ШҚО-да 13 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түскен ер адам 2 жылға сотталды: Жәбірленуші жақ үкіммен келіспейді
Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызбен жыныстық байланысқа түскен ер адамға қатысты сот үкімі шықты.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың шешімімен ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жәбірленуші тарап жазаның тым жеңіл екенін айтып, дабыл қағуда.
Оқиға Үлкен Нарын ауданында болған. 1995 жылы туған ер адам Қатонқарағай ауданы Өрнек ауылынан көлікпен келіп, автокөлік ішінде 13 жасар жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түскен.
Бастапқыда іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі (күш қолдану арқылы немесе дәрменсіз күйін пайдаланып жас баламен жыныстық қатынас жасау) бойынша қозғалған болатын. Бірақ сот барысында іс 122-баптың 1-бөлігіне (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу) қайта сараланды.
Жәбірленуші қыздың туыстары үкіммен мүлдем келіспейді. Олардың айтуынша:
- Сот кезінде қыз қорқытудың әсерінен өз көрсетпелерін өзгерте бастаған.
- Ер адам тергеу изоляторында (СИЗО) бір жыл отырғандықтан, жақын арада бостандыққа шығуы мүмкін.
- Отбасы бұл шешімге қатысты апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.
ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленова заңнамадағы олқылықтарды атап өтті. Оның пікірінше, 30 жастағы ер адам мен 13 жасар баланың қарым-қатынасын «өзара келісім» ретінде қарастыру қисынсыз.
«Заңда 16 жасар бозбала мен 15 жасар қыздың жағдайы мен 30 жастағы ер адам мен 13 жасар баланың жағдайы бірдей баппен жазаланады. Бұл дұрыс емес. Жасы үлкен адамдар үшін жаза әлдеқайда қатаң болуы тиіс, өйткені жасөспірімдер іс-әрекетінің салдарын толық сезінбеуі мүмкін», — деді ол.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.