ШҚО-да жолдағы бала өлімі үшін жол-құрылыс ұйымының бас инженері сотталды
Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан баланың қаза табуына байланысты жол-құрылыс ұйымының бас инженері сотталды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 31 қазанында Күршім – Қалжыр – Ақсуат тас жолының 37-шақырымында болған. Бұл туралы Нalyqstan телеграм арнасы жазды.
Ауданның 37 жастағы тұрғыны көлік жүргізіп келе жатып, жолдың үстінде жатқан топырақ үйіндісіне соғылған. Соның салдарынан оның 2019 жылы туған ұлы оқиға орнында көз жұмды, ал 2017 жылы туған қызы түрлі дене жарақатын алған.
Кәмелетке толмаған жолаушының өліміне себеп болды деп айыпталған 53 жастағы жол-құрылыс компаниясының бас инженері қатысты қылмыстық іс үш ай бойы тергелді.
Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктінің жолдағы топырақ үйіндісінің көлік қозғалысы үшін қауіпті екенін білгенін анықтаған. Алайда ол «Жол қозғалысы туралы» Қазақстан Республикасының заң талаптарына қарамастан, ескерту белгілерін орнатуды қамтамасыз етпеген.
Іс осы жылдың қаңтар айында сотқа жолданып, наурызда сот үкімі шықты.
Сот бас инженерді ҚР Қылмыстық кодексінің «Көліктегі қолданыстағы қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап абайсызда адам өліміне әкелген әрекеттерді қамтиды.
Оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты қызметтерде жұмыс істеу құқығынан айырылды.