Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:51

ШҚО әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс сотқа жіберілді

Жақсылық Омар
Фото: ашық дереккөз

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс бойынша сот процесі басталмақ.

«Сот кабинеті» деректеріне сәйкес, шенеунікке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

– 190-бап 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары – «Ірі көлемде алаяқтық, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға жасаған»;
– 366-бап 3-бөлігінің 3-тармағы – «Лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы».

Қазіргі уақытта Омар қамауда отыр. Сот отырысы 19 наурыз күні ашық форматта, қысқартылған тәртіппен өтеді деп болжанған.

13 ақпанда әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде облыс әкімдігі бұл туралы нақты мәлімет жоқ екенін мәлімдеген. Сонымен қатар әкімдік «әкім орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған» деп хабарлаған.

Жақсылық Омардың не үшін ұсталғаны әзірге белгісіз. Алайда былтыр 1 қыркүйекте Өскемендегі Шнайдер көпірі құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көп өтпей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовның қамауға алынды.

Шнайдер көпірінің апаты бола сала БАҚ беттерінде бұрынғы қала әкімі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың 2 жыл бұрын көпірді жөндеу жұмыстары кезінде алдында тұрып сөйлеген сөзі шыға бастады. Видеода ол көпір жұмыстары қашан аяқталатынын алға тартып, барлығы өзінің бақылауында екенін көрсетеді. Алайда Ж.Омар жарнамалаған көпір көп өтпей құлап, ол тағы да жұрттың сынына қалды.