Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 12 Ақпан 2025

ШОБ-ты шөміштен қысып, алпауыттардың аранын толтыру

ШОБ
Фото: gov.kz

Өткенде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта бизнесті кепілдендіру қорларын көбейту керектігін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын маңызы бар жобаларға пайдалануға рұқсат берілетінін айтты.

 Негізінде, Қазақстанда бұған дейін де зейнетақы қорының қаражаты «маңызы бар жобаларға» салынып келді. Ал енді кепілдік беру қорларын көбейтуден не ұтамыз?! Мұндай бағытты ұстану экономикаға не береді?

Сала мамандары «Қазақстан өзінің экономикалық даму жолында қос соқпақтың бірін таңдауы тиіс жолайрыққа келіп тірелді» дейді.

Жалпы, Бектенов үкіметі өзінің алдағы жоспары: инфляцияны тежеу, бюджет дефицитін азайту, мұнай экспортын және адам капиталы ахуалын жақсарту екенін айтып жүр. Бірақ сәл ғана шегініс жасасақ, бұған дейінгі үкімет те осы мәселелерді шешумен айналысты. Басқасынан бұрын қазақстандықтар үшін инфляция ұғымы ертеден таныс. Тәуелсіздік алғалы бері 33 жылдың ішінде соңғы 12 жылда инфляция 10 пайыздан төмен болмапты. Әсіресе 2021-2022 жылдары елдегі инфляция деңгейі 20 пайызға дейін шарықтады. 2024 жылы да үкіметтің экономикалық өсім, инфляцияны тежеу, бюджетті толықтыруға қатысты жоспарлары орындалмай қалды.

Енді бізге жүрісті өзгерту керек. Қазіргі бағытпен кете беретін болсақ, ең бірінші бюджеттік дағдарысқа шалдығамыз. Екінші, мұның артынан инвесторлар кетіп, өндірістер жабылады. Ал бұдан соң жаппай жұмыссыздық басталады.

Қазірдің өзінде үкімет бюджетке салықтың аз жиналғанын – былтыр жиналған салық бар болғаны 12,3 трлн теңге екенін айтып отыр. Мұның ішінде қосымша құн салығы (ҚҚС) мүлде жұмыс істемеген. Осы аралықта бюджеттің шығыны 26 трлн (!) теңгені құраған. Олардың басым бөлігі әлеуметтік шығындар. Ол әлеуметтік шығындарды қысқартатын болсақ, елде мектеп, аурухана, тағы басқа әлеуметтік нысандар салынбай қалады. Сондай-ақ зейнетақы, жәрдемақы, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, студенттердің шәкіртақыларын да қысқарту қажет болады. Енді осындай қиыншылықтан шығу үшін үкімет қайтадан қосымша құн салығын жоғарлатуды ұсынып отыр. ҚҚС-ын 12 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру бюджетті толтырудың бір жолы ретінде қарастырылуда. «Салықты бұлай көтеру бюджетке қосымша 6-7 триллион теңге әкеледі» деп болжанады. Оған өтемақы ретінде әлеуметтік салықты алып тастау идеясы да көтерілді. Алайда мұндай қадамдардың қазынаны толтыруға уақытша ғана дем беретінін сарапшылар ә дегеннен-ақ айтып жатыр.

Сарапшылардың негізгі аргументі – бізде «даму бюджетінің» көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол барлық мемлекеттік шығыстардың 25 пайызына жетсе, бізде 8-ақ пайыз. Яғни 26 трлн теңгеге жуық республика бюджетінің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Болашақта бізге осы «даму бюджетінің» көлемін арттыру қажет. Ол үшін бір ғана салық саясатын өзгерту жеткіліксіз.

ШОБ-тан аттап, Ұлттық компанияларды жарылқау

Экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов былай дейді:

«Негізінде, «даму бюджетінің» бүйірі шығуы үшін алдымен елде отандық бизнес дамуы тиіс. Ол үшін бизнесте мол қаражат болуы керек, мемлекеттік қолдау қажет. Қазір бизнеске арзан несие бармай жатыр. Өйткені елде бизнесті кепілдендіру құралдары жоқ. Өткенде президент «үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек» деді. Сондай-ақ маңызды стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат алуға рұқсат берілді. Енді қараңыз, Қазақстанда Депозиттерге кепілдік беру қоры бар. Былтыр осы қор 200 млрд теңгесін жекелеген ірі компанияларға басқаруға берді. Ұлттық банк осыған рұқсат берді. Қордың мәліметінше, ұлттық компанияларға берген сома еселеніп қайтады. Өз басым, мұндай деректерге сенбеймін. Себебі осы уақытқа дейін Ұлттық қордың қаражаты да, БЖЗҚ-ның қаражаты да елдегі ұлттық компанияларға беріліп келді. Кезінде БЖЗҚ қаражат алған Қазақстан теміржолы компаниясының қазіргі қарызы бастан асады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қарызының өзі дүдәмал ойға жетелейді.

Негізінде, кепілдік беру қорының қаражатын отандық шағын және орта бизнесті арзан несиемен қамтуға жұмсаған жөн. Мысалы, шаруалар кәсібіне арзан несие алайын десе, оның талабы жоғары. Олар ауылдағы үйін немесе техникасын кепілге қояйын десе, оны банктер арзанға бағалайды. Тіпті ауылдағы ескі үй мен тозығы жеткен тракторды кепілге алатын банктер де жоқ. Ал бізде субсидия бар жерде ұрлық бар. Былтыр жалған жұмыспен қамтудың 500-ден астам жағдайы да анықталған. Бұған қатысты 168 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидиялар қағаз жүзінде бөлінген, бірақ адамдар іс жүзінде жұмысқа орналаспаған. Сонда қараңыз, орта бизнес арзан несие ала алмаса, субсидияның төңірегінде ұрлық болса, Ұлттық қор, зейнетақы қорының қаражаты және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражаты ірі ұлттық компанияларға ғана берілсе, орта бизнес не істейді?! Олар өзінен-өзі қолдарын бір сілтеп, кәсіптерін отқа тастайды».

Рас, осы уақытқа дейін бізде БЖЗҚ-дан да, Ұлттық қордан да трансферт алып, үкіметтің қолдауына қарық болған ұлттық компаниялар болды. Солардың бірі – «Қазақстан теміржолы» компаниясы болатын. «Экономикаға дем береді, дамудың драйверіне айналады» деп мемлекеттің қолдауын көрген «Қазақстан теміржолы» компаниясының қазіргі қарызы 3,65 трлн теңгеге жеткен. Сол тәрізді кезінде «ауыл шаруашылығына серпін береді, шаруаларды арзан несиемен қамтиды» деп құрылған «ҚазАгро» компаниясы болды. Бұл компанияға да БЖЗҚ-дан 400 млрд теңгедей қаражат бөлінді. Алайда қазір «ҚазАгро» өзін-өзі ақтамаған компания ретінде танылып, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрамына еніп кетті. Енді оның қордан алған қарыздарын «Бәйтерек» қайтаруы тиіс.

Экономист Бейсенбек Зиябековтің пайымдауынша, бізде зейнетақы қорында жинақталған қаражат, кепілдік беру қорындағы қаражаттар және субсидиялар орынды жұмсалғанда, тіпті Ұлттық қордың қаржысына қол сұқпауға да болатын еді. Мәселен, осыдан 15 жыл бұрын «инвестициялық кіріске қарық боламыз» деп шетелдік бес компанияға БЖЗҚ-ның инвестициялық қаражаты басқаруға берілген. Әзірге оның тек 15 пайызы ғана қайтқан.

«Зейнетақы қорының қаржысын шетелдік компанияларға басқаруға беруге мүлде болмайды. Қор қаржысы отандық өндірісті дамытуға салынса сенімдірек болады. Өркениетті елдерде қордағы қаражатты ғылымға, инновацияға, инфрақұрылымды дамытуға, елді арзан баспанамен қамтуға жұмсайды. Ал субсидиялар белгілі бір нақты секторды дамытуға жұмсалады. Бізде қаражатты бақылау жоқ. Мысалы, жуырда ғана Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы 50 миллион теңгеден аса субсидияны заңсыз алғаны анықталды. Кәсіпорын басшысы жалған құжатты пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге субсидия алған. Шын мәнінде ол қаражатты LAND CRUISER PRADO көлігін сатып алуға жұмсаған. Міне, осындай заңсыздықтар көп. Бұл мен білетін кішігірім ғана дерек. Субсидияның айналасында бұдан да үлкен ұрлықтар бар. Сондықтан болашақта субсидиядан гөрі, «каникулмен» берілген арзан несиенің жауапкершілігі бар және сол тиімді болмақ. Үкімет болашақта осы мәселелерді пысықтау керек. Кепілдік беру қорларының санын арттырған дұрыс. Бірақ олардың қаражатын алпауыт компанияларға кепілге берумен келіспеймін. Осы уақытқа дейін алпауыт ірі кәсіпорындар мен компанияларға берілген қаражат ебін тауып, офшорға кетіп тынды. Ол қаражаттардың елге қайтуы үшін әлі талай жылдар керек. Ұлттық компаниялар онымен қоймай, сырттан қарыз алып та борышқа батып отыр. Енді бізге отандық шағын өндірісті дамытатын бизнестен үміт күту керек. Үкімет осы жағына ден қоюы керек», – дейді Б.Зиябеков.

Ал қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне сүйенсек, біздің бағымызды ашатын үш тетік бар. Біріншіден, елде ауыр өнер­кәсіп саласын дамытуға күш салуы ке­рек. Ол үшін инфрақұрылымдарды да­мытуға пайдаланатын қажетті техноло­гияларды, инженер мамандарды сырт­­­тан әкелуді тоқтатуымыз керек. Бұл әрекет отандық өнеркәсіп саласының жан­дануына кері ықпалын тигізуде.Екіншіден, қайта өңдеу саласын шұғыл дамытуға кірісу қажет. Біз кезінде қайта өңдеу саласын дамытуды дұ­рыс жолға қоюдың орнына, банктерге инвестиция бөлуді, мұ­най саласына айрықша көңіл аударуды дұ­рыс санадық. Мұнайдан түскен түсім ар­қылы мемлекетке қажетті тұтыну тауарларын сырттан сатып ала бергенді тиімді деп есептедік. Қазір бұл үрдістің қате екендігін уақыт дәлелдеп берді.

«Кезінде нарықтық қағи­да­ны елімізге ендірер тұста француз ға­лымы Милтонның теориясын ұстандық. Милтонның қағидасы «елде қым­батшылық орнамас үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы са­ласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мемлекеттер таңдап алды. Бірақ экономикалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, біраз елдер өндірістік саланы қол­дамайтын Милтонның моне­тар­лық теориясынан әл­деқашан бас тартқан. Қазақстан бұл теорияны 33 жылдан асты әлі ұстанып келеді. Елде өндіріс орындарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Импортқа тәуелділіктен құтылуға талпыныс аз. Сондықтан біз­ге ұстанған ескі қағиданы өзгертуді ойластырған жөн. Қазір заман жаңарды. Ескі бағытпен елді жаңарта алмайсың», – дейді сарапшы.

Жалпы, біздің үкіметте экономикалық теорияларды әбден зерттеп, сараптап оқитын топ-менеджерлер аз. Сондықтан да жоғарыдағылар тек халық алдында тоқсан сайын «экономиканы дамытамыз, инфляцияны белгіленген межеден асырмаймыз, бюджет қаражатын дұрыс игереміз» деп есеп берумен бірдеңе тындырғандай болып жүр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ