Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

ШҚО-да жол апатынан үш адам қаза тапты

Жол апаты
Фото: ЖИ

Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан 3 адам қаза тапты. 

Оқиға 24 қараша күні республикалық маңызы бар Омбы- Майқапшағай трассасының 877-шақырымында, Тарбағатай ауданында тіркелген. Куәгерлердің айтуынша, көктайғақ салдарынан Chevrolet Onix көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан Howo жүк көлігіне соғылған.

Полиция департаментінің мәліметінше:

«Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде Chevrolet Onix жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Үшінші жолаушы ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады ШҚО ПД.

Апаттан аман қалған қыз Ақжар ауылының ауруханасына жеткізілгені белгілі болды.

Айта кетейік,  Қазақстан жолдары Орта Азиядағы ең қауіптілердің бірі саналады. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам қаза тапты, бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы ең жоғары сан болып тіркелді. Ал биылдың өзінде (қаңтардан қарашаға дейін) 1 916 адам жол апатынан көз жұмғаны хабарланды. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанын көрсетеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің бұл бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының аналитиктері Мемлекеттік несие бюросы, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті және сақтандыру төлемдерінің статистикасы негізінде келтіреді. Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апаты – ауыр. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың жарақат алуымен аяқталады. 2025 жылдың қорытындысында жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 150 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжам жасалған.

Тегтер: