Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:50

Шырын Батырғали, әлеуметтанушы: Өзін патриот санайтын кейбір азаматтар мүмкіндік туса, елден кеткісі келеді

Патриотизм
Фото: из открытых источников

Патриот сөзі алғаш рет 1789-1793 жылдардағы Француз революциясы кезінде қолданысқа енді.

Халық ісі үшін күрескендер, республиканы қорғаушылар сол кезде өздерін патриоттар деп атады. Жалпы, патриотизм дегенде отансүйшгіштік деген мағына ойға келеді. Әдетте, патриоттық көңіл күй туралы көп айтылады, үнемі сөз болады. Сонда мұндай ұғымның мәні неде? Бүгін біз осы тақырып турасында әлеуметтанушы Шырын Батырғалимен сұхбат құрдық. 

– Патриоттарды тәрбиелеу ұғымының өзі кеңестік жүйеден қалған мұра, сарқыншақ сияқты көрінеді маған. Біз әлі күнге мемлекеттің идеологиясы болу керек және сол идеология адамдарды патриоттық сезімге тәрбиелеу керек деген парадигмамен өмір сүріп жүргендейміз. Жалпы патриоттық көңіл күй дегенді түсінгім келеді. Мұндай түсінікті қоғамға таңа беру қаншалықты дұрыс?

– Патриоттық көңіл күй туралы сөз болғанда, әдетте біз көбіне оны дайын, өзгермейтін, баршаға ортақ сезім ретінде қабылдайтынымыз бар. Бірақ шын мәнінде патриотизм – тарихи қалыптасатын, саяси жағдайға тәуелді, әр кезеңде әртүрлі мазмұнға ие болатын әлеуметтік конструкция. Яғни ол табиғи, «өздігінен туындайтын» сезім ғана емес, белгілі бір институттар арқылы қалыптасатын, қайта өзгере беретін, адамның эмоциясына тәуелді құбылыс екенін естен шығармаған абзал. Осы тұста сенің «патриоттарды тәрбиелеу» деген ұғымға күмәніңіз де өте орынды. Кеңестік кезеңде патриотизм нақты идеологиялық функция атқарған еді. Ол биліктің азаматтарды бір орталыққа, бір идеологияға жұмылдырудың құралы болды. Бұл жерде патриотизм мемлекетке адалдық деп қарастырылатын, ал мемлекетке күмән келтіру немесе оны сынау анти-патриоттық әрекет ретінде қабылданды. Мұндай модельде патриотизм – моральдық категориядан гөрі саяси тәртіптің бір элементі болып кетеді. Посткеңестік елдерде де қазір осы түсінік, ұстаным сақталып қалған сияқты. Яғни рәміздерге құрмет көрсету, мерекелік шаралар, ресми жиындар бізде әлі өтеді. Тіпті мектеп, балабақшадан бастап осы идеологияға жұмыс істейді.

Дегенмен қазіргі қоғамда патриоттық көңіл күйді түсіну үшін оны тек идеологиямен байланыстыру жеткіліксіз. Мұны адамдардың нақты өмірлік тәжірибесімен байланыстыра қарау керек. Мысалы, адам өзі өмір сүретін ортада әділеттілік көрсе, еңбегінің бағаланатынын сезінсе, қоғамдық институттарға сенсе, онда оның сол қоғамға деген ішкі сенімі, үміті күшейеді. Ал егер қоғамда теңсіздік, әділетсіздік, институционалдық сенімсіздік басым болса, онда патриоттық сөздер мен ұрандар қанша көбейсе де, ол адамға терең сіңіп кете алмайды. Мұндай жағдайда патриотизм көбіне формалды сипат алады немесе мүлде әзіл мен иронияға айналады.

Жалпы кей жағдайда патриотизм әлеуметтік қысым құралына айналып кететін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қоғамдық талқылауларда жиі кездесетін бір жағдай бар. Біреу әлеуметтік немесе саяси мәселені көтерсе, оған жауап ретінде аргумент айтпайды, «еліңді сүймейсің бе?» деген моральдық сұрақ қойылады. Осы сәтте пікірталас тоқтайды, өйткені мәселе фактілердің арты айыптауға ұласып кетеді. Бұл – патриотизмнің дәл сол әлеуметтік қысым құралына айналған тұсы. Еліңді сүю, оның билігін, саясатын сүю деген сөз емес қой. Тағы бір маңызды қыр – патриотизмнің «үнсіз келісімге» айналып кетуі. Кейбір адамдар жүйедегі әділетсіздіктерді көріп тұрса да, оны ашық айтпауға тырысады, себебі «елдің имиджіне зиян келтіремін» деген ішкі тыйым пайда болады. Осылайша патриотизм жеке адамның моральдық таңдауы емес, оның өзін-өзі цензуралауының бір құралына айналады. Дегенмен бұл жерде бір маңызды нәрсені ажырату керек. Патриотизмнің қысымға айналуы – оның белгілі бір әлеуметтік жағдайда пайда болатын деформациясы.

Қазір жаһандану үдерісі әсерінде адамдарға көші-қон процесі, басқа елді көру қолжетімді бола бастады. Мысалы, адамдар басқа елге оңай көшіп кете алады және бұл әрекеті үшін оларды жазғыра алмаймыз. Әдетте патриотизм туралы сөз болғанда кезінде танымал болған кеңестік патриоттық әндер, фильмдер, мектепте жүргізілген «Саяси ақпараттандыру» сынды пәндер еске түседі. Енді осы туралы сөз қозғайықшы. Қазіргі қоғамда патриотизм популизмге немесе ұраншылдыққа айналып кетті дегенге келісер ме едіңіз?

Қазіргі қоғамда жағдай мүлде басқа. Біріншіден, қазір адам бір мезетте бірнеше мәдениетке, бірнеше құндылық жүйесіне тиесілі бола алады, әртүрлі ақпаратты тұтына алады. Екіншіден, мемлекет ұсынатын ресми патриотизм мен адамдардың нақты өмірлік тәжірибесі арасында алшақтық болуы қалыпты құбылыс деп қабылдауымыз керек. Осындай жағдайда патриотизмді бұрынғыдай тұтас идеология деп қарастыру тыйылады. Патриотизмнің популизмге немесе ұраншылдыққа айналуы көбіне осы алшақтықтың белгісі. Яғни мазмұн әлсіреген сайын форма күшейеді. Терең, өмірлік тәжірибемен бекітілген патриотизм азайғанда оның орнын рәміздерге шамадан тыс мән беру, эмоцияға толы ұрандар басады. Мәселен, адам шетелде оқып, жұмыс істеп жүріп, өз елінің мәселелеріне бейжай қарамауы мүмкін ғой. Шетелде тұратын Ербол Молдажан есімді жігіт Марат Жыланбаев үшін осымен үшінші жыл жүгіруді әдетке айналдырған. Ал өз еліміздегі журналистер түрмеде жатқан белсенді туралы айтуға бата бермейді. Осындай мысалдар көп.

Жалпы патриотизмді саяси немесе қоғамдық қолдау жинаудың құралына айналдыру оңай, себебі ол эмоцияға тікелей әсер етеді. «Ел үшін», «ұлт үшін» деген ұрандар нақты бағдарламадан гөрі тезірек қабылданады. Бірақ көбіне-көп мұндай ұрандардың артында шын мәселелер шешімін таппай қала береді.

Адамдар енді мемлекетке емес, қоғамға, мәдениетке, тілге, өз ортасына көбірек сенетін сияқты. Кейбіреулер үшін патриотизм елде қалу емес, керісінше, шетелде жүріп те өз мәдениетін сақтап, дамыту болуы мүмкін. Яғни патриотизм географиямен ғана өлшенбейтін деңгейге өтті.

Патриоттық көңіл күйді әлеуметтанулық зерттеулерде қалай өлшеуге болады? Қандай индикаторлар қолданылады? Сол қызық. Әр елдің ұлттық салт-санасы мен тарихына, саяси жүйесі мен ерекшелігіне байланысты бұл ұғымның мән-мағынасы үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Сонымен қатар белгілі бір қалыпқа салып, қандай да бір өлшеу жүйесі, шкаламен өлшеу мүмкін емес. Патриотизмді толықтай «бар» немесе «жоқ» деп бағалауға бола ма?

Патриотизм бинарлы категория емес. Ол – градациясы бар, көпқырлы құбылыс. Бір адамда эмоциялық деңгей жоғары болуы мүмкін, бірақ мінез-құлықтық деңгей төмен; екіншісінде керісінше. Сондықтан зерттеулерде көбіне индекстер немесе типологиялар қолданылады. Әдетте патриотизмді бірнеше деңгейде қарастырып, соған сәйкес индикаторлар құрастырады. Бірінші деңгей – аффективті, яғни эмоциялық байланыс. Мұнда адамдардан «өз еліңізді мақтан тұтасыз ба?», «сол елдің азаматы екеніңіз сіз үшін қаншалықты маңызды?» деген сұрақтар қойылады. Бұл ең кең таралған тәсіл, бірақ оның әлсіз тұсы бар, адамдар әдетте жаттанды, қалыптасқан жауаптарды айтады. Екінші деңгей – когнитивті, яғни адамның ел туралы түсініктері мен бағалауы. Мысалы, «елдегі саяси жүйеге сенесіз бе?», «болашағына қатысты оптимизм бар ма?», «басқа елдермен салыстырғанда өз еліңізді қалай бағалайсыз?» деген сұрақтар арқылы өлшенеді. Бұл жерде патриотизм белгілі бір рационалды бағалаумен де байланысты екенін көреміз. Егер адам елін жақсы көремін десе, бірақ оның болашағына сенбесе, онда бұл патриотизм деген ұғымның ішкі қайшылығын көрсетеді. Үшінші деңгей – мінез-құлықтық индикаторлар. Бұл жерде нақты әрекеттерге назар аударылады. Яғни сайлауға қатысу, қоғамдық бастамаларға араласу, салық төлеу тәртібі, заңға бағыну, тіпті елден көшу ниеті сияқты факторлар. Мысалы, көші-қонға қатысты сұрақтардан өте қызық нәтижелер шығады. Көп адам өзін патриотпын деп санап, бірақ мүмкіндік туса, елден қазір-ақ кеткісі келеді.

Сұхбаттасқан А.Ерболова

Тегтер: