Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:15, 19 Қараша 2018

«Шишигина секілді Олимпиада чемпионы болғым келеді»

Биылғы жылы жеңіл атлетикадан Иран астанасы Тегеран қаласында өткен жабық кешендегі Азия чемпионатында әйелдер арасында  60 метрге кедергілер арқылы жүгіруден отандасымыз Әйгерім ШЫНАЗБЕКОВА жеңіске жеткен болатын.
Бұл «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикадан қазақ қыздары арасындағы тұңғыш алтын медаль. Соңғы жылдары қалың көпшілікке танылып келе жатқан спортшымен тілдесіп, әңгімеге тартқан едік. Әйгерім, бұрын-сонды қазақ қыздары жеңіл атлетикадан Азия чемпионы атанып көрмеген екен. Жарыстан кейінгі әсеріңіз қандай болды?– Қатты қуандым. Ал жарыс кезінде тезірек жүгіруге тырыстым. Тегеранда мәреге 8.32 секундта жеттім. Бұл да жаман емес. Бірақ одан да жылдам жүгіру қажет. Тіпті, әлем чемпионатының нормативінен де асып түссем деп ойлаймын. (жымиып). Неғұрлым жылдам жүгірген сайын соғұрлым жақсы. Сондықтан көп жұмыс істеу керек. – Жеке рекордыңыз қандай?– Дәл осы 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жеке рекордым – 8.24 секунд. 2016 жылы тіркелген.– Бұл сіздің Азия чемпионатындағы алғашқы жеңісіңіз ғой?– Халықаралық дәрежедегі ең бірінші наградам, жеңісім. Сондықтан көңіл күй өте керемет. Мұнымен тоқтап қалмаймын.– Бұдан басқа қандай жетістігіңіз бар? – Былтыр Азия Гран-приіне қатысқанмын. Ол жерден үш алтын аламын деп ойладым. Бірақ бірінші кезеңде үздік үштікке де ілінген жоқпын. Негізінен өте қобалжулы болдым.Өзімнің мүмкіндігімді толық көрсете алмадым. Екінші кезеңде өз-өзімді қолға алып, жинақталдым. Осы кезеңде жақсы жүгірдім деп ойлаймын. Сөйтіп, кезең жеңімпазы атандым. Ал Тайбэйдегі соңғы кезеңде шамалы босаңсып кеткенім жасырын емес. Сондықтан бұйырғаны қола болды. Сол жарыстан бір алтын, бір қола жеңіп алғаным бар.– Енді өзіңізге оралсақ. Жеңіл атлетикаға деген қызығушылық қашан оянды?– Барлығы мектептегі денешынықтыру сабағынан басталды. Ағайымыз мені үнемі ұлдармен жарыстыратын. Өзіме де жүгірген ұнайтын. Содан кейін спортқа бар деп, бір жылдай ата-анама қайта-қайта хабарласып, үйдегілерді көндірді. Сөйтіп, әке-шешем мені Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорт мектебіне алып барды. Олар тек 7 сыныптан бастап қабылдайды екен. Ол кезде мен 4 сыныпта оқитынмын. Үш жылдай өзім дайындалып, кейіннен өз күшіммен емтихан тапсырып, сол мектепке түстім.– Сіздің атлет болып қалыптасуыңызға үлес қосқан бапкерлерді атап өтсеңіз?– Алғашында Рем Павлович есімді балалар бапкерінен тәлім алдым. Ол кісінің қол астында бір жылдай болдым. Кейіннен Юрий Юхименкоға ауыстым. Негізі Владимир Никитенконың жаттықтырғаны ұнайтын. 10-сынып бітірген жылы ол кісіден ұсыныс түсті. Мен еш ойланбастан өз келісімімді бердім.– Өзіңіз негізінен 100 метрге кедергілер арқылы жүгіресіз. Жеңіл атлетиканың дәл осы түрін таңдауға не себеп болды?– Негізі бұл таңдау өздігінен болды. Жеңіл атлетиканың ішінде кедергілер арқылы жүгіру қатты ұнайды. Құлап қаламын деп қорықпаймын. Өзімнің оң жамбасыма келетін дисциплина деп айтуға толық негіз бар.– Әйгерім, 2000 жылы Сидней Олимпиадасындасізөнер көрсетіп жүрген 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысындаОльга Шишигина чемпион атанған еді. Ол кісімен кездесіп көрдіңіз бе?– Ольга Шишигинаны былтыр Алматыда көрдім. Өзінің атында турнир бар. Мен сол жарыста жеңімпаз атандым. Ол кісіні қатты құрметтеймін. Оның таңғажайып нәтижелеріне қарап қызығамын. Менде сол кісідей Олимпиада чемпионы болғым келеді. Ольга әпкемізді кезінде Владимир Никитенко мен жұбайы Любовь Никитенко жаттықтырған. Қазіргі кезде Любовь Никитенко бар білгенін маған үйретіп жүр.– Владимир Никитенко қандай бапкер еді?– Өте жақсы кісі болатын. Виктория Зябкина екеуіміз болашақта Ғұсман Қосанов мемориалы секілді сол кісінің атындағы халықаралық турнир өткізгіміз келеді. Никитенко бапкерден көп нәрсе үйрендік. Осы уақытқа дейін бірдеңеге қол жеткізіп жатсақ, ең әуелі сол бапкеріміздің еңбегі деп білемін.– Шишигинаның олимп шыңын бағындырғанына да 18жылдан асты. Осы жылдардың ішінде еліміздеоныңрекордын жаңартқандар бар ма?– Жасөспірімдер және жастар арасындағы рекордтарын мен жаңартқанмын. Ал ересекетер арасындағы нәтижесі әзірге өзгере қойған жоқ. Сол қалпы тұр.– Бұл сайыста қазіргі кезде қай елдің спортшыларының мерейі үстем болып жүр?– Қазір АҚШ қыздары мықты болып тұр. Соңғы Рио Олимпиадасында Құрама Штаттардың үш бірдей спортшы қыз жүлдені ешкімге берген жоқ. Брианна Роллинс чемпион атанды. Ниа Али мен Кристи Кастлин жүлдегер болды. Сондай-ақ Канада, Аустралия атлеттері де үздіктер қатарында.– Олардың біздің спортшылардан ерекшелігі неде?– Спринттен Кения, Ямайка спортшыларын озу өте қиын. Ал кедергілер арқылы жүгіруден медаль алуға болады. Оны кезінде Ольга Шишигина дәлелдеді деп ойлаймын. Жалпы, АҚШ және басқа елдерде медицина бізден бірнеше жылға озып кеткен. Бұл жағдай қазіргі спортта орасан зор рөл ойнайды. Бізде жарыстан кейін мазь жағып беріп немесе сәрсенбі-бейсенбіде моншаға бар деп баяғы СССР-дің заманымен жүрген бапкерлер әлі бар. Сондықтан жоғары жетістіктерге жеткіміз келсе, методика мен медицинаны қолға алу керек деп ойлаймын.– Өзге спорт түрлерінің арасында қайсысы ұнайды?– Маған өзіме синхронды жүзу ұнайды. Бір құрбым осы спорт түрімен айналысады. Кейде неге осы спорт түрін таңдамадым екен деп ойлаймын. Өйткені олардың киетін спорттық формалары, қыздардың шаштары барлығы көңілімнен шығады.– Спортшылардың көп елге сапар шегетінін жақсы білеміз. Дегенмен бармаған мемлекеттердің ішінде қайсысында болғыңыз келеді?– Швейцария. Әзірге ол елде болмадым. Өзіме Швейцария қатты ұнайды.– Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Бек Төлеуов.
Тегтер: