ШҚО-да жол құрылысына бөлінген 120 млн теңгеге бірнеше көлік пен элиталы пәтер сатып алынған
Шығыс Қазақстан облысында «Таза Өскемен» кәсіпорнының бұрынғы басшылары жол құрылысына бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікпен тергеуге ілінді.
Тергеу нұсқасы бойынша, ұрланған сома 120 миллион теңгеден асады.
Тергеу деректері
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, күдіктілер үшеу:
-
ұйымның бұрынғы директоры,
-
оның орынбасары,
-
және бір жеке кәсіпкер.
Бұрынғы директор екі айға қамауға алынған, ал қалған күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы жайлы агенттік нақтылама бермеді.
Тергеу мәліметінше, 2022-2023 жылдары «Таза Өскемен» басшылығы қала жолдарын күтіп ұстауға бөлінген бюджеттік ақшаны мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз өздерімен байланысы бар коммерциялық ұйымдарға аударып отырған.

Схеманың мәні – жалған құжаттар жасау болған. Іс жүзінде орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген материалдарға актілер рәсімделген.
Құжаттарда битум мен құм сатып алу, суды айдайтын арнайы техника жалға алу, сондай-ақ әлдеқашан орнатылған 23 аялдама павильонына материал алу туралы жалған деректер көрсетілген.
Осылайша ақшалар жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.

Ақша қайда кеткен
Тергеу нұсқасына сай, ұрланған 120 млн теңгеден астам қаржыға:
-
Өскемен қаласындағы элиталы тұрғын үй кешенінен пәтер,
-
BMW X6M және Subaru Forester автокөліктері,
-
сондай-ақ жер учаскелері сатып алынған.
Қаржылық мониторинг агенттігі істің тергеліп жатқанын растады. Күдіктілерге қарсы «Сеніп тапсырылған мүлікті иелену немесе ысырап ету» бабы бойынша іс қозғалған.