Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:42, 31 Қаңтар 2026

ШҚО әкімі шенеуніктің ұсталуын Шнайдер көпірінің құлауымен байланыстырды

Шнайдер көпірі
Фото: Orda.kz

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі екі басқарма басшысының ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Әкімнің айтуынша, олардың бірі — жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовның қамауға алынуы 2025 жылдың қыркүйегінде Өскеменде Шнайдер көпірінің құлауымен тікелей байланысты.

Суға кеткен миллиондар

Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте көпірдің орталық бөлігі опырылып түскен болатын. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Әкімнің ұстанымы

— Көпір құлағаннан кейін құқық қорғау органдарының басшыларымен арнайы кеңес өткіздім. Автомобиль жолдары мен көлік саласында жан-жақты тексеру жүргізуді, соның ішінде сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырдым. Қосымша жедел шаралар барысында басқарма басшысы ұсталды. Ол бірден қызметінен босатылды. Қазір тексеру жалғасуда, сот өз шешімін уақытында шығарады, — деді ШҚО әкімі.

ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мәліметінше, Уахитов пара алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану күдігімен тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жол-құрылыс компаниялары мен автобус парктерінен жалпы сомасы 134 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған. Тінту кезінде оның үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың АҚШ доллары табылған.

Сонымен қатар, білім басқармасының басшысына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол мұғалімдерге мемлекеттік аттестациядан «өткізуге көмектесу» үшін ақша алған деген күдікке ілінген.

— Сот санкциясымен аталған тұлғалар қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды, — деп хабарлады ҰҚК.

Айта кетейік, Өскемендегі Үлбе өзеніндегі Шнайдер көпірі енді қайта жөнделмейді. Қалалық әкімдік көпірдің қазіргі конструкциясын пайдалану қауіпті деп танып, оны толықтай бұзып, жаңа көпір салу туралы шешім қабылдады.