Шынжаң қазақтары: Айтқанымды тыңдамасаң, «үйренуге» барасың»
Туған жерден алыстап, әдеттегідей Алматыны бетке алып кетіп бара жатқанымда енді кіндік қаным тамған топырақты, мұндағы ет бауыр ағайын туысты он жыл көрмеймін деген ой мүлде қаперіме кірмеген-ді.
Себебі ол кезде Қытай коммунистік билігінің қабағына сыз қата қоймаған, жайма-шуақ заман еді. Сондықтан да Қазақ-Қытай шекарасынан 25 жылдан бері ағылып жатқан көш аз уақыттың ішінде пышақпен кескендей қиылады деп ешкім ойлаған жоқ. Өкініштісі – дәл солай болды! Әу баста бұрқасындап басталған Қытай саясаты кейіннен үдей түсіп, ақыры бет қаратпайтын дауылға айналды. Жолындағының бәрін қидай сыпырды, көлденең қылау қалдырмады. Сөйтті де айдын-күннің аманында қазақтың тағдыры тағы да талапайға түсті. Шекараның екі жағында жүректері қақ жарылып, ана мен бала, ата мен немере, аға мен іні қалды.
Одан кейінгі Қытайдағы қазақтардың аса ауыр жағдайы былайғы жұртқа мәлім болса керек. Біраз қандас тергелді, тексерілді, кейбіреулері «саяси үйрену» деп атаған орталықтарға тоғытылды. Тағылған «айып» әртүрлі. Тіпті сұраусыз, тергеусіз кеткендер де бар дейді. Анығы, 2017-2020 жылдары Шынжаңдағы саяси жағдайдың күрделеніп, ондағы мұсылман азшылық ұлттардың қуғын-сүргінге ұшырағаны. Тіпті осындай қиын кезде жақын туыстардың өзі хат-хабар алысудан именіп, «мұнда қыс қатты болып тұр. Дауыл басылар емес, қыс аяғы созылып барады» деп астарлап, хабар жеткізуге мәжбүр болды. Қош, сонымен туған жерге не себепті он жыл табанымыз тимегенін айтамыз деп жүрек сыздатар сол бір сүреңсіз кездерді аз-кем еске алдық. Енді, міне, он жылдан соң туған жердің дәмі тартты.
Мұнда қазір баяғы жайма-шуақ күндер тұтастай орнамаса да «суықтың беті қайтыпты». Бастапқы күндері ағайынның ыстық ықыласынан, аңсап, сағынып барған көңілдің көтеріңкі күйінен болар, айнала төңіректен көп өзгеріс байқай қоймадық. Уақыт өте келе жан-жағымызға бажайлап қараған сайын әлгі ызғарлы, суық күндердің табы әлі өшпегенін аңғардық. Үш-төрт жылға созылған саяси науқан, коммунистік партияның оңды-солды жүргізген озбыр, зорекер саясатының суық табы, салқын ызғары айналадан, күнделікті тіршіліктен, адамдардың жан дүниесінен анық сезіледі. Тіпті ұлттың тұтас болмысын, рухани құндылығын отағаны, бұтарлап, балталағаны соншалық, осыдан он жыл бұрын мұнда қаймағы бұзылмаған, дәстүр салтынан ажырамаған «ат талғалап, атан қомдаған» байырғы қазақтың жұрты болған дегенге де илана алмайсыз. Кісі танымастай өзгерген. Бейнелеп айтқанда, құйын келіп, қазан-ошағын қиратып, ошағының отын өшіріп кеткендей, дәл сол ойраннан кейін аңырап, ашық-шашық шашылып жатқан жұрттың үстінен түскендей қамығыңқы күй кешесіз. Біз мұнда ешқандай да асыра сілтеп, артық айтып отырған жоқпыз. Көп ойландық, толғандық. Осы бір өткір, нәзік тақырыпты айтсақ па, айтпасақ па деп те әрі-сәрі күй кештік. Жасыратыны жоқ, араша сұраған сөзіміз – ондағы ағайынға таяқ болып тие ме деп те қамықтық. Ақыры қалай десек те, он жылда Қытайдағы қазақтардың қоғамдық, әлеуметтік, саяси өміріндегі өзгерістерді айтуды жөн көрдік. Себебі бұл менің туған жерімдегі аз қазақтың трагедиясы емес, тұтас Қытайдағы қазақтың басына түскен тауқымет, тұтас ұлтқа үйірілген қара бұлт қасірет. Жер бетінде айдын-күннің аманында 1,5-2 миллион қандасынан айырылу қаупі алдында тұрған біз ғана шығармыз. Енді ойымыз дәйекті, сөзіміз нанымды болуы үшін өзім көрген, түйсінген дүниелерді бір-бірлеп айта кетейін.
Бүлінген зираттар
Шынжаңда жүргізілген саяси қысымның бір сылтауы – діни экстремизмге қарсы тұру болды. Қалай дейсіз бе, коммунистік үкімет ертеден бері қадағалап, бақылап отырған діни ахуалды тіпті де жұмсартып, анығы, жойып тынуға ниет етті. Осыдан соң рұқсатсыз намаз оқыды, дінді заңсыз насихаттады деп қазақ, ұйғыр, дүнген қатарлы мұсылман азшылық ұлттарды қудалады. Сауатын арттырамыз, коммунистік партияның тарихына қанықтырамыз деп арнайылап ашқан «саяси үйрену орталықтарына» апарды. Жергілікті қазақтардың сөзінше, уақыт өткен сайын науқан қыза түскен көрінеді. Тіпті Ораза ұстаған, кісісі өліп, «рұқсатсыз» жаназа шығарған адамдарға дейін «тазалаудың» құрығына ілінген екен. Қызыл өкіметтің пәрменді бұйрығы аз-ақ күнде орындалады. «Күмәнді», «күдікті» адамдардың бәрі ұсталады, барғандардың бәрі тілін партияның заңына сындырып, енді қайтып діннің маңына жолдамайтын болып «уәде» беріп келеді. Әрине, «қылмысы ауырлары» сотталады. Із дерексіз, хабарсыз кетеді. Алайда қызыл өкіметтің озбырлығы мұнымен шектелмейді. Ақыры діни заттарды, ұлттық нақыштағы мүкәмәлдерді тұтасымен құртуға ниет етеді. Бұл саясаттың әбден қызған, зар бағына жеткен кезі. Тірі жан бас көтеріп «әй, мұның қалай?» деп сұрай алмайды.
Жағыңды ашып, тісіңнің арасынан сыздықтатып болса да қарсы сөз айтып көр. Бітті. Барар жерің «үйрену», тіпті жергілікті шолақ белсенділер енді халықты: «Айтқанымды тыңдамасаң, үйренуге жіберем» деп қорқытатын болған. Сонымен, үйдің әшекейіндегі ұлттық ою-өрнек тұтасымен жойылды. Ақыры мұны да олқысынды, қалай да сенің ішкі құндылығыңмен, жан дүниеңмен бітеқайнасқан, тарихтан тамыр тартқан бүгініңмен іштей байланысып, сенің көкірегіңе нұр құйып тұрған өлеусіреген сәуледей болса да құндылық қалмауы тиіс. Қалай да бәрі бүлініп, ойрандалып, ақыры жойылуы қажет. Келесі ұрпаққа, ендігі өскінге ешқандай белгі болмағаны абзал. Ақыры тіміскелеп жүріп, оны да тапты. Зират! Иә, ата бабаң мәңгіге тыным тапқан, тыныштықтың, мәңгіліктің мекені ескі зираттар. Әрине, тұтастай қопарып, қиратып тастамайды. Басындағы құлпы тасына шүйлігіпті. Кезінде өздері рұқсат еткен, қолы жеткендер қаладан арнайы жасаттырып, ойдырып, оюлап әкелген мрамор тастардың үстіңгі жағындағы ««Лә иләһә иллә Алла, Мухаммадур-расулуллаһ» деген қасиетті сөз, сонан соң мұсұлмандықтың белгісі ай «саясатқа қайшы, әсіре дінді насихаттаушылық» болып шығыпты. Бұл жолы да еш аяушылық жасалмады. Ауылда шағын жиналыс өткізіледі. Осындай да осындай, «мұның бәрі теріс, әсіре діншілдік, партияның қазіргі жүргізіп отырған саясатына қайшы» деп, қысқа қайырым түсіндіреді. Сонан соң: «Ең дұрысы, өздерің барып, әлгі «заңға қайшы» жазуды өшіріңдер, айдың көзін құртыңдар, дұрысы, тездетіңдер, жақында жоғарыдан тексеру келеді. Сонда май өкшелеріңе жақсы болмайды» дейді. «Бұл – партияның бұйрығы», оған ешкім қарсы шыға алмайды. Сөйтіп, құлпы тастағы «теріс жазу» жойылды. Біреу қиялап шапқан, біреу көлденеңдеп аралаған, енді біреулер қимаған секілді жазудың бетіне баттастырып қаралап, бояу жаққан. Бойыңды суық үрей билейді. Сол кездегі амалсыздықты, жанталастықты сезесіз, өз атаңның басын өзің балталап өшіргеннен артық қандай қасірет болуы мүмкін. Осы ой көмейіңізде бүлк етіп оянғанда көзіңізге ыстық жас үйіріледі...
Ту шығару салты, Си төрағаның фотосы және «Ботагөз» романы
Саяси науқанның тағы бір қызған тұсы – ту шығару салты. Әр дүйсенбі күні таңертең жергілікті әкімшіліктің алдына қарайған халық жиналып ту шығару салтанатына қатысады. Бұл рәсімнен кешігуге немесе қатыспай қалыс қалуға болмайды дейді. Сіздің партияға адалдығыңыз, үкіметке сенімділігіңіз осындай саяси іс-шараларға белсене қатысқаныңызбен өлшенеді. Онсыз да саясаттың дауылы үдеп тұрған кезде көлденең кеселге, жолүсті жалаға ілініп қалмайық деп шошыған халық «ту шығарудан» шет қалмапты. Тіпті кейбір қазақтар: «Алыс отарда болсақ та таң бозынан оянып, ту шығаруға келіп тұрдық» дейді. Сөйтіп, мемлекеттің бес жұлдызды қызыл туы көкке көтерілгенде жұрт жамырап, әнұранды айтады. Одан соң 10-20 минут жиналыс. Мұнда көбінесе «тәртібі нашар» ту шығару салтына кешігіп келіп жүргендердің тізімі оқылып, ескерту жасалады екен. Екі-үш рет ескерту алсаңыз, барар жеріңіз белгілі.
Бірде әлдеқандай жамағайынның үйінен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің фотосын көзіміз шалды. Айналасын қоршаған ұйғыр дихандары. Олардың жүзінен күлкі еседі. Си Цзиньпин де көңілді, бәрі сондай риясыз, тістерін ақсита күлген. Мұны алғашқыда кездейсоқтық деп топшыладық. Кейіннен Қытай басшысының халық арасында түскен фотосын бірнеше үйден көрдік. Бірде мектеп оқушыларының арасында, тағы бірде қарт әжені қолтықтап, көңілді жымиып тұрады. Енді ойландық, мұның қалай да саяси астары болуы мүмкін. Сырт тартып сұрап едік. Көп ешкім ашылып жауап бермеді. Тек «кезінде әкімшіліктегі кісілер әкеліп берді, ешкімді зорлап қыстамаймыз, іліп қойсаңыздар өздеріңізге жақсы деп айтты» деді. Бәрі түсінікті. Коммунистік Қытайда мұндай үрдіс атышулы «Мәдениет революциясы» кезінде қатты етек алған. Үй басында сол кездегі төраға Маоның әртүрлі фотосы ілінген. Мұны соның саяси жалғасы деп түсінген жөн.
Негізі Қытайда ешқандай кітап, журнал заңсыз шығарылмайды. Оған әу баста қатаң тыйым салған. Қандай да бір кітап заңсыз таратылса, оны істеген адам заңмен қатаң жазаланады. Демек, Қытайдағы қазақтар арасына ешқандай да «заңсыз» кітаптың жете қоюы қиын жағдай. Бірақ Қытай билігі саяси науқан кезінде кітаптың бәрін сыпырып-сиырып, жинауға көшкен. Бастапқыда «өз еріктеріңмен тапсырыңдар» деген, кейіннен әдейілеп іздеп, тінтіп, бәрін қолды еткен. Діни кітаптан өзге ұлттық құндылықтағы кітаптардың бәрінің көзі жойылған. Ел аралап, қыдырыстап жүргенде бір үйден «Ботагөз» романы көзіме оттай басылды. С.Мұқановтың әйгілі «Ботагөз» романы! А.Байтұрсынұлы алфавитімен жарық көрген нұсқасы. Бала кезімізде қызыға, құныға оқыған роман. Үй иесі менің кітапқа аялай қарап тұрғанымды байқаса керек: «Кітап көп болған, бәрін алып кетті, тек «Ботагөзді» қимадым, шөп маяның ішіне жасырып алып қалдым» деді. Ары қарай біз де түсіндік. Әңгімені осы жерден үздік. Көкшіл мұқабалы романды тағы бір мәрте аялай сипадық, ішімізді жып-жылы ағыс кернеді.
Осыған жалғас мынадай бір оқиға кейіннен есіме оралды. Мұны Қазақстанға көшіп келген, саяси науқан кезінде Қытайда болған қазақтан естіп едім. Ол айтады: «Атамнан қалған ескі діни кітаптар бар еді. Саясат күшейген кезде не істерімізді білмей қиналдық. Үкіметке тапсырып берейік десек қимадық, ал алда-жалда үйге тінту жүріп, кітаптар қолды болатын болса, бізді де жазасыз қалдырмайтыны анық. Ақыры ойлана келе кітаптарды ескі қыстауға апарып жасырдық. Онда да күндіз қорқасың, бейсауат біреудің көзіне түсуден, сөйтіп түнделетіп, апарып тықтық» деп.
«Ханзу бала»
Көп дүниеге көре келе бойың үйренеді екен. Коммунистік жүйе ерте ме, кеш пе, дәл осылай саясат жүргізетінін іштей сезетін де сияқтысың. Алайда айналасы он-он бес жылдың ішінде Қытайдағы қазақтардың, әсіресе жастарының тұтастай тілінен айырылғанына қынжылып, қамығасың, әрі таңғаласың. Осынша қысқа уақыт ішінде дәл бұлай отарлап, бұтарлап, ұлттық болмысыңның тоз-тозын шығарып құртып, бала біткенді қытайша сөйлету дегеніңіз сирек кездесетін озбырлық болар. Қазақ ашаршылықта қынадай қырылдық, қудаландық, итжеккенге айдалдық, енді, міне, тағы да қайталап айтамыз, айдын-күннің аманында 1,5-2 миллион қазақтан айырылғалы отырмыз. Бір жола айырылмасақ та, енді олар тілінен, ділінен, өзегінен ажыраған хәлге тап болары шүбәсіз.
Ағайын туысты аралап, алыс-жақынды көлікпен шарладық. Сонда көлік тізгініндегі қазақ жігіттердің көбісі қазақша ән тыңдайды. Тағы бір жігіттің көлігінен айтыс тыңдадық, әлгі жігіт айтысқа сүйсініп, жаны тебіреніп отыр. Әттең, осындай қазақы, осындай болмысы бүлінбеген азаматтың үйіндегі баласы қытайша сөйлейді. Қазақшасы шұбар ала немесе мүлде жоқ. Әрине, мұның да өзіндік себебі бар.
Қытайдағы қазақтардың оқу білімі осыдан оншақты жыл бұрын қытай тіліне тұтастай көшкен. Бастапқы кезде «Ана тілі», «Әдебиет» сияқты бірлі-жарым сабақтар қазақ тілінде өтетін. Кейіннен бәрі өзгерді. Өзгергенде де өте сорақы жағдайда өзгеріпті. Мысалы, сіздің балаңыз қазақ мектебінде оқып жүреді, ертесі сабаққа барса, бәрі қытай тіліне ауысқан. Көнсең де осы, көнсебең де – осы. Енді қайтпек керек, бала намыс үшін болса да жанталасады. Өзінің еш қажетке жарамай қалған тілінен еріксіз безінеді. Сөйтеді де аз уақыттың ішінде қытай тілін үйренеді. Шіркін-ай, әлгі балалар көздері жәудіреп қарайды. Біздің балалардың қазақша сөйлегеніне іштей тамсанғандай болады. Әттең, тамырынан ажырап бара жатыр.
Біздің балалар дегеннен шығады. Біз Қазақстанда туған үш баламызды ерте бардық. Ел көрсін, жер көрсін, әкесінің, атасының атақонысына аунатып қайтайық деген ой еді. Балалар жүрген жерінде қазақша сөйлейді. Күнделікті дүкенде, көшеде де солай. Олардың бұл «мінезіне» қытайлар үрке қарайды. Анығы – «сендер қалай өз тілдеріңде сөйлеп тұрсыңдар?! Менің тілімде сөйлеңдер!» деген өктемдік байқалады. Ұлттың мәдениетінің, тілінің соншалық керексіз болып, бір бұрышқа сырылып қалғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Бұрында, мектеп оқып жүргенімде қалаға жолымыз түсе қалса кітап дүкеніне соғатынбыз. Кейіннен Үрімжіде оқыдым. Онда да орталықтағы үлкен кітап дүкенін төңіректейміз. Сол үрдіспен бұл жолы да кітап дүкендерін араладым. Мұнда да мардымды ештеңе қалмапты. Негізінен Қытай коммунистік партиясының тарихы, Мао, Си Цзиньпин шығармалары (кереқарыс алты-жеті том), партияның мың бір мехнатпен құрылғанын тамсана айтқан аударма шығармалар. Бұрындары Абайдан бастап, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов шығармалары самсып тұратын. Қытайдағы қазақ әдебиеті өз алдына бір төбе. Қазір олар да сиреген, бірлі-жарым әлманах, топтамалар ғана. Есесіне, партияны мадақтаған, әлде бір қаһарманның ерлік ісін үлгі еткен кітап көп...
Шынын айтқанда, бұл кітаптарды да оқитын адам аз. Себебі А.Байтұрсынұлы үлгісіндегі алфавитті танитындар күн санап азайып барады. Кейінгі жастар, балалар туралы айттық. Олар мұны білмейді, білсе де ұмытқан. Енді мынадай да ойға қаласың. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының алфавиті біраз жыл Қытай қазақтарының арасында өмір сүрді. Сол жақтағы қандастар осы жазу үлгісін пайдаланып, үлкен әдебиет, мәдениет жасады. Енді, міне, осының бәрі бір сәтте, аз уақыттың ішінде күлге айналды, желге ұшты. Арысы – жарты ғасырға жуықтаған ұлттың рухани құндылығы жойылудың аз-ақ алдында тұр. Ең өкініштісі – Ахаңның алфавиті заманға ілесе алмай, табиғи түрде қатардан шығып қалған жоқ. Қытайдың күштеп құртуының кесірінен ұрпақтың санасынан өшірілді. Оның орнын қытай иероглифтері басты. Ахмет Байтұрсынұлы алфавитімен бірге үлкен өнер, әдебиет өшті, құрыды. Сөздің реті келгенде айта кетейік, Қытайдағы қазақ руханиятының ендігі тынысы, өрісі Қазақстан. Ондағы рухани мұралар Қазақстанға қотарыла көшірілуі тиіс. Әрине, әр жылдары там-тұмдап келіп тұрды. Енді бұл шаруа жедел түрде қолға алынуы қажет-ақ.
«Шекара отыз жыл ашық тұрды ғой»
Қытайдағы қазақтың қиын жағдайын, олардың саяси қысымға ұшырағанын, тілінің жойылғанын айта қалсаңыз «шекара отыз жыл ашық тұрды ғой, сол кезде неге келіп алмаған» дейтін де көзқарас көлденең тартылады. Иә, шекара ашық тұрды. Бірақ көштің кешеуілдеуінің бірнеше себебі де болды. Ең әуелі Қытайдағы қазақтар өзінің атақонысында отыр. Олардың күл төккен, талай ғасырдан бері мекен еткен топырағы, оны бір күнде қиып, ордалы жұртын тастап кету де оңай емес. Әрине, сонымен қоса Қытайдағы әлеуметтік жағдай, жайлы тұрмыс та көшке белгілі деңгейде салқынын тигізген болар, бірақ бұл басты себеп емес. Бастысы – өз қолымызбен жасалған кедергілер, бөгесіндер. Шынын айтқанда, біздің көші-қон саясатымыз әр жылдары әртүрлі, ала-құла болды. Тіпті бірде азаматтық беру тоқтатылды. Енді бірде «Жаңаөзен оқиғасын» қандастарға теліп, саяси астар іздедік. Бұдан өзге де ірілі-ұсақты кедергілер үнемі қазақ көшінің алдынан шығып тұрды. Қазір ақпарат заманы Қазақстандағы оқиғалар, жаңалықтар күн құрғатпай Қытайдағы қандастар арасына жетіп барады. Әсіресе аттан, ойбайы көп жаңалық алдымен тарайды. Әрбір жаңалық оларды елең еткізеді. Мысалы, жамағайын бір ағамыз көктемгі су тасқынын айта келе: «Алла-ай, қар суына аққан жылқылардың кісінегені әлі құлағымда тұр, обал-ай! Қалай аман алып қала алмадыңдар?!» деді қамыға. Ал Үрімжі-Құлжа пойызындағы жолсерік қазақ қызы: «Аға, әйелін соншалық аяусыздықпен өлтірген Бишімбаевты неге аз жылға соттадыңыздар? Салтанатқа обал-ай» деді көзі мөлдіреп...
Көз алдымда ескі жұрт. Жаңа ғана қимай қоштасқан ағамыз, қайта айналып шауып келіп, атынан қарғып түсіп, қапсыра құшақтады. Аттың қатты шабысынан ба, әлде қимастықтан ба, көзі сора-сора. Біз ұзап кете бардық. Ағам ат үстінде қалқиып әлі тұр. «Дәм тартса барамын» деген сөзі құлағымда күмбірлейді.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ