Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:33, 17 Қазан 2023

Шырғалаң ғұмыр сәулесі

2
Фото: из открытых источников

Жанат Ахмади бәрімізді қайран қалдырып, бірден эпостық тарихи «Дүрбелең», «Шырғалаң» романдарымен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әдебиет табалдырығын аттады.

«Кейінгі жылдары, менің ұғымымда «Дүрбелең» романының авторы ұлттық қадір-қасиеттер, діл, тіл тағдырына қатысты әдеби ойлы толғаныстарымен оқушы көкірегіне біржолата ұялай бастаған қазақ қаламгерлерінің бірегей бір бегзаты – Жанат Ахмади» деп, оның жазу мәнеріне назар аударып, жоғары бағалаған әйгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев еді.

Өзіне етене жақын оқиғалар бас кейіпкер, болыс, би, көсем де шешен Керімбек төңірегінде өрбиді. Оспан батырдың жиырма жылға созылған қаһарман ерлігі, қасіретті қақтығыстары, «...Басында көз жетпеген, білдірмеген, нең қалды қайран елім бүлдірмеген?! Сиқырлы қармағы бар суға салып, көрінбей бауын тартса ілгір келген» деген Таңжарық ақын, ағалы-інілі Әкбар мен Сейіттің көтерілісі, «алым-салық зардабымен теспей соратын» дүңген Мамозы, «еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бір заман «Шың ду бән жасасын!» дегізген» Шыңжаңның билеушісі қытай Шың-Ши-Сай, түрлі ұлт пен сол кезеңдегі қым-қиғаш жайттер, өзара текетірестердің логикалық жалғасы тіреле беретін, «ешкім алдынан қия» өтпейтін Керімбек би шығарманың негізгі кейіпкерлері. Осындағы Керімбек Жанаттың әкесі Ахмадидің ағасы, сегіз ағайындының үлкені.

Үш Аймақ өкіметінің мүшесі және Іле аймағынан сайланған үш қазының бірі ретінде Шыңжан тарихындағы аты әйгіленген Керімбек 1948 жылы алпыс төрт жасында дүниеден өткен. Бұ кезде Жанат бес жаста. Өсіп өнген ортасының, көшпенділердің ертегіге бергісіз сән-салтанаты, бүгінгі моральдық заңдылықтар ширегіне де жетпейтін салт-дәстүрлеріміздің гуманистік көріністері жасөспірім Жанаттың сана-сезімін қалыптастырып, өмір-өнерінің айрықша мазмұнына айналды. Телегей-теңіз тебіреністен, күш-қайраттан, ыстық ықыластан туған «Дүрбелең» мен «Шырғалаң» романдары автордың жеке тағдырының да сипатын айқындап, тым ұзаққа созылған жеке өмірінің дүрбелеңі, шырғалаңы өкінішке қарай.

Ел жақсыларының қатарында би, зәңгі әкесінің тұтқындалып, абақтыда ауырып, өлім халінде алып келгенде, Жанат нағашыларының қолында, 4 сыныпта оқитын. Анасы сегіз бала туып, соңғысында өмірден аттанып кете барған бұдан бірер жыл бұрын. Енді, міне, «Сен батырсың ғой... Жыламай жүр, жарай ма» – деп, қиналғаны еш білінбей, «аузынан дөңгеленген көк жалын шығып, аз ұзап барып жоқ болды» қайран әке.

Ағаларының, ағайынның арқасында ес жиды, зоотехник мамандығын меңгерді. Сәтті бір жаңалық – жеңгесінің және оның ата-анасында совет азаматтық төл құжаттарының болғаны, тетелес Оразхан екеуі жетім бала ретінде қытай заңымен сол құжатқа тіркеліп, 1962 жылы 19 жасында Қазақстанға өтті. Еңбек жолы 1962-1972 жылдары Қапал ауданында мал дәрігері, 1972-1986 жылдары Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» кеңшарында түрлі жұмыстар атқарды, 1986-1996 жылдары Орталық мемлекеттік мұрағатта кіші, аға ғылыми қызметкер, – деп қысқа қайырылады. Алда-жалда тарата бастасақ, осы аралықта басынан өткен небір қиямет-қайымнан төбе шашыңыз тік тұрар еді.

«Зар-Зарауха» хикаятын жазу үшін қай жер ыңғайлы, кім жылы қабақ танытса, сонда, көбінесе Қытайдан келген таныстарын сағалап, әр жерде жүргенінен күдіктенген билік 1972 жылдың көктемінде түрмеге қамап, артынша Талдықорған қаласының жындыханасына жатқызады. Әрең дегенде сау екенін дәлелдеп, қайтадан түрмеге әкеледі. Сол жылдың күзінде шекаралық аймақтан кемінде мың шақырым аулақта жүруі үшін Қазақстанның Қарақалпақпен шектесетін «Келінтөбе» ауылына 15 жылға жер аударылып, Жаңақорған ауданы маңынан ешқайда шықпауы міндеттелді. «Шпион екен... рациямен хабар бергенін көріп, жер аударыпты... құрсын, байқаңдар...» тәрізді сөздер шарлап кетті төңірегін. Аудандық газетте өзін «әшкерелеп» жарияланған мақала жағдайын мүлдем ушықтырып жіберген. Ештеңеге қарамастан, жұмыстан бос кезінде «Дүрбелең» романын бастап, бүкіл зейінін, ықыласын жазуға аударды. Жан жарасынан, туған-туыстарына деген сағыныштан, жөн-жосықсыз жаладан, аттап басқан адымын тұсаулаған әділетсіздіктен арашалап, жолын ашқан жазу армандаған Алматысына жеткізді-ау, әйтеуір.

Бұдан кейінгі тірлігі де күреске, драматизмге тұнып тұр. Уақыт пен заманның құбылмалы құбылыстарының бәрін басынан өткерген қаламгер туабітті талантының, қасиетті қаламының арқасында рухани мол мұра қалдырды соңына. Ана тіліміздің таңғажайып әуез-әуенін, шексіз мүмкіндігін, қайталанбас ырғағын дәлелдеп, ғасырлар қойнауынан ескен өзгеше бір сарынмен қауыштырды оқырманын. Тосыннан көне де жаңа, мәлім де беймәлім тәсіл ме... сөзді дереу музыкаға айналдырған амал, әдіс... жанр қалыптастырды Жанат.

Жанат Ахмади туындылары жайлы Қабдеш Жұмаділов, Рымғали Нұрғалиев, Рахманқұл Бердібай, Әзілхан Нұршайықов, Оразбек Сәрсенбай, Ғаббас Қабышев, Мәмбет Қойгелдиев, Сапар Байжанов, Софы Сматай, Смағұл Елубай, Тынымбай Нұрмағамбетов сынды атақты әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, талантын мойындады. Бұған өзі сондай қуанатын. Жылы лебіз, тілектер бірте-бірте кәсіби талдауға ұласты. Кітаптары оқырмандары мен әріптестерінің ғана емес, сыншы, ғалымдардың да ұдайы назарында жүрді. Қай шығармасын алмайық, талдап-зерттеу айналымына түскен.

Қашан, қалай танысқанымыз есімде қалмағанымен, әдеби ортаға енген шағынан жүзі таныс, түрлі басылымдарда, әсіресе «Ақ желкен» журналында еңбек еткенімде жиі келіп жүрді. Дәл сол кезеңде, ұлы мен қызы мектеп оқушылары, фотоларын мұқабаға шығарып, жазған-сызғандарын жариялайтынымыз есімде. Мүмкіндігін қарастырып, қалайда Жанатқа көмектесуге тырысатынмын. Ірілі-ұсақты сондай жайттерды ұмытпай, ризашылығын білдіріп, мұны: «Ақ желкен» журналына бас редактор болғалы берi оның алдына келiп десi қайтқан бiрде-бiр қалам иесi болды ма екен? Ешкiмдi алаламайтын – адам таңдамайтын биiк таным, дарқан сезiм иесi әсiресе бұрын танылмаған, әлi көрiне алмай жүрген қабiлет, дарын иелерiн жарыққа шығаруда алабөтен еңбек еттi деп айта аламыз» деп жазғанынан да аңғаруға болады. Бәлкім, кейде асыра мақтап, анда-санда хабарласып, телефон шалып, қашан көзі жұмылғанша құрметтеп өтті. Талай мақала жазды арнап, эфирде, жиын-тойларда есімімді аспандатты. Кітаптарын сыйлады, құлаш-құлаш тілектерімен. Соның бірі, ең қысқа жазылған, 2000 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан «Жүрек қартайса ажал аңду салады» кітабына қолтаңбасы:

Өзімнің де оның мерейтой, т.б. шараларында айтқандарым еске түсіп, неғып қағазға түсірмедім екен деп отырғанда, күнделігімдегі мына тіркестердің жылт еткені: «4 сәуір, жексенбі, 1999 ж. Күтпеген жерде үйге қонақ шақырдық. Жанат Ахмади мен Болатжан, Қытайдан осында қоныс аударуға ниет етіпті. Қажытай Ілиясовтың үйінде Тоқаң танысқан екен жақында, өзі емші, әнші, ақын. Біраз отырып, әңгімелестік. Тоқаң со жақтағы таныс-туыстарын іздеуді тапсырды. Жанат ауырып жүрген тәрізді. Қан қысымым дұрыс емес, – дейді, – кеше базардан өтіп бара жатып, ағамды арақ ішіп, қасындағылар да сондай, жүргендерін көріп, жүрегім сыздады. Бір-екі адымнан кейін басымнан аяғыма дейін ду етіп, ып-ыстық леп пе, ток па, соғып өтті де, құлауға шақ қалдым. Асығыс болды. Тағы бір үйге шақырған екен, тез кетті».

Ұдайы осылай асығыс, 2016 жылы өткен мерейтойымда сөз кезегі ертерек тимей, себепті шаруаларына орай тез кетуге мәжбүр болса керек, айта алмағанын кейін әлеуметтік желіге ағыл-тегіл ақтарып, «қалам қуатымен қоса биік жаралған адами болмыс парасатына өзгелер сияқты бәріміз де борышқормыз» деп аяқтапты. Өзіме айтқанының бәрі Жанаттың өзіне тән: «ұстанымы елде жоқ... біреудің титтей көмегін көрсе, соны немен қайтаруды ойлап, борыштар, өлгені болса Құран оқып отыратын, өзінің алғашқы кешкен бұралаң жолдарын өзгелерден де іздейтін, әдебиетке де, кісілікке де әділ, қолында ардай таза, ақ қағазы мен қасиетті қаламы, қазы да, би де өзі, еңбекқорлығымен, сыршылдығымен ғұмыр» кешті. Мұның астарында замандастары, бізден гөрі қиындыққа жиі ұшыраған, сорға сор мінгесіп, «Жерінен ауғанға жеті жыл қоныс жоқ», «Бақ адасса, батпаққа қонады» дегеніндей, дүрбелең мен шырғалаңға толы ғұмырының қара орман халқын, оқырманын тура жолға бағыттайтын бағдаршамдай жылт-жылт сәулесі ұшқындайды.

 

                                                                                                                  Мағира Қожахметова

                                                                                                                           жазушы