ШҚО-да 191 ауылға әлі интернет қосылмаған
Шығыс Қазақстан облысындағы 191 ауылда әлі интернет қосылмаған, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Осы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстандағы 20 елді мекенге кеңжолақты мобильді интернет қосылды. Соның ішінде ең шалғайдағы Тарбағатай ауданының Асусай ауылы, Катонқарағай ауданының Ақсу ауылы бар.
Өңір бойынша 363 елді мекеннің 172-сі интернетпен қамтылған, ал 191-і әлі қосылмаған. Өскемендегі №19, 20, 21-шағын аудандар интернетпен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта 25-шағын ауданды қамту жоспарланып отыр. Аталған шағын аудандағы телекоммуникация желілерін қосу бойынша операторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деді ШҚО цифрландыру мен мұрағаттар басқармасының басшысы Серікхан Нұртазин.
Сонымен қатар, биыл Шемонаиха ауданында Aitas холдингі «Aitas Foundation» корпоративтік қорының бастамасымен «Ауылдағы интернет» қанатқақты жобасы іске қосылды.
«Тұрғындарды интернетке қосу маусым айының соңында басталды. Қазіргі уақытқа дейін Шемонаиха қаласында 247 абонент интернетке қосылған. Бұдан бөлек, Шемонаиха ауданындағы Усть-Таловка, Выдриха және Верх-Уба ауылдарында, Катонқарағай ауданының Катонқарағай, Үлкен Нарын ауылдарында да осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді басқарма басшысы