Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:51

ШҚО-да Шнайдер көпіріне қатысты даудан кейін басқарма басшысы қызметінен босатылды

Шнайдер көпірі
Фото: Orda.kz

Шығыс Қазақстан облысында Шнайдер көпірінің опырылуына қатысты даудан соң жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов қызметінен алынды.

Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Уахитов бұл лауазымда небәрі алты ай ғана жұмыс істеген. 

Әкімдік баспасөз қызметі басқармада жүргізілген тексеріс нәтижесінде Уахитовқа қатысты заңсыз әрекеттер анықталғанын мәлімдеді. Алайда қандай құқықбұзушылыққа жол берілгені нақты айтылмады. Оған құқықтық баға беруді енді құзырлы органдар жалғастырады.

Жаңа басшының аты-жөні әзірге жарияланбады. Уахитовтың не себепті қызметінен кеткені де ашық айтылмай отыр.

Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте көпірдің орталық бөлігі опырылып түскен болатын. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Көпірдің техникалық жағдайын тексеру үшін Алматыдағы «Қазақпромтранспроект» жобалау-зерттеу институты тартылды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, көпірді қалпына келтіру қауіпті.Сондықтан көпір қайта қалпына келітірілмейтіні мәлім болды.