Шындықты жасыру ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті
Ел президенті Тоқаев "Түркістан" газетіне берген сұхбатында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар ел Тәуелсіздігін алғаннан бергі ең ауқымды реформалардың бірі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, бүгінгі таңда бұл жобалардың қаржылық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Сонымен қатар, қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайған. Бұл – қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелері көрініс бере бастағанының белгісі.
«Алайда тозығы жеткен инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз. Жұмыс тәсілін де түбегейлі өзгерту керек. Бұл салаға инвестиция тарту үшін нарықтық тетіктер қалыптастыру маңызды», – деді Тоқаев.
Президент энергетика мен коммуналдық шаруашылықтың кез келген мемлекеттің тіршілігі үшін негіз екенін, ал бұл негіз шайқалса, бүкіл жүйе күйрейтінін ескертті және бұрынғы үкіметтердің бұл саладағы нақты жұмыстарға кірісуге асықпағанын сынға алды.
Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті.
Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті. Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды.
Айта кетейік Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына кең көлемді сұхбат берді. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы елдің ішкі және сыртқы саясатына, әлеуметтік-экономикалық дамуына және өзге де маңызды мәселелерге қатысты ашық пікір білдірді.