Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:50, 04 Ақпан 2022

Шойын жолдағы жұмысшылар сірі жанды ма?

None
None

Теміржол саласының күрмеуі қатпар-қатар. Оған дендеп  үңілу  біздің құзырымызға жатпайды.

Әйткенмен, шойын жолда істейтін  қарағандылық қара нарлардың зары алты қырдан асып тұр. Айтуларынша, әділетсіздіктен құса болған жұмысшылардың құқын қорғауға заңгерлердің өзі қауқарсыздық танытып отыр.

Ақылға сыймайтын «отказ»

          «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның  «Ағадыр машиналандырған жол дистанциясының» Сұрыптау стансасындағы экологиялық аймақтарға баратын жұмысшылары үстемақыдан қағылып отыр. Олар  он жылдан бері ақиқат орната алмай келеді. Ат төбеліндей,  550 еңбеккерлердің тиісті талабы жақын арада орындалатын түрі жоқ. Ол үшін заңға түзету енгізу керек.

– Біздің жұмыскерлер 2011 жылдан бері Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы, «Достық» кеден бекеті бойындағы экологиялық қауіпті аймақтардың шойын жолдарында жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Әр ауысымда жүзге тарта адам бар. Жігіттер сол өңірлерде 15 күн сапарда болады. Талап бойынша еңбекақы 11 сағатқа төленеді. Әріптестерім кейде 16 сағатқа дейін бел жазбайды.  Оны бұлдап жатқан олар жоқ. Бізді толғандыратыны – денсаулыққа зиянды аймаққа барып-келіп жүрген жұмыскерлерге үстемақы неге төленбейді? Олар сол жерлерде вагон тіркемесінде тұрып, жарты ай еңбек етеді. Күндіз-түні ыстыққа қапталып, аязға домбығып, шаруаларын еңсереді. ҚР «Еңбек кодексі» туралы заңында: «Экологиялық қауіпті өңірде тұрып, жұмыс істейтін азаматтарға қосымша төлемақы есептелуі тиіс», деп жазылған. Осы күнге дейін кімге шағымданбадық? Қайда арыздансақ та: «Ол өңірлер жұмысшылардың тұрақты мекені емес», дегенді  алға тартады. Қазір біз үшін жайсыз аймақтардан бас тартудың  төте жолы – жұмыстан шығу болып тұр. Күнкөрістің қамымен көнбістікке бой алдырып жүрміз. Біздегі заңгерлер де  «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылығына осындай өтінішпен шықты. Бірақ басшыларымыз сұранысымызды қанағаттандырмай тастады. Айталық, заңның талабы солай болған күнде де «Еңбек кодексінің» 6-бабында: «Әркімнің өз саласындағы құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндігі бар», деп жазылған емес пе? Ендеше, тиісті ведомство қаржы үнемдеудің қитұрқы жолын көксеп отырғаны мәлім, – дейді  дистанция кәсіподағы комитетінің төрағасы Болат Әбдікеров.

– «Зайырлы қоғамға сай, заң салтанат құратын уақыт келді. Экологиялық қауіпке ұрынған жұмысшыларға үстемақысы қалайда төленуі керек! Әрбірден соң, бұл ар алдындағы жауапкершілік болып саналады. Маңдай тердің  ақысы тиісінше, төленбей отырғаны тағатымызды тауысты. Осынау әділетсіздікке шыдамаған 119 адам былтыр жұмыстан кетті. Өкініштісі сол, кезінде өзіміз дайындаған кәсібінің кәнігі шеберлерінен айырылып жатырмыз.  Көбісі, «Қазақмысқа» тиесілі теміржол саласына орналасты.  Олардың айлығы екі, екі жарым есе жоғары. Ал біздің жалақымыз – жарытымсыз. Қолымызға бар болғаны – 150 мың теңге тиеді. Барға қанағат етіп жүрген жұмысшыларымыз сапарға шыққан өңірдің экологиясына әрең шыдас білдіруде. «Қазақстан теміржолының» басшылары осыны ескермесе, күні ертең екі қолға бір күрек ұстайтын маманға зар боп қалады, – дейді дистанцияның жетекші маманы Назыр Қосыбаев.

Үстемақы төленуін көксеген  кәсіподақ ұйымының мүшелері былтыр облыстық еңбек инспекциясына хат жазған.  Болат Әбдікеровтың мәлімдеуінше, инспекциядан: «Мұндай талаптың  заңдық күші болмайды және ол ұжымдық сипатқа ие. Егер шешім қанағаттандырмаса, жоғары инстанцияға шағымдануға болады», деген жауап келген. Бұл мәселеге қатысты бізге облыстық  еңбек инспекциясы басқармасының ресми өкілі  Айзада  Жұмабекова  жекелеген теміржолшыларға  үстемақы төленіп жатқанын хабарлады. Өтемақыдан қағылып отырған еңбеккерлер осындай сипатта шағым жолдасын, деп төте жауап қайырды. Артынша, шағым иелеріне қоңырау шалып: «кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?» деген сұрау салдық. Кәсіподақ комитетінің жетекшісі еңбек инспекциясы басқармасының мәлімдемесін жоққа шығарды. Қалай болғанда да, ендігі мақсат – біреудің ақтығын  айыру емес, экологиялық зардапқа ұрынған теміржолшылардың өтемақысын төлеу екенін еске салсақ дейміз.

Тегтер: