Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:54, 05 Шілде 2024

ШЫҰ: Астана саммиті көп жағдайды айқындап берді – сарапшылар пікірі

Саммит
Фото: из открытых источников

Астана саммитінің қорытындысы бойынша көптеген маңызды шешімдер қабылданып, 25 құжатқа қол қойылды. Ұйымға мүше мемлекеттер әлемдік деңгейдегі уағдаластықтарға қол жеткізді.

 Бұл тек Қазақ еліне ғана емес бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселелер болып табылады. Қабылданған шешімдердің ең негізгісі - Астана декларациясы және ШЫҰ 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы. Беларусь республикасы ШЫҰ толыққанды мүшесі атанып, мүше мемлекеттер ғылыми гранттар бағдарламасын бірге атқарамыз деп келісті. Сарапшы мамандардың пікірінше, маңызды жиын жаһандық деңгейде қордаланған көп мәселелерді шешуге серпін берді.

«Ешбір мемлкет жалғыз өміре сүре алмайды. Міндетті түрде мемлекеттердің одақтастары болуы керек. Экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени қарым-қатынас жасайтын әріптестері болғаны абзал. Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ Қазақстанға үлкен пайда әкеледі. Себебі біз Қытаймен де, Ресеймен де көршілес Орта Азия мемлекеттерімен де жалпы еуразиялық кеңістіктегі басқа республикалармен ШЫҰ арқылы қарым-қатынас жасай аламыз. Бүгінгі таңда ШЫҰ әлемдегі үлкен халықаралық ұйымдардың дәрежесіне көтерілді. Әрине оның негізгі бірінші скрипкада ойнайтын жетекшісі - ҚХР. Сондықтан біз Қытаймен жақсы болуымыз қажет. Қытаймен дұрыс болуымыз басқа мемлекеттердің бізге деген агрессиясын, басқа мемлекеттердің бізге деген басымдық әрекеттерін болдырмауға көмектеседі. Яғни қауіпсіздік жағынан ШЫҰ елімізге берері көп. Ол біріншіден қауіпсіздік, екіншіден экономикалық ынтымақтастық, үшіншіден біз ШЫҰ-ға мүше болу арқылы өзімізге келетін инвестициялық ағымдарды көбейтеміз және өзімізге қажетті тауарларды аламыз. Осылардың барлығы ұйым арқылы іске асады. Басқаша екіжақты келісімдер болғаны жақсы, бірақ осындай ұйымдардың маңызы өте жоғары», - деді саясаттанушы Сайын Борбасов.

Астана саммитінде қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық пен өзара сенім, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тиімді дәліздер арқылы көлік байланысын нығайту және ұйымды реформалау мен жаңғырту сияқты негізгі бағыттар аталды. Бұл 4 бағыт геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстар күшейген шақта стратегиялық маңызға ие. Яғни үлкен халықаралық жиындардың Астанада өткені біздің мемлекеттің абыройын көтереді.

«Өзіміз ШЫҰ-ға бір жыл бойы төраға болдық, енді ол жетекшілік Қытайға өтеді. Осының қорытындысы ретінде көптеген құжаттарға қол қойылды. Олар өзара ынтымақтастық, халықаралық терроризмге қарсы күрес, инвестиция тарту, бейбітшілікті сақтау, шекаралық тұтастық, түрлі ауруларға қарсы күрес, техногенді апаттарға қарсы күрес, әсіресе су мәселесі, азық-түлік тарифін дұрыстау, өзара шикізат көздерімен алмасу осындай көптеген құжаттарға мөр басылды. Саммит болғандықтан біз көптеген құжаттарға қол қойдық, оның барлығы заңды. Ең бастысы, ШЫҰ саммиті халықаралық беделді жақсартып, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздігін күшейтті. Осындай позитивті өзгерістерге ықпал етті. «Сен тимесең мен тиме» деп жата беруге болмайды, ондай мемлекеттердің ғұмыры ұзаққа бармайды, мемлекет болғаннан кейін ішкі-сыртқы қарым-қатынастардың өте жылдам қарым-қатынастарға түскен жақсы, оң нәтижесін беріп жатады. Ақпараттық тасқындардың күшейген заманында, жасанды интеллектің, цифрландырудың күшейген заманында біз міндетті түрде әлемдік қауымдастықта өзіміздің орнымызды табатын көптеген құжаттарға қол қоюымыз ол заңды. Сондықтан біз осы істі абыройлы атқарып шықтық деп есептеуге болады» - деп пайымдайды саясаттанушы.

Сарапшы маман Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының беделін көтеру үшін өзара көмек болатын еуроодақ сияқты ұйымдар болуы керек деп есептейді. Бұның елдегі төтенше жағдайларға берері мол деген пікір білдірді.

«Мысалы Қазақстанда су тасқыны болды, сол кезде көмек беретін ШЫҰ ортақ банкін ашса, соған қаржы құйып отырса, техногендік апаттар, індеттер өршіген кезде содан мемлекеттер қажет кезде қаржы алса, осындай мәселелерде ШЫҰ төрағасының абыройы өсер еді. Қауіпсіздік, трансшегаралық өзендер мәселесін шешуде рөлін арттыруға болады, араағайындықты күшейту, түрлі бейбітшілік миссияларын жасау жағдайларын күшейту миссияларын жасау», - деді саясаттанушы.

Сайын Борбасов осы саммитте қазақ-қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деп санайды. Қазіргі уақытта екі мемлекет арасында 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта екі жақты ынтымақтастық электронды сауда, логистика және көлік-транзит, автомобиль өндірісі, туризм мен қаржы салаларында дами түспек. Қазіргі күні «Аягөз-Бақты», «Қорғас – шығыс қақпасы» салынып, теміржол саласы дамып жатыр. Осындай жобалар әрине Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына оң әсерін беретіні сөзсіз.

«Қытай өте ауқымды мемлекет, бізді Қытаймен салыстыруға келмейді. Біздің ішкі жиынтық өніміміз шамамен 200 млрд доллар болса, қазір Қытайдікі 15 трлн-ға жетіп қалды. АҚШ 18 трлн, Қытайдікі 15 трлннан асып кетеді. Қарасаңыз олардың экономикалық потенциалы бізден қаншама есе көп. Қытай көптеген инициативаларды жасайды, өзінің ықпалын арттыру үшін жалпы әлемдегі өзінің басымдылығын күшейту үшін, Америкаға басымдылығын арттыру үшін ШЫҰ барынша пайдаланады деп ойлаймын. Жалпы Қытай қазір біріншіден экономикалық, екіншіден әскери державаға айналып келеді. Қытай қазір ядролық потенциалын күшейту, әлемдік ғарыштық кеңістікті игеру үшін осындай жағдайды олар өзінің әскери потенциалын күшейтуге пайдаланады. Сондықтан Қытайды керемет бейбітүсйгіш держава деп айтпас едім», - деп сараптады Сайын Борбасов.

Сарапшы мамандар қол жеткізген уағдаластықтар аясында әлі де ойланатын тұстар бар екенін алға тартты. Екіжақты қарым-қатынаста ұтымды тұстарды ғана ойлап қоймай, көрші елдің жағымды және жағымсыз тұстарын да саралап отыруға шақырды.

«Қытайда ұлы хандық шовинизм жоқ деп айта алмаймыз, бұратана, аз халықтарды қырып-жойып жіберуге дейін барғандығын бүкіл әлем біледі. Жасыратын несі бар, әлемдік қауымдастықтан ұялғанынан, өзге державалар сесінен именгендіктен, экономикалық санкцияларыдан қорыққандықтан ғана тоқтады. Әйтпесе ұйғырларға, қазақтарға қарсы репрессияларын ұмытуға болмайды. Қайта тәрбиелеу лагерьлерін құрғаны бар. Барлық аз халықтардың тілін ұмытқызып, қазақ мектептерін жапқызды, Тибетті жойып жіберген, сондықтан Қытайды 100% демократиялық держава деп айта алмаймыз. Қытай – авторитарлық-тоталитарлық держава. Дегенмен қазір кереметтей экономикалық жетістіктерге қол жтекізіп отырған держава. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынаста өте сақ болуымыз керек. Тәуелсіздігімізге нұқсан келетін жайттар болса мұқият қарау керек. Ассимиляциялық саясаты бар елді бізбен нағыз дос болатын мемлекет деуге келмейді. Сол үшін инвестициясын пайдаланып, экономикалық модернизация жасауға құлшыну керек», - деп саясаттанушы өз пайым-пікірлерін айтып өтті.

Астана саммитінің Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына тигізер ықпалы жөнінде саясаттанушылар, сарапшылар түрлі пайымдауларын білдіріп жатыр. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бас сарапшысы Әлішер Тастенов саммиттің құндылығы туралы ойларымен бөлісті.

«Саммит туралы айтсақ онда ең маңыздысы - Астана декларациясы қабылданды. Бұл декларацияда халықаралық және аймақтық проблемалар қарастырылады. Сондай ақ, ШЫҰ 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясы, энергетикалық ынтымақтастық стратегиясы, терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы іс-қимыл стратегиясы, сондай-ақ есірткіге қарсы стратегиялар қабылданды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Шанхай ынтымақтастық ұйымының энергетика саласын дамыту бойынша 30 жылға дейін стратегияға қол қойылады. Кездесулер өткеннен кейін мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстар да өседі деген ойдамыз» - деп ой түйіндеді маман.

Айта кетелік, Астана саммитіне 16 елдің басшылары мен премьер-министрлері, 7 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Халықаралық жиын 2 форматта өтті. Ең біріншісі мемлекет басшыларының 24-ші мәрте өтіп отырған кеңесі. Екіншісі Шанхай + форматындағы кездесу. Бұл жиынға Біріккен Араб әмірліктері, Катар әмірі, Түркі мемлекеттерінен Түркменстан, Түркия қатысты. Сондықтан, Астанаға келген делегаттардың, БАҚ өкілдерінің саны әлем назарын Қазақстанға аударғаны мәлім. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің ШЫҰ төрағалығын Қазақстан биыл абыроймен атқарып, ұйымға жетекшілік Қытай еліне тапсырылды.