ШҚО-дағы тас жолда болған апаттан бір адам қаза тауып, екеуі жарақат алды
Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, екі адам ауруханаға жеткізілді.
Апат «Өскемен-Горная Ульбинка-Северное» автожолының 25-шақырымында болған. Полиция мәліметінше, Chevrolet Nexia автокөлігінің жүргізушісі төрт жолаушымен келе жатып, қарсы бағытқа шығып кетіп, Toyota Mark II көлігімен соғысқан.
Жол апаты салдарынан 25 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды, тағы екі жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Сондай-ақ, куәгерлердің айтуынша, Chevrolet Nexia автокөлігінің салонында шетел азаматтары болған.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.
Айта кетейік, бүгін Алматы-Бішкек автожолында Toyota Alphard көлігі апатқа ұшырап, 3 адам қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, 33 жастағы жүргізуші көлікті басқара алмай, салдарынан автокөлік аударылып кеткен.
Көліктің салонында Үндістан Республикасының төрт студенті мен бір турист болған. Зардап шеккендер туралы ақпаратты Үндістанның Астанадағы елшілігі де растады.
Апат салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір студент пен турист жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу органдары жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.