Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

«Шыршаны біз де құрамыз». Құрғызған Ұранхаев кінәлі ме, құрған мұғалім кінәлі ме?

Нұрлан Ұранқаев пен Қуат Айқали
Нұрлан Ұранқаев пен Қуат Айқали. Фото: Жас Алаш коллаж

21 желтоқсанда Абай облысы Семей қаласында жаңа жылға арналған шыршаны безендіру кезінде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқали биіктен құлап, жарақат алды.

 

 Бұл оқиға қоғам арасында резонанс тудырды. Оқу-ағарту министрлігі де, жергілікті әкімдік те жағдайды ушықтырмауға тырысты. Ауыс-түйіс жасаған болды, сөгіс жариялады.

Бірақ бұл іс жақын арада тынши қоймайтын сияқты. Өйткені семейлік мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы тергеу ашық жүріп жатқан жоқ деген мәлімдеме жасады.

Jas Alash Сымбат Аянқызына арнайы хабарласып, жағдайдың қалай болып жатқаны туралы сұрады. Оның айтуынша, мектеп басшылығы мен әкімдіктегілер «күн қатты суып кетті, мына шыршаны бітірмесеңіздер үйлеріңізге қайтпайсыздар, кімнің салмағы жеңіл, жоғарыға шықсын» деген. Асыққан мұғалімдер жұмысты тезірек бітіруге тырысқан. Түске қарай жұбайына әріптесі Қуаттың биіктен құлап кеткенін, жылдам ота жасау үшін келісімі керек екенін айтқан. Сымбат Аянқызы алып-ұшып ауруханаға барып, қажетті құжаттарға қол қойған. Сол жерде дәрігерлер оған «бәріне дайын болыңыз, хәлі 70 пайызға нашар» деген. Семейлік мұғалім шыршадан құлаған кезде басы жарылып, сүйегі миына кіріп кеткен. Миды аман сақтау үшін сүйегінің жартысын алып тастауға тура келген.

Сымбат Аянқызы мен Қуат Айтқали
Сымбат Аянқызы мен Қуат Айтқали

«Бүкіл ел бұл мәселені көріп отыр. Журналистер де жан-жақты жазып жатқанына қарамастан, тергеу біз ойлағандай ашық және жан-жақты болмай жатыр. Бізге енді адам денсаулығына қауіп төнетінін біле тұра, оны сол шыршаны құруға қасақана жіберу, соңында осылай ауыр жарақат алып, зардап шегуіне әкелуі арнайы заң шеңберінде тексеріліп, қылмыстық іс қозғалып, кінәлілердің жауапкершілікке тартылғаны қажет. Жолдасымның аяққа тұрғаны, моральдық шығынының өтелуін және еңбек келісімшартын бұзған мектеп директорынан бастап осы сенбі күні жұмысқа тарту туралы бұйрықты берген әкімдіктегілерді жазалауды талап етемін. «Әділетті Қазақстан» осындай сын сағатта құралады. Егер әкімдік әділетті болмаса, сот әділетті болмаса, құзырлы органдар әділетті болмаса, онда мұндай идеологияның мәні де қалмайды», – дейді Сымбат Аянқызы.

Сымбат журналистерге сұхбат бергеннен кейін ғана әкімдіктегілер оған хабарласып, «жолдасыңыз сауығып кеткенше ұлыңыздың балабақшасына ақша төлемей тұруыңызға болады» деп айтқан. Жұмысына қатысты да бірқатар жеңілдіктер жасап беріпті.

«Еңбек инспекциясының қорытындысы шықты. 100 пайыз жұбайымның кінәсі емес екенін жазыпты. Енді жолдасымның жалақысы жүріп отыратын болды. Төлемақыға келетін болсақ, оның бәрі қорғаушы арқылы шешіледі. Әзірге мынадай сома деп нақты белгілеген жоқпыз. Қазіргі кезде жолдасымның жағдайы аса жақсы емес, өздігінен тұрып, жүре алмайды. Жиі басы айналады. Қасында үнемі бір адам болуы керек. Тамақты да өздігінен іше алмайды. Бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Алдағы екі-үш айда тексеріп, бас сүйегінің орнына пластик немесе темір сала ма, соны анықтайды. Содан кейін тағы бір операция жасатамыз. Қазір баяу сөйлейді, сұрақ қойсаң ойланып барып жауап береді», – дейді.

Қазір 362-баптың төртінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.

Заңгер не дейді?

Заңгер Гүлмира Құсайынқызы мұғалімдерді мәжбүрлеп жұмысқа тарту Семей ғана емес, Қазақстан бойынша бар заңға қайшы әрекет екенін айтады. Оның айтуынша, мұғалімдер жұмысынан айырылып қалмау үшін кез келген тапсырманы орындай береді.

Гүлмира Құсайынқызы
Фото: Жас Алаш

«Әсіресе сайлау кезінде белсенділік танытатын кімдер? Мұғалімдер! Бұл үшін жалақысына қосып ақша беріле ме? Әрине, жоқ! Семейдегі шыршаға байланысты да осы жағдай. Әкімдікте шыршаны безендіретін жұмысшылар жоқ па сонда? Мұғалім дегеннің статусы болу керек. Мұның бәрі министрліктен басталған былық. Оқу-ағарту министрлігі бұйрық береді, директорлар тапсырма орындайды. Министрліктің тапсырмасынан бас тартып көріңізші, бірден жұмысыңыздан айырыласыз. Мұның бәрі заңсыздық! Бізде заңға қарап жатқан ешкім жоқ. Енді мұғалімнің жұбайы сотқа берді деп жатыр ғой. Мен олардың соттан жеңіп шығуына да күмәнмен қараймын. Себебі соттағы жүйе дұрыс емес. Бұл жағдайда заңды бұрып, «өз еркімен шыршаға шықты» деп айтса ештеңе істей алмайды. Кім біледі, олар қолын да қойдырып алған шығар. Қазір кім не істемей жатыр. Егер өз қалауымен шыққан десе, олар өтемақы ала алмай қалуы мүмкін. Бізде ақшасы барларға заң жүреді, қарапайым халыққа заң кері жұмыс істейді», – дейді заңгер.

Мұғалімдер не дейді?

«Жас Алаш» бұл оқиғаға байланысты бірнеше мұғалімге хабарласты. Бірақ олардың барлығы міндетіне жатпайтын жұмысқа қатысты ашық сұхбат бере алмайтынын айтып, сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. Тіпті кейбір ұстаздар мұндай жұмыстарды адамгершілік тұрғысынан ғана өз еркімен, ешқандай шағымсыз істейтіндерін айтты. Екі мұғалім аты-жөнін, өзі туралы мәліметтерді айтпаған жағдайда ғана басынан өткен оқиғаларды баяндауға келісті. Сондықтан біз оларды шартты түрде бірінші мұғалім және екінші мұғалім деп атауды ұйғардық.

Бірінші мұғалімнің оқиғасы

– Мұндай жағдай өте көп болады. Мысалы, қайбір жылы кітапханадағы кітаптарды басқа ғимаратқа ауыстыру керек болды. Сонда бір топ мұғалім өз көлігімізбен соларды жүктеп, тасып әкелдік. Кітап өте көп, жұмыс бір аптаға созылды. Сенбі, жексенбі де жұмыс істеп жүрдік. Әрине, арамыздан наразы мұғалімдер де шықты. Негізінен мұндай жұмысты тендерден жеңіп алады. Бірақ қара күш пен логистиканы мұғалімдер атқарып берді. Мысалы, мен осындай істі еш наразылықсыз істей беремін. Мұның КСРО-дан қалған жүйе екенін де білемін. Ал Семейдегі мұғалімнің оқиғасы өкінішті. Шыршаны біз де құрамыз. Мысалы, спортзалдағы шыршаға парталарды бірінің үстіне бірін қойып, шығып, безендіреміз. Парта дегеніңіз қалтылдап тұрады. Құлап кетуі әбден мүмкін. Кейде мектеп ауласындағы қарды тазалап тастайтынымыз бар. Біздің ең көп жынымызға тиетіні – әкімдіктің тапсырмалары. Мысалы, өткенде жаңа жылда «Аяз аталар шеруі» деген өтті. Бірнеше мектептен мұғалімдер Аяз ата болып киініп, қаланы аралап, шұбырып жүрдік. Күн болса суық, Аяз атаның шапаны жұқа. Енді ар жағын өзіңіз елестете беріңіз. Дірдектеп халықтың көңілін көтеру үшін осындай тапсырмалар орындауға мәжбүрсің.

Нақты осы тапсырма біздің міндетімізге жататын ба еді?! Әкімдіктен тапсырма берілді, мектеп басшылары оны орындады. Бұған біздің бір күніміз кетті және өз қалтамыздан жол ақысын төлеп жүрдік. Кейде бір жұмыстарға «сен, сен барасың» деп таңдап алады. Егер дәл сол уақытта басқа жұмысың боп бара алмай қалсаң, ұрсады, тіпті түсініктеме жазуың мүмкін. Олай болмаған күннің өзінде де сабағыңды тексеріп, тырнақтың астынан кір іздейді, міндетті түрде қате табады. Идеал маман жоқ. Қағазың дұрыс болғанмен, кейде балалар төбелесіп қалады дегендей... Міне, осыларды аңдып жүреді де, бір жиналыста көпшіліктің көзінше бетіңе басып, масқара қылады. Жұмыстан кетесің деп қорқытады. Бірақ айтқанына көнбейтін, иілмейтін мұғалімдер де бар. Олардың негізгі табыс көзі басқадан, мұғалімдікті қосымша алып жүргендер. Ал біз сияқты күні бір жұмысқа қарағандар амалсыздан тапсырма орындайды. Кейде басшылық сабақ өтіп жатсаң «сабағыңды таста, мына құжаттарды апарып таста» дейді. Амалсыз барасың...

Екінші мұғалімнің оқиғасы

– Мектепті әктеп, сырлап жүргенде мұның дұрыс емесін айтып, бәрін суретке түсіріп, журналиске жібердім. Журналист мәселені көтеріп, әкімдікке, министрлікке сұрау салыпты. Көп өтпей директорға министрліктен хабарласып, «мынадай істі доғарыңдар» деп айтыпты. Бір күні директорымыз жанталысып келді де «ойбай, тоқтат, бәрің қайтыңдар» деп қайтарып жіберді. Әрине, басшылық кейін камерадан қарап, кімнің журналиске шағынғанын білді. Менің суретке түсіріп жүргенімді көріпті. Жиналыс болды. Мен де бірден мойындамай, «әлеуметтік желіде достардың чаты бар еді, соған жібергем, ішіндегі журналист жігіттер таратып жіберіпті» деп құтылдым. Кейін тағы да жиналыс болды. Бірақ мені оған кіргізбеді. Бір жақсысы – мұғалімдер ісіме риза болып, оңашада қолымды қысып кететін. Солай бір мектептегі міндетімізге жатпайтын жұмысты тоқтаттық. Дегенмен маған тікелей қысым жасай алмаса да, кейіннен жанама қысымдар жүргізді. Сосын басқа мектепке ауысып кеттім. Мұндай жағдай әсіресе оңтүстік аймақта қатты жүреді. Себебі өздері ақша беріп жұмысқа кіреді, жұмысынан айырылып қалмауға тырысады. Естуімше, ол жақта ставка 2 млн теңгедей.

Мұғалімдер де кінәлі

Ал белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы бұған мұғалімдердің де өздері кінәлі, ақтауға болмайды деп санайды. Оның айтуынша, заңда мұғалімдерді жұмысқа жегуге болмайды деп жазылған. Бірақ заңда оның орындалу жолдары көрсетілмеген. Мысалы, мұғалімге тапсырма берген басшыға не болатыны белгісіз.

Өмір Шыныбекұлы

«Пара алған да қылмыскер, берген де қылмыскер» деген сияқты міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен басшы да, міндетіне жатпайтын жұмысты істеген мұғалім де кінәлі деп айтар едім. Екеуін де жазалау керек. Мұғалім деген басқа жұмысты істей беретіндей бесаспап маман емес қой. Әр істің өз маманы болады. Оның қауіпсіздік шарасы дегені болады. Мұғалім оларды біле бермейді. Кеңес заманында бізге балғамен шеге қағудағы қауіпсіздіктің өзін үйрететін. Семейдегі мұғалімнің ісі ұзаққа созылатын түрі бар. Әрине, отбасы қиналады. Иә, олар мемлекеттен өтемақы талап етпекші. Бірақ сол қаражатты мемлекет төлей ме, әлде, соған жол берген басшылық төлей ме? Бұл жағы да белгісіз. Негізі мұғалім өз ісін жақсы білсе, балалар мен оның ата-анасымен тіл табыса білсе, ешқандай жұмысқа бармай, сол үшін болатын басшылықтың қысымына шыдауға болады. Менің басымнан мұның бәрі өткен. Ал мұғалімдердің «бізді мәжбүрлейді» деп айтуы тек ақталу ғана», – дейді ардагер ұстаз.

Бұл мәселе бойынша Абай облысы білім басқармасына да хабарластық. Басқарма өкілі Салтанат Заманбекова: «Біз қазір өтемақы туралы ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Себебі еңбек инспекциясының шешімін күтіп отырмыз. Шешім шыққаннан кейін ғана мәлімет бере аламыз» деді.

Мұғалімдердің жағдайы қоғамда талай талқыланып, кейіннен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Аталмыш заң бойынша мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмысқа тартуға болмайды. Бірақ әлі де мектепте әкімдіктің және басшылықтың бұйрығын орындау үшін мұғалімдер міндетіне жатпайтын тапсырмалар орындайтыны туралы ақпарат аз шықпайды. Басқасын айтпағанда, бұл Семейдегі мұғалімдердің міндетіне жатпайтын, жұмыс істеуіне қатысты бірінші дау емес. 2021 жылдың күзінде Семейде көше сыпыруға мұғалімдерді міндеттеген Семей қаласы әкімінің орынбасары (сол кездегі) Дмитрий Гариков, Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айтпақшы, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бүкіл елді елең еткізген бұл оқиғаға қатысты ләм-мим деген жоқ. Жағдайдың әкімдік пен өзінің бақылауында екенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Алғашында «әріптесімізге көмекті тоқтатпаймыз» деді. Енді «әкімдік өндірістік жарақат деп тани ма, жоқ па?» деген сұраққа бас қатырып жүр...

Тұрсынбек БАШАР