Шыңғыс Сейфулла, адвокат: Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
4 қазан күні Алматы облысында төбелес кезінде 16 жастағы бала қаза тапты. Оны ата-анасының көзінше 13 адам жабылып ұрған.
Алған жарақатынан жасөспірім емханада қайтыс болды. Тағы бір жігіт ауыр халде ауруханаға түсті. Бұл оқиға қоғам арасында резонанс тудырды. Талғарда әділдік сұраған жұрт көшеге шығып, жолды жауып тастады. Наразылыққа шыққандар алдымен қаладағы Абылай хан көшесін жауып, кейіннен Қонаев көшесінің бойындағы жолды да жапты. Бұдан соң қалалық әкімшілік ғимаратына барған. Жиналғандар кісі өлтіруге қатысушылардың барлығы ұсталмағанына наразы. Олар қылмыс кезінде көлікте болған екі қыздың жауапқа тартылуын, тергеуді толық жариялауды талап еткен. Марқұмның әкесі бас прокурор Берік Асыловқа істі бақылауға алуды сұрап, үндеу жолдады.
Осы оқиғаға байланысты Jas Alash тілшісі Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Шыңғыс Сейфулланың пікірін білді.
– Сіз осы жағдайға қатысты не айтасыз? Бұл оқиғаға құқықтық тұрғыдан қандай баға берер едіңіз?
– Ең алдымен, қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Бұл жағдай тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан да үлкен мәселелердің басын ашады. Әділдік пен құқықтың сақталуы үшін қоғам тарапынан белсенділік қажет. Жанжалдың барысында адам өлімінің орын алуы қылмыстық кодекстің ең ауыр баптарының бірі. Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық істің Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тергелгенін хабарлады. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен нақты қай бөлік бойынша іс қозғалғаны әлі де белгісіз. Егер қылмыстық іс 99-баптың 1-бөлігі бойынша қаралса, кінәліге 8 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы берілуі ықтимал.
Бұл жерде мәселе – жасөспірімге қатысты күш қолдану әрекеттерінің қалай және кімнің тарапынан орын алғандығында. Бейнежазбаға сәйкес, жасөспірімге бірнеше адам шабуыл жасағаны байқалады. Дегенмен нақты сараптамалық зерттеулерсіз, бұл оқиғада кімнің әрекеті өлімге әкеліп соқтырғанын анықтау қиын. Мысалы, тәжірибеде бірнеше адамның қатысуымен орын алған жанжалдарда тек бір адамның соққысы өлімге себеп болғаны анықталып, жауапкершілікке тек сол адам ғана тартылған жағдайлар кездеседі. Сондықтан жәбірленуші тарап тергеу барысында объективті сараптама тағайындап, құқықтарын қорғау үшін кәсіби адвокаттардың көмегіне жүгінуі қажет.
– Бұл іс бойынша тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етудің құқықтық негізі бар ма?
– Әрине, бар. Конституцияға сәйкес, әрбір азаматтың әділ сот пен құқықтық қорғау алу құқығы бар. Талғардағы жағдай қоғамдық резонанс тудырды және қоғам өкілдерінің тергеу барысы мен сот процесіне назар аударуы – табиғи құбылыс. Сондықтан туыстарының тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етуі заңды. Бұл жерде тек құқықтық норма ғана емес, әділдіктің және қоғамның сенімін қалпына келтіру мәселесі де тұр.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 24-бабына сәйкес, кез келген қылмыстық іс объективті, жан-жақты және толық зерттелуі керек. Бұл тек сотқа дейінгі тергеуде ғана емес, сот процесінде де жүзеге асырылуы тиіс. Азаматтардың әділдік талап етуі және құқық қорғау органдарының іс-әрекетін бақылауы – заңды қадағалаудың бір бөлігі.
– Тергеу барысындағы құқықбұзушылықтарға қатысты туыстарының айтқан шағымдары туралы не айтасыз?
– Егер туыстарының мәлімдемелерінде көрсетілгендей, жергілікті билік органдары немесе полиция қызметкерлері заңсыз әрекеттер жасап, тергеуді бұрмалауға тырысқан болса, бұл Қылмыстық-процестік кодекске қайшы келеді. Яғни құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі де заң аясында тексерілуі тиіс. Мұндай жағдайда құқық қорғаушылар мен адвокаттардың араласуы өте маңызды, себебі тергеудің әділ әрі заңға сәйкес жүргізілуі – жәбірленуші жақтың құқықтарының қорғалуының кепілі. Егер тергеу барысында қандай да бір заңбұзушылық анықталса, оны жоғарғы органдарға немесе бас прокуратураға шағымдану арқылы ретке келтіруге болады. Сондықтан туыстарының көтеріп отырған мәселесі негізсіз деп айту қиын.
– Жасөспірімнің әкесінің «ашық сот болсын» деген талабы туралы не айтасыз?
– Ашық сот өткізу – Конституция мен Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес келетін заңды талап. Қылмыстық істерді сот қараған кезде ашық сот отырысын өткізу принципі сақталады. Тек қана мемлекеттің қауіпсіздігіне немесе адам құпиясына байланысты жағдайларда ғана жабық сот отырысы өтуі мүмкін. Жәбірленуші жақтың бұл талабы – әділдік пен заңның салтанат құруын көздейтін ұстаным.
Қорыта айтқанда, бұл істе ең бастысы – қылмыстық істің жан-жақты, объективті және толық зерттеліп, әділ шешім шығару. Сондықтан қоғамның, жәбірленуші тараптың және құқық қорғау органдарының ортақ мүддесі – әділдік пен заңның орындалуын қамтамасыз ету болуы керек.
– Сіз бұл жағдайға байланысты нақты қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, жәбірленуші жақтың мүддесін қорғау үшін кәсіби адвокаттардың көмегіне жүгінгені дұрыс. Құқық қорғау органдарының жұмысын заң аясында бақылау, туындаған мәселелер бойынша жоғары тұрған органдарға немесе прокуратураға шағымдану – бұл заңды жол. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдерінің көмегіне жүгіну арқылы істің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге болады.
Талғардағы жағдай қоғам назарында тұрғандықтан әрбір құқық қорғау органы мен тергеуші бұл істі ерекше бақылауда ұстауы қажет. Егер заңбұзушылықтар орын алса, оларды жою үшін барлық заңды шаралар қолданылуы керек. Жәбірленуші жақтың құқығы тапталмауы тиіс және кінәлілер әділ жазаға тартылуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!