Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

ШҚО полициясы 4 млрд теңгеге Смағұлов компаниясынан көлік алмақ болған

Ерлан Омарбеков пен Нұрлан Смағұлов
Ерлан Омарбеков пен Нұрлан Смағұлов. Фото: Egov.Press

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 4 млрд 84 млн теңгеге автокөліктер сатып алуды жоспарлаған.

Жоспар бойынша бес жылға лизингтік келісім жасалып, сыйақы мөлшерлемесі 12,6%-дан аспауы тиіс болған. Құжатта көрсетілгендей, тапсырыс отандық өндірістегі «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-нен алынбақ еді.

Сатып алу тізімі:

  • Hyundai Elantra 1.6AT – 103 дана, әрқайсысы 13,5 млн теңгеден;

  • Hyundai Tucson 2.0AT 4WD – 31 дана, 18,2 млн теңгеден және 25 дана, 17,3 млн теңгеден;

  • Hyundai Staria – 5 дана, 23,5 млн теңгеден және тағы біреуін 22,5 млн теңгеден;

  • Hyundai Sonata 2.5AT – 30 дана, әрқайсысы 16,99 млн теңгеден;

  • Hyundai Palisade 3.5AT 4WD – 2 дана, әрқайсысы 36 млн теңгеден;

  • Hyundai Mighty EX9 эвакуатор-манипуляторы – 1 дана, 68,2 млн теңге.

Жалпы қарастырылған сома — 4 084 553 000 теңге, оның ішінде негізгі қарызды өтеуді қаржыландыру сомасы – 3,177 млрд теңге, ал сыйақы сомасы – 907,4 млн теңге болған.

Алайда бұл сатып алу да жүзеге аспады — конкурсқа ешқандай өтінім түспеген. Бұл – полиция департаментінің автопаркті жаңартуға екінші талпынысы. Белгісіз себептермен Смағұловтың компаниясы бұл жолы да қатыспаған.

Айта кетейік, «Hyundai Trans Kazakhstan» – Astana Motors компаниясының еншілес ұйымы. Ал Astana Motors Нұрлан Смағұловқа тиесілі.

Forbes Kazakhstan дерегінше, Смағұлов Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкерінің тізімінде сегізінші орында тұр. Оның байлығы шамамен 990 млн доллар деп бағаланады.