Шыңғыс Сейфулла, адвокат: Қасымбаевтың ең төменгі жаза алу ықтималдығы өте төмен
16 жастағы Шерзат Болаттың оқиғасы әлі де қоғам арасында қызу талқыланып жатыр.
Шерзат ісіне байланысты «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы және осы топтың серкесі ретінде Хасан Қасымбаевтың аты көп аталды. 5-қараша күні оның қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Осы орайда Jas Alash тілшісі Қасымбаевтың кінәсі дәлелденсе қанша жылға сотталуы мүмкіндігін Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Шыңғыс Сейфулладан сұрап білді.
– Бұл істің қоғамда үлкен резонанс тудырып, пікірталасқа айналғанын білесіз. Сіздің ойыңызша, ол лайықты жазасын ала ма?
– Алдымен, құқықтық баға тек қана тергеу барысында жиналған дәлелдерге негізделуі керек екенін атап өткім келеді. Қазіргі таңда Хасан Қасымбаев адам ұрлау мен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген деген ауыр қылмыстар бойынша күдікке ілінген. Бұл айыптар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106 және 125-баптарымен қарастырылып, оның жазасы 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды. Жазаның ауырлығы дәлелденген кінә мен мән-жайларға байланысты болады. Егер тергеу барысында Хасан Қасымбаевтың «Хутор» деп аталатын қылмыстық топқа қатысы бар екендігі және аталған қылмысты сол топ құрамында жасағаны дәлелденсе, оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
– Осы айыптардың негізділігіне сенесіз бе?
– Айыптардың негізділігі тек сотта, дәлелдер мен куәгерлердің жауаптары арқылы анықталады. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тан алынған ақпараттар, өкінішке қарай, кейде оқиғаларды асыра көрсетеді. Айыптау тек нақты дәлелдермен ғана бекітілуі тиіс.
– Қоғамда оның сыбайластары бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алуы мүмкін деген пікір бар. Мұндай жағдай мүмкін бе?
– Мұндай сценарийді жоққа шығаруға болмайды, бірақ оның сәтті жүзеге асуы көптеген факторларға байланысты. Егер «Хутор» деп аталатын топтың мүшелері кінәні өз мойнына алуға тырысса, тергеу және сот оларды қарастыруға міндетті болады. Дегенмен біздің қылмыстық заңнамада басты рөлді тек куәлардың жауаптары ғана емес, объективті дәлелдер де атқарады. Егер құқық қорғау органдары дәлелдеп, Қасымбаевтың қылмысқа тікелей қатысқаны анықталса, мұндай айғақтар оны құтқара алмайды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары шындықты ашу үшін заманауи криминалистикалық сараптамалар қолданып отыр.
– Ол ең төменгі жаза ала ма немесе жазадан мүлде құтылып кете ала ма?
– Сотта ұсынылған дәлелдерге қарай шешім әртүрлі болуы мүмкін. Алайда Қасымбаевқа тағылған айыптардың ауырлығын ескерсек, ең төменгі жаза алу ықтималдығы өте төмен. Егер оның кінәсі дәлелденсе, мысалы, 106-баптың 3-бөлігі немесе 125-баптың 2-бөлігі бойынша, жаза мерзімі 12-15 жылға дейін созылуы мүмкін. Егер прокуратура Қасымбаевтың қылмысқа қатыстылығын дәлелдей алмаса, мысалы, 125-бап бойынша адам ұрлау немесе 106-бап бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру тұрғысынан, онда ол сот шешіміне шағым түсіруге құқылы болады.
– Демек, Касымбаевтың басқа мүмкін қылмыстар бойынша, мысалы, «Шерзат ісіне» қатысы болса, бұл оның басқа істердегі жазасына әсер етпей ме?
– Бұл екі қылмыстық іс қазіргі таңда біріктірілмеген. Алайда егер сот Қасымбаевтың ұйымдасқан қылмыстық топты басқарғанын және қылмыстық әрекеттерге жүйелі түрде қатысқанын анықтаса, бұл оның ісіне теріс әсерін тигізуі мүмкін. Қоғамдық пікір, әрине, белгілі бір деңгейде қысым жасайды, бірақ түпкілікті шешімді тек соттың объективті дәлелдерге негізделген бағасы анықтайды.
– Қасымбаевтың өзі айтқан «заңды ешқашан бұзбағанмын» деген сөздерін қалай түсіндіресіз?
– Әрбір айыпталушының өзін қорғау құқығы мен кінәсіздік презумпциясы бар. Қасымбаев өз ұстанымын білдіруге құқылы. Бұл істерде айыпталушылар кінәсін үзілді-кесілді жоққа шығаратын көптеген жағдайлар кездеседі. Оның қылмыстық әрекетке қатысы болған-болмағанын тек сот шешеді.
– Әңгімеңізге рахмет!