Шыңғысханның туған жері немесе Бексұлтанның «құпиясы» хақында

«Жас Алаш» редакциясына тарихшы Әлімғазы Дәулетханның Шыңғысханға қатысты мақаласы келіп түсті.
Анығырақ айтқанда Ә.Дәулетхан бұл мақаласында белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Шыңғысханның атамекені, тілі, діні және құпиялары» атты мақаласында айтылған кейбір пайымдарға қарсы дәлел келтіреді. Біз бұған ғылымдағы талас-тартыс, әр түрлі пікір ретінде қарап жариялап отырмыз.
Бексұлтан Нұржекеұлы «Қазақ әдебиеті» газетінің 17 мамыр 2024 жылғы санында жалаулатып, «Шыңғыс ханның атамекені, тілі, діні және құпиялары» жөнінде тағы да таптаурын болған сандырағын жариялапты. Мұнда тағы да арандатушы Тілеуберді Әбенаевтың сандырақтарына жүгініп, Шыңғыс хан туралы ақиқатты дәлелдегісі келіпті.
Бекең сөзді бірден былай бастапты: «Меніңше, Шыңғыс ханның шындығына көз жеткізетін екі негізгі тетік бар екен; бірі – оның қай моңғол екенін, екіншісі – оның атамекені қазіргі Моңғолия не бұрынғы Моғолстан екенін анықтау».
Беке, өзіңіз пір тұтатын құрылысшы Әбенаев әлдеқашан «...Шыңғыс ханның атамекені Жетісу, Бурхан-Халдун деп айтып жүрген жер Жаркент. М.Дулатидың «Тарих-и Рашидиінде» Моғолстан – Жетісу, Іле алқабы, Алатау, Тянь-Шань деп атап жүрген таулар Моғол тауы деп жазылған. Демек Шыңғыс ханды моңғол деушілердің сөзінде ешқандай тарихи құжаттық негіз, ғылыми деректілік жоқ» деп кесіп-пішіп қоймап па еді?
Беке, сізге сөз қалмаған сияқты ғой.
Нағыз моңғолтанушы-шығыстанушы Зардыхан Қинаятұлының мына уәжін келтірелік: «...Әлемнің белгілі тарихшыларының ішінде бұл тақырыпта қалам тартпағаны кемде-кем. Шыңғыс хан туралы жазылған материалдардың тарихнамалық тізімі 800-ге жетіп жығылады. Тек «Моңғолдың құпия тарихы» туралы 160-тан аса диссертациялар қорғалған, тарихи шежіре әлемнің 40 тіліне аударылған. Әйгілі «Юаньшидің» 210 дәптерінің 86-сы тек Шыңғыс хан, оның ұрпақтарының өмірбаянына арналған. ХVІІ ғасырдың басында жазылған «Алтын Топчыға» дейінгі уақытта жазылған Моңғол тарих көздерінің саны 40-қа жуық. ...Шыңғыс хан төңірегінде дереккөздерін ең көп сақтаған және ең көп зерттеген елдердің қатарына ҚХР, Жапония, РФ, Моңғолияның өзі және АҚШ жатады. Осыларды сараптағанда тарих ғылымы зерттеуінің күн тәртібінде «Шыңғыс хан моңғол ма, әлде емес пе?» деген мәселе болып көрген емес, қазір де жоқ. Ол моңғол болып туылып, Моңғол мемлекетіне қызмет етіп, моңғол күйінде өмірден өткен адам, өлерінде қасында болған ұлдары Өгедей мен Тулиды жеке қалдырып айтқан ақтық аманатында «Менің өлер шағым болды, Тәңірім қолдап, моңғол жұртымның басын біріктірдім. Бір шетінен бір шетіне дейін бір жылдық жол жүретін ұлұғ ұлыс (держава) құрдым. Егер көз жұма қалсам, өз халқымнан бөлмей, менің табытымды Их Өтекке жеткізіңдер» деген.
Осынау әлем тарихшыларына мәлім болған жазба деректердің басынан аттап өтіп: «Тарих – шынына көш, Шыңғыс хан кім?» деп даурығып, әулекіленгені аз болғандай, жазушы Бексұлтан қолын жая ауа қармап: «Шыңғыс хан құрған мемлекет қайда?» деп әліппелік сұрақпен бір құлаш мақала жариялайды.
Өлкетанушы Бексұлтан мен құрылыс инженері Тілеуберділер өздері шатасқанымен қоймай, қасақана тоңмойындыққа салып, Тоғылықтемір құрған Моғолстан хандығымен (1348-1362) әлемді жаулаушы атанған Шыңғыс хан құрған «Ұлық ұлыс» Моңғол қағанатын қазақ оқырмандарына зорлықпен мойындатқысы келеді. Тарихқа, тарих ғылымына қиянат жасаудың қандай қателікке ұрындыратынын осыдан-ақ көруге болады.
***
Ескерте айтар бір сөз – Шыңғыс хан Моңғол мемлекетін құрғаннан бастап, 21 жыл ішінде (1206-1227) 70 рет сыртқа жорық жасаған екен.
1206 жылы Онон бойында дүйім Моңғол мемлекетінің шаңырағын көтеріп, Шыңғыс қаған сайлаған салтанатқа қатысқан 31 тайпаның 23-і Моңғол мемлекетін құруға елеулі еңбек сіңіргені үшін аты аталып, атақ-абыройға ие болған 88 тұлғаның 72-сі Нирун моңғолдардың өкілі болыпты.
Ендеше, Шыңғыс хан моңғол ма, түркі қазақ па деп аузына не келсе соны айта беретін надандыққа тоқтау айтар уақыт келген сияқты.
Қадірлі қазақ оқырмандарына, әсіресе әуесқой әуейі тарихшысымақтарға, тарих ғылымының деректану саласында қалыптасқан заңдылығы туралы профессор Қаржаубайдың мына түйін сөзін ұсынғым келеді: а) түпнұсқа; б) транслитерация; в) транскрипция немесе оқылуы; г) жаңғыртпасы; д) сөзбе-сөз аудармасы; е) тілдік және тарихи түсініктемесі; ж) мағыналық аударма деп аталатын 7 кезеңнен (7 сатыдан) сарапталып өткеннен кейін нағыз ғылыми тарихи құжаттық деңгейге көтеріледі, ғылымның қалыптасқан безбені осындай.
Сондықтан тарихи жазба мұралармен айналысқанда түпнұсқаның бірде-бір дыбысын, графикасын өзгертпей түсіру шарт екенін біздің әуейілердің ойына кіріп шықпайтынын күнде көріп жүрміз.
***
Тэмужиннің туған жерін анықтау – тарихта түрлі пікірлер тудырып келген мәселелердің бірі. Бірақ қалай дегенмен бұл ізденіс Онон өзені бойынан алыстап кеткен емес. Онон өзені Моңғолияның Ханғай жотасы бойлықтың 109о-нан басталып, 110о мөлшерінде Шилка өзеніне құйып жатыр. Онон өзен қазіргі Моңғолия жерінен басталып, Бурят-моңғолдардың ежелгі мекені – Ресейдің Чита облысы жерімен ағады. Әйтеуір Тэмужиннің кіндік кескен мекенінің ізі қалай да моңғолдардың атамекені аумағында жатыр.
...Бұл мәселе төңірегіндегі пікірлерді негізінен: а) парсы-еуропалық; б) ресейлік; в) моңғолдық деп үш топқа бөліп қарауға болады. Қытай ғалымдарының да өзіндік пікірі бар (83-бет).
Сіздер табандап отырып алған дәлелсымақтарыңызда нақты деректік-ғылымилық деген мүлде жоқ. Ал дәлел, дерек дегеннің не екенін білгіңіз келсе, Рашид-ад-Дин мен Карпинин жазбаларын жұлып, тартпай оқып көріңіз: «Моңғолдарда Бурхан-Халдун (координаты Е 108о 01-109о 45; Б. 48о 48о-49о 61) деп аталатын үлкен тау жотасы бар. Осы таудың жан-жағынан көптеген өзендер бастау алған. Сол өзендер бойы толған орман, ағаш, Шыңғыс хан осы жерді мәңгілік орны (қабыры) етіп таңдап алып: «Біздің ұлылардың жататын орны осы болсын. Осында біздің алтын ұрпағымыздың мүрдесін жерлеңіздер» деген екен. Шыңғыс қаған осы жерде қыстап, жайлап жүрген. Туған жері Онон дариясының төменгі сағасы Булук-Булдақта [1] тұрған. Бурхан-Халдуннан алты күндік жер. Бурхан-Халдуннан бас алған өзендерді атасақ төмендегідей. Онда: [Бурхан-Халдунның] Оңтүстік бетінен Келурен [2], Шығыс бетінен Онон [3], Солтүстік жағынан Киркачу [4], Солтүстік шығыс бетінен Киректу [5], Солтүстік бетінен Чику [6], Батыс солтүстігінен Калаку [7], Оңтүстік батыс ортасынан Кара [8], Түстік-батыс ортасынан Барачиту [9], тура Оңтүстік батысынан Дули [10] өзендері бас алады». (Рашид-ад-Дин) 1952. Т.1 кн.ІІ. С. 233-234).
***
Бекең тек Әбенаев дегеннің: «Орхон, Керулен, Онон деген үш өзеннің аты ұқсас болғанымен географиялық сипаттамасы мүлде кереғар. Батыстық П.Карпинин, Г.Рубрук Шыңғыс ханның атамекеніне Іленің Балқашқа құяр сағасынан өте салып, көп ұзамай жетеді» деген ой жотасына құдайдай сенеді екен.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Бекеңнің білгір Тілеубердісі елеусіз ғана «Іленің Балқашқа құяр сағасынан өте салып, көп ұзамай жетеді» деп өте шығады. Ал Карпинин Қарақорымға Еміл бекінісінен шығып отыз күнде жеткенін жолжазбасында жазып еді. Сонда Карпинин отыз күнде орташа 40-50 шақырым жүрген деп есептесек, 1200-1500 шақырымдық жол болып шығады. Бұны қалайша «көп ұзамай жетеді» деген долбармен қалай сәйкестендіруге болады? Біз бұны тасқа басылған тарихқа, жазылған тарихи деректерді ашықтан-ашық бұрмалап, оқырмандарды адастыру үшін жасалған қиянат деп білеміз.
П.Карпининнің жолжазбасында Балқаш, Жаркент туралы бір сөз жоғына назар аударғысы да келмейді. Алайда П.Карпининнің «Имиль (Омыл-Емел қаласы туралы осы еңбектің 34, 64-беттеріндегі және 84,184, 186-беттеріндегі түсініктемелерінде П.Карпинин болған Емел (Омыл) қаласы Шәуешектің оңтүстігінде, Жоңғар ойпатының батыс солтүстігінде деп көрсеткенін көргісі келмейді. П.Карпинин осы Емел қаласынан Моңғол қағанының ордасы орналасқан Қарақорымға дейін 1 ай жүріп жеткенін жазған болатын. (П.Карпинин. М., 1993. С. 64-65)
Беке, осындай нақты дерек-дәйектерді елемей, Талдықорғанның бұл күндері Суандар мекендеп отырған тау-тасымен елді мекендерінің ат-атауын тізбелеп шалықтау сізге сонша қажет болды ма? Ал бүкіл тарихшылар әлдеқашан әлденеше рет анықтап, нақтылап кеткен Ергенеқонды Жаркент тауларына көшіріп әкелмекші болған ұрыншақтығыңызға не айтуға болады?
Бекең тағы былай деп көсіледі:
«...Тілеуберді Әбенайұлы бауырымыздың «Шыңғыс қағанның Құузауырын» қытайшадан тікелей қазақшаға аударуы Шыңғыс хан тақырыбына шын мәнінде төңкеріс жасады. Ол жер аттарын дәл аудару арқылы ұйықтап жатқан санамызды қайта сілкіледі» дей келіп, Шыңғыс хан мен Жамуханың алғаш соғысқан жері Зерен Қапшағай, екінші рет соғысқан жері Күйтең (қазіргі Күйтің), одан әрі қарай Талдықорған мен Жаркент атырабындағы Тілеуберді қазақшалап берген жер-су аттарын тізбелеп шығады.
Сонда Бекең ойланып-толғанып барып: «Шыңғыс ханның ата-бабасы да, өзі де осы өңірде өмір сүрсе, төрт жүз жыл бойы екі бабасы отбасымен бірге тығылып қалған Ергенеқон атты мекен де осы мекенде болуы керек қой» деген қорытындыға келеді.
Бекеңе былай қорытындылап, соңғы нүктесін қою дегенің не тұрады, тәйірі.
***
Т.Әбенайдың «Шыңғыс ханның атамекені Жетісу, Бурхан-Халдун деп айтып жүрген жер – Жаркент» деген сандырағына «кәміл сенемін» деп, кеуде кере сөйлейді. Осыған дейінгі тарихи жазбаларда Шыңғыс ханның атамекені Бұрхан-Халдуннан бастау алатын үш өзенді (Орхон, Онон, Керулен) жоққа шығарып, Жетісудағы Жаркентке әкелуге ақыл-есі дұрыс адамдар сене қоймас.
Отандық және әлемдік тарихи зерттеу еңбектерінде, сондай-ақ 2019 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты құрастырған үш томдық «Қазақстан тарихы» Энциклопедиясының 586 бетінде бадырайта: «Қарақорым Моңғол империясының астанасы. Орны қазіргі Моңғолиядағы Архангай аймағындағы Отгон Тэнгэр (Өтукен тәңір) тауы бөктеріндегі Орхон өзені аңғарында орналасқан» деп жазып, одан әрі 1220 жылы Шыңғыс хан ел орталығын қазіргі Моңғолияның Хантий аймағындағы Керулен мен Куль өзендері түйіскен жердегі Кодеге-арал деп аталған жерден осында көшірді» деп нақтылап көрсеткен еді. Ендеше, сөз болып отырған 2018 жылғы найман Күшлік ханға қарсы Жебе Ноян басқарған 20 мыңдық қалың қолды Шыңғыс хан қай өңірден аттандырған деп қиялдауға орын бар ма? Бекең мен Әбенаевқа салсаң, әрине, Жаркенттен аттандыра салады.
**
Шыңғыс хан қай тілде сөйлеген?
Шыңғыс ханның қай тілде сөйлегені, діни наным-сенімі және туған жері мен этникалық тегі туралы жазылған әлемдік және отандық тарихи жазба деректердің ұшан-теңіз екенін айтпас бұрын химик-академик Мұрат Жұрынов (ҒА-ның президенті) пен өлкетанушы Бексұлтан Нұржекеұлы және «ҒА-ның құрметті академигі» Тілеуберді Әбенаевтардың «данышпандық» ой-жоталарына назарларыңызды аударғымыз келді. Химик-академик былай дейді:
«Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі Бұрхан және Түрген жерлерін қазіргі Моңғолия аумағынан да, Солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, бүгін де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерттеудің бастамасы деп ойлаймын... Шыңғыс ханның өзі түрік тілінде сөйлегені тарихтан белгілі. Моңғол ғалымдары Шыңғыс ханды өздерінің бабасы ретінде есептей берсін, бірақ шындықтың есігін ашып қоюымыз керек. Шыңғыс хан Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам, қазіргі Моңғолияның аумағында тұрмаған. Осыны ғалымдарымыз дәлелдеп, мойындатуымыз керек. Бұл тез арада шешіле қоятын мәселе емес. Зерттеуді әртүрлі тәсілдермен, әрі қарай жалғастыра беру керек. Дулатидың Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде (айта қойшы қай жерінде, қай кітабының қай бетінде жазылған екен? – Ә.Д.) Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді. Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой, осындай нақты дәлелдер бар. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлын тыңдап, еңбегін ғалымдардың талқысына салдық. ҰҒА-ның президиум мүшелері бұл еңбекті әрі қарай жалғастырып, зерттеу керек деген қорытындыға келдік». Сөйтіп, Т.Әбенайұлына Қазақстан ҒА-ның құрметті академигі атағын беріпті.
Т.Әбенайұлы 800 жылдан бері әлемдік шыңғысхантанушылардың ешбірінің қолына түспеген, Қытай архивінен тауып, қазақ тіліне аударды делінген «Хузауырын» Қытайдың қай архивінен, қашан, қалай алғаны туралы нақтылы ештеңе айтпай-ақ, төтелей қазақ тілінде араб әрпімен жазылған деп жұртты сендірмек болады. Сонда, 800 жылдан бері ешкімнің қолына түспеген «Хұзауырын» алақайлап даурыққандағы түпкі ой-ниеті жоқтан бар жасап, қазақ оқырмандарын сендірмекші болғаны қай сандырағы? Аталмыш «Хузауырынның түпнұсқасы қазір кімнің қолында тұр екен? Оны неге айтпайды? «Хузауырын» деген сөздің түрікше-қазақша шежіре екенін қандай грамматикалық, орфографиялық, сементикалық заңдылықтарға сүйеніп дәлелдеді екен?..
Ал Онон атауын Іле атауына өзгерткісі келгені оның сауатсыздығы ғана емес, Қазақстандағы жершіл, жүзшіл, жалайыршыл, албан-суаншылдардың делебесін қоздырып, халық арасына іріткі салуды көздеген саяси арандатушылығы деп білеміз.
Енді, профессор Зардыханның мына уәжіне назар аударып көрелік: «Неге екені белгісіз, біздің қазақ тарихшылары және өзін тарихшымын деп жүрген авторлар қарапайым этимологияға аса құмар болып алған. Егер басқа бір бөтен тілден қазақ тіліне ұқсас 2-3 сөз тапса болғаны, сол жұрттың өң-келбетін айналдырып, қолдан «қазақ» жасай салуға дайын тұрады. ...Сөйтіп, 2-3 ауыз атаудан «ұлт» жасаймыз деп ұлтымызды, оның тарихын карикатураға айналдырып алуымыз мүмкін» деп еді.
Енді бірер сөз, Шыңғыс хан дәуірінде моңғол-түрік халықтары тілінің қандай болғанына арнаймыз:
Жалпы тіл білімі саласында түрік-моңғол халықтарының рухани дүниесін салыстырған іргелі ғылыми еңбектер бар. Соның ішінде ерекше ықыласпен айтарымыз, Алтай тектілерін (түрік, моңғол, тұңғыс тілдерін) зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі алтаист Базылхан Бұқатұлы ұзақ жылдар бойы қазақ пен моңғол тілдерін тікелей зерттеумен шұғылданып, 65 мыңдай сөз қорының түбір, морфема құрылысын мұқият тексеріп, соның нәтижесінде «қазақ пен моңғол тілдерінде барлығы 3500 түбір сөз бар, оның екі мыңының түбірі ортақ, мағынасы бірдей, ал қалған 1500 түбірдің өзара мағынасы мен формасы сәл өзгергенімен негізінен толықтай сәйкеседі, осы екі тілдің шығу тегі бір, туыс тіл» деген қорытынды жасады.
Әбенаевшылар бұған қарсы не айтар екен?
Базылхан Б. Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы (қысқаша курс). Өлгий. 1973. 4-б.
Мені таңғалдырғаны – Халық жазушысы атанған Бексұлтанның, профессор Базылханның осынау теңдессіз зерттеу еңбегін оқымағандығы немесе әдейі оқымаған, білмегенсігені еді. Жаркент айналасындағы жер-су атауларын тізбелеп, оны Тілеубердінің тікелей қазақшалағанын, бірақ сол топонимдердің ішіндегі «Іле» өзені осы қалпында М.Қашқари сөздігінде «Іле дариясын кештік біз, Бұтханаларын қиратып, Бурхандарына тыштық біз» деп жазғаны бар. Ал Бекең атаған 15-20 атау – Жетісуды 80 жыл мекендеген Жоңғар қалмақтарынан қалған сөздер екенін де білмеген ғой.
Мен үлкенді-кішілі 5-6 тіл бойынша ғылыми-зерттеу жұмыспен айналысып жүрген адаммын. Менің өмірлік тәжірибеме сүйене айтарым – басқа ұлттың тілінен мың сөз білген адам сол ұлттың адамдарымен сөйлесіп, қажетті жұмысын тындыра алады. 5 000-10 000 сөз игерген адам өзіне керекті ғылыми жұмысын пайдалана алады. Профессор Базылхан зерделеген 3 500 түбірі бар сөз қолдана алатын моңғол-түрік-қазақ ата-бабаларымыздың тілдік жағынан жақындығына күмәнмен қарау үшін сауатсыз, надан болу керек шығар.
Жалайыршылар мен қоңыратшылар назар аудармаған немесе қасақана елеусіздендіргісі келген маңызды мәселе – осы екі халықтың бір-біріне ұқсастығы мен бөтендігі жөнінде тоқталып көрелік.
Шыңғыс хан өмір сүрген дәуірде (тіпті одан бұрын немесе одан кейінгі бір ғасырда) Моңғол үстірті мен Алтай-Жоңғар тауларын мекендеген осы халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсастықтарға назар салғанда:
1. Тіршіліктің қайнар көзі болған азық-түліктері төрт түлік малға – оның еті мен сүт өнімдеріне, терісі мен жүніне, қатынас көліктеріне тәуелді еді. Басқаша айтқанда, осы ауылы аралас – қойы қоралас екі халықтың жанбағыс негізі ұп-ұқсас болатын.
2. Осы екі халықтың баспанасы киіз туырлықты, ағаш керегелі киіз үй болатын.
3. Осы екі халықтың өзін-өзі қорғар, сондай-ақ жауына қарсы қолданар бес қаруы – садақ, найза, қылыш, семсер, айбалта немесе шоқпар-гүрзі тоқпақ болды.
4. Діндік наным-сенім негізінен Тәңірлік әрі аруаққа сыйынып, табынуды ұстанған. Бұл мәселе жөнінде кесіп-пішіп айта салуға әсте болмайды. Ол үшін уақыт – заман, геосаяси жағдай, діни ағымдардың таралу жағдайларын назардан тыс қалдыруға болмайды.
Шыңғыс хан заманында наймандар христиан дініне, моңғолдардың кейбір тайпалары несториандыққа, сондай-ақ будда-ламаизмнің ықпалына да түсе бастағаны тарихтан мәлім. Бірақ Шыңғыс хан ата-бабасының Тәңірлік – наным-сеніміне адал болып өмірден өтті.
Моңғол үстіртіндегі басқа ру-тайпалар да негізінен Тәңірлік наным-сеніммен өмір сүрді. Күшлік ханның Моңғол үстіртінен айырылып, бүгінгі Қазақстан мен Мауреннақырға келіп жергілікті мұсылман түріктер дініне қарсы жүргізген зорлық-зомбылығының салдарынан халықтың қолдауынан Жебе Ноянның 20 мыңдық жасағынан жеңіліп, басынан айырылуында осындай себептер бар болатын.
Бұдан шығар түйін: халықтар арасындағы діндік алауыздық сол заманда да болған. Әрі сол халықтар тағдырына айтарлықтай әсер еткен.
5. Аталған екі халық арасындағы ұқсастық пен жақындықтың жарқын көрінісі – құдандалық қарым-қатынастан көрінеді.
Біздің әбенаевшылдар мен химик, академик Жұрыновтар, өлкетанушы Бексұлтандардың тарихтың осынау әліппелік сауатының ашылмағанына таңғаламыз әрі аяймыз.
Әлімғазы Дәулетхан
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор