе жасапты.
Енді полковниктің өз көзқарасына жүгінейік. 1963 жылдың күзінде ол Кубаға барайын деп шешім қабылдап, Москваға аттанады. Ғайникамал мен ұлы Бақытжанды бірге ала жүреді. Әйелі ілесіп Кубаға барғысы келгенімен, оның арманы сол жерде үзіледі.
Момышұлы шет елге жіберетін комиссияға барса, сол комиссияның қызметкері құжаттармен танысып, жұбайыңыздың жүрегі бұндай алыс жолға жарай қоймас депті. Аспанда 18-20 сағат болуға тура келеді, аэродромда 4-6 сағат боласыздар. Виза алуға да уақыт тығыздау.
Бұны естіген Ғайникамал өте қатты ренжіп, үйдің берекесін кетіре бастайды.
«Октябрьдің 20-сы күні біз қалаға жүргелі тұрғанда, Ғайникамал долданып:
– Жолың болмасын! – деді. Мен үн қатпай шығып кеттім. Түрін көріп, сөзін естіген Бақытжан түсі құбылып, үн қатпай соңымнан келеді», – деп есіне алады сол күнді полковник.
Ұлы Бақытжан екеуі қаланы біраз аралап, қонақүйіне оралғанда, әйелінің кетіп қалғанын біледі. Жай кетпей, соңғы 300-350 сом ақшаны ұрлап таяды.
Ары қарай қарт коммунистер Н.Хрущев көкелерінің партияның жаңа «Программасы» туралы баяндамасына сүйеніп, «советтік семьяның іргесін шайқалтып, берекесін бұзғандарға кешірім жасамай, қатаң шара қолдануымыз қажет» деп тұжырымдама жасайды. Былай айтқанда, қудалау керек дегені ғой. Қудалауды ұйымдастырды да. Соның айғақ дәлелі – «Қазақ әдебиеті» газетінің 1961 жылдың бірінші желтоқсандағы санындағы екі мақала.
Бекет МОМЫНҚҰЛ
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі