«Шнайдер» көпірінен Қостанай ауруханасына дейінгі былыққа кім жауап береді?
Ақпан айының орта тұсында жұрт назарын бірден екі өңірдегі шулы хабар аудартты. Оның біріншісі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарды ҰҚК ұстауы болса, екіншісі – Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталуы.
Әзірге екі шендінің ісіне қатысты ақпарат аз. Не үшін ұсталғаны және тергеліп жатқаны туралы ҰҚК-нің қасаң мәліметінен басқа дерек жоқ.
Жалпы, мемлекеттік органдар кейінгі жылдары кез келген резонансты істің соңында «өзге ақпарат 201-бапқа сай жарияланбайды» деген шаблоннан айнымайтын болған. Бұл жолы да солай. Екі жағдайға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті «сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, қалған мәлімет 201-бап бойынша жарияланбайды» деп қысқа қайырды. Оның өзін БАҚ-та мәлімет көп таралып, қоғам сұранысы артқаннан кейін ғана айтты.
Әсіресе ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты нақты нәрсе көп емес. Ресми дерек бойынша, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, бірақ қандай бап, қандай эпизод, мәртебесі қандай екені айтылмаған. Тіпті оған қамау, үйқамақ, кепіл, ешқайда кетпеу туралы қолхат сияқты бұлтартпау шарасы қолданылған-қолданылмағаны да жария емес. Ақпарат алғаш рет 13 ақпанда тарағаны, сол сәтте облыс әкімдігі «ресми дерек жоқ» деп жауап беріп, «денсаулығына байланысты уақытша демалыс» деген түсінікпен шектелгені де ашық деректе тұр. Алайда екі күн бұрын бірінші орынбасардың өзі Шығыс Қазақстан облысындағы 2025 жылға арналған әлеуметтік жұмыс нәтижелерін талқылауға арналған кеңес өткізгенін жергілікті журналистер жазды. Демек осы хабар тарағаннан екі күн бұрын Ж.Омардың денсаулығында ешқандай кінәрат болмағаны сөзсіз.

Құмға сіңген 600 млн теңге немесе Жақсылық Омарға айтылған сын
«Жақсылық Омар ұсталды» деген хабар тараған сәтте жұрттың көңілінде «не үшін ұсталуы мүмкін?» деген сұрақ тууы кәміл. Кейбіреулер оны былтыр қыркүйек айында құлаған «Шнайдер» көпірімен байланыстырды. Себебі 30 қаңтарда ҰҚК ШҚО шенеунігі Данияр Уахитовты ұстады. Кейіннен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовтың қамауға алынуы 2025 жылдың қыркүйегінде Өскеменде «Шнайдер» көпірінің құлауымен тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Әкімнің бұлай деуі осы істе жауапкершілік шеңбері жоғарылай ма деген күдікті күшейтті. Уахитовтың үйін тінткен құқық қорғау органы оның үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың АҚШ долларын тапқан. Содан кейін арадан екі апта өтпей Ж.Омардың ұсталғаны белгілі болды.
Жалпы былтыр Өскеменде «Шнайдер» көпірінің құлауы қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. «Шнайдер» көпірінің құлап қалғаны сол еді, БАҚ беттерінде бұрынғы қала әкімі, қазіргі облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың екі жыл бұрын көпірді жөндеу жұмыстары кезінде көпір алдында тұрып сөйлеген сөзі шыға бастады. Видеода ол көпір жұмыстары қашан аяқталатынын айтып, барлығы өзінің бақылауында екенін мәлімдейді. Алайда Ж.Омар жарнамалаған көпір көп өтпей құлап қалғаны түрлі ойға жетелейді.
Жергілікті тұрғындар арасында «блогер әкім» атанған Жақсылық Омардың сынға қалғаны тек «Шнайдер» көпірімен ғана байланысты емес, ол қала әкімі болып жұмыс істеген алты жылдан аса уақытта оның басқару тәсілі шешілмеген әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселесімен де есте қалды. Ж.Омар қала басшысы кезінде ең көп талқыланған жобалардың бірі – қала орталығындағы жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» аймағы. Әкімдік оны қаланың жаңаруының символы ретінде көрсетті. Бірақ жергілікті тұрғындар мен бақылаушылар бұл бастаманы «көрнекі жоба» деп бағалады. Құрылыс барысында кейбір көпқабатты үйлердің кіреберістері төмендеп қалып, балалар арбасымен шығу қиынға соққаны, қыста су жиналатыны туралы шағымдар айтылды. Яғни сыртқы көрініс түзелгенімен, тұрмысқа қолайсыздық туындаған. Қоғамдық көлік мәселесі Омардың тұсында ерекше ушығып, тұрғындар сотқа дейін жүгінді. Мұнымен қоса, инфрақұрылымдық түйткілдер де шешімін таппады. Кәріз жүйесінің апатты жағдайы, коллекторлардың құлауы, жертөлелерді су басу оқиғалары қоғам наразылығын күшейтті. Әлі күнге дейін барак үлгісіндегі ескі үйлерде тұрып жатқан отбасылардың мәселесі де толық шешілмеді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты ахуал да сынға ілікті. Қалада ондаған жыл пайдаланылған ескі полигон толып қалғанымен, жаңа полигон салу мәселесі шешілмей келді. 2022 жылы 1,8 млрд теңгеге қоқыс сұрыптау зауыты салынды. Алайда нысан конкурссыз берілгені жөнінде күмән айтылып, іске қосылғаннан кейін де қалдықтардың аз ғана бөлігін өңдей алатыны белгілі болды. Сарапшылар жаңа полигонсыз мұндай зауыттың тиімділігі төмен екенін айтты.
Осы сындарға қарамастан, 2025 жылдың сәуірінде Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл шешім әлеуметтік желілерде әрқилы реакция тудырды. Кей тұрғындар мұны түсінбестікпен қабылдаса, облыс басшылығы оның тәжірибесін алға тартты.

Денис ДАНИЛЕВСКИЙ, журналист: Ірі шенеунікке келгенде бізде ақпарат тұмшаланады
– Жоғары лауазымды шенеуніктердің жеке жауапкершілігі болған емес, болмайды да. Менің ойымша, жоғары деңгейдегі, оның ішінде облыс деңгейіндегі шенеуніктер жабық корпорация секілді. Билікке ие бола отырып, олар орасан зор бюджет қаражатын басқаруға кең мүмкіндік алады. Негізінде олар буржуазиялық бюрократияға айналып кетті. Олардың ішінен тек сол «корпорацияның» ішкі ережесін бұзғандарды немесе тым жоғары саясатқа қол созып, өзіне белгіленген рөлден асып кеткендерді ғана «құрбандыққа шалады». Заңдылықпен күресіп жатқандай көріну үшін көбіне ұсақ шенеуніктерді немесе нақты орындаушыларды, техниктерді жазалайды. Мұндай мысалдар жетерлік.
Ал Жақсылық Омарға келсек, оған қандай айып тағылғанын, қай бап бойынша және оның қызметінің қай эпизодына қатысты екенін білмейміз. Одан бөлек, ҰҚК жариялаған сотқа дейінгі тергеуде оның нақты қандай мәртебеде екені де белгісіз: күдікті ме, әлде қорғануға құқығы бар куәгер ме? Сондай-ақ бұлтартпау шарасы туралы да ресми ақпарат жоқ: қамауда ма, кепілмен босатылған ба, үйқамақта ма, әлде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шектелген бе?
Сондықтан арада 10 күн өтсе де, біз тек болжамды ұсталу туралы ғана айта аламыз. Биліктің және құқық қорғау органдарының ашықтығы мен жариялылығының деңгейі осындай. Егер іс ауыл әкімі деңгейінен жоғары шенеунікке қатысты болса, бірден ақпаратты жасырып, тұмшалай бастайды. Облыс әкімдігі де үнсіз. Ж.Омар тергеу кезінде қызметінен шеттетілді ме, жоқ па – белгісіз.

Қостанайдағы жемқорлық дауы
Гүлбарам Мұсағазинаның есімі Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, оның орынбасары және аудандық аурухананың бас дәрігеріне қатысты жемқорлық күдігі бар іспен байланыстырылды. Бұған дейін, Қостанай облысының прокуратурасы медициналық ұйымдар «сұраныссыз жабдықты» қымбат бағамен сатып алған фактілер анықталғанын, мемлекетке келтірілген зиян 2 млрд теңгеден асқанын хабарлады және бұл іс бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар мен жабдық жеткізушісі ұсталғаны мәлім болды. Гүлбарам Мұсағазина облыс әкімінің орынбасары ретінде экономика, бюджет, қаржы, мемлекеттік сатып алу және денсаулық сақтау бағыттарын да қадағалаған. Яғни осы жемқорлық дауында басты айыпталушы облыс әкімінің орынбасары болуы мүмкін деген де болжам бар. БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа сүйенсек, оған «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалғаны айтылады. Алайда бұл мәліметтердің басым бөлігі «дереккөздерге» сүйеніп берілген, сондықтан ресми органдар тарапынан толық әрі нақты растау жоқ. Ал кадрлық шешімге келсек, облыс басшылығы Мұсағазинаның 2026 жылғы 11 ақпандағы өтініші негізінде қызметтен босатылғанын хабарлады. Яғни тергеу туралы ақпарат тарағанымен, оның қызметтен кетуі ресми түрде «өз еркімен» деген негізде рәсімделген.
Жалпы, Г.Мұсағазинаның денсаулық сақтау саласындағы жемқорлыққа қатысы бар деген ақпарат былтыр желтоқсан айының соңында шықты. Сол кезде блогер Қостанай облысында медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражаты мақсатсыз пайдаланылғанын шенеунік білмеуі мүмкін емес деп мәлімдеген. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық және құқықтық заңбұзушылықтарды Мұсағазинаның қызметімен тікелей байланыстырған. Алайда Г.Мұсағазина блогерді сотқа беріп, жеңіп шықты. Әулиекөл аудандық соты Николай Гиньятовты бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы және сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптай отырып жала жапқаны үшін кінәлі деп таныды. Сот блогерге 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 784 400 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындап, бұл соманы мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы шешім шығарған.
Түйін
Екі өңірдің жоғары лауазымды шенеунігінің бір мезетте тергеуге ілігуі жай ғана оқиғаға ұқсамайды. Бірақ олардың ұсталуы әзірге болжам бойынша өткен оқиғалармен ғана байланыстырылды. Жақсылық Омарға қатысты жағдай инфрақұрылым сапасы мен бюджет игеру мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Қостанайдағы 2 млрд теңгелік медициналық жабдық дауы – әлеуметтік саладағы қаржының қалай бөлініп, қалай жұмсалатынына күмәнді күшейтті. Екі іс те әртүрлі салада болғанымен, ортақ мәселе – бюджет қаражаты, мемлекеттік сатып алу және бақылаудың әлсіздігі. Алайда бұдан да маңыздысы – ақпараттың жабықтығы. Иә, 201-бап тергеу құпиясын сақтауға арналған. Бірақ ол қоғам алдындағы есептілікті жоюдың тәсіліне айналмауы тиіс. Ашықтық жоқ жерде сенім болмайды. Ал сенімсіздік – кез келген реформаның ең әлсіз тұсы. Егер бұл істер расында да заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам болса, онда ол ашық әрі айқын жүруі керек. Ал егер мұндай тергеулер тек жеке тұлғаларды «құрбандыққа шалу» арқылы жүйелік мәселелерді бүркемелеудің тәсіліне айналса, онда ол ұзақ мерзімді өзгеріс әкелмейді. Егер жауапкершілік жеке адаммен шектелсе, ал шешім қабылдау тетіктері сол күйінде қалса, мұндай оқиғаның ертең тағы қайталануы мүмкін.
Тұрсынбек БАШАР