Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 10 Наурыз 2022

Шөкеев шапан киді Қалқаманов шыр-пыр болды

None
None

Әлеуметтік желіде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шапанына қатысты видео тарап, жұрт арасында әжептәуір әңгіме болды.

Өз басымыз видеодан анау айтқандай, немесе ұят болатындай ештеңені көргеніміз жоқ. Халықаралық қазақ-түрік университетінің акті залы. Салтанатты шара. Сахнада Өмірзақ Шөкеев пен тағы үш азамат, олардың бірі – Түркияның вице-президенті Фуат Октай, бірі Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы  Мұхиттин Шимшек мырзалар көрінеді. Шөкеевке шапан ұсынылады, ал ол шапанды үстіне киеді. Бас-аяғы 30 секундтық бейнежазбадан байқағанымыз осы ғана. Бірақ видеоны таратушылар шын мәнінде шапан Түркияның вице-президентінің үстіне жабылуы тиістігін, ал Шөкеевтің оны өзі киіп алғанын жазады. Осыған қатысты түрлі пікірлер жазылды, біреулер Шөкеевтің атына ауыр сөздер айтып, енді біреулер болған оқиғада назар аударатындай ештеңе жоқтығын алға тартты.

Әлеуметтік желіде теріс пікірлер қаптап бара жатқан соң облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов фейсбуктегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шықты. Әкім орынбасары шарпып бара жатқан өртті дереу өшіру үшін қатты асықса керек, тікелей эфирді көліктің ішінде отырып жүргізе берді. Оның айтуынша, видео үзіліп, кесілген. Оқырман шын мәнінде не болғанын түсінбейді. Яғни, бұл жерден  Шөкеевтің абырой-беделіне әдейі нұқсан келтіріп жатқан сияқты. Ол осы жөнінде Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректорымен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіруді сұраныпты. Бірақ ректор Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұған ешқандай коментарий бермеу тапсырылғанын айтыпты. Осыдан кейін Қалқаманов іске өзі кіріскен көрінеді.

Әкім орынбасарының айтқандарынан ұққанымыз, жалпы университетке жасап жатқан қамқорлығы, бөліп жатқан гранттары үшін ХҚТУ тарапынан Шөкеевке шапан кигізілген. Ал мұның алдында Шөкеевтің Түркияның вице-президенті Фуат Октаймен өткен жабық кездесуінде вице-президенттің үстіне де шапан жабылған екен.

— Негізгі бұл видеоны фейк деуге болмайды. Бірақ қараңғы бөлмеден қара мысық іздеп керек емес. Бәрін осы видеоны түсірушінің ұятына қалдырдық, – дейді Сәкен Қалқаманов.  

Кейінірек болған оқиғаға Халықаралық қазақ-түрік универсиеті де түсінік берді.

— Түркия Республикасының вице-президентіне білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін «Құрметті профессор» академиялық атағы берілді. Ал Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына қосқан үлесі үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке шапан ұсынды, – делінген  оқу орнының баспасөз қызметі берген мәліметте.Шенеуніктердің осылай әлек-шәлегі шығып, шапанның жыры бір көтеріліп барып басылды.

Қазір шапанды кім кимей жатыр дейсіз?! 2010 жылы Түркістанда, осы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркияның сол кездегі президенті Абдулла Гүл экс-президент Назарбаевтың иығына шапан жауып, қолына асатаяқ ұстатып, «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп жариялаған. Түркістанның төрінде күн сайын дерлік ғалымдарға, ақын-жазушыларға, келген мәртебелі қонақтарға шапан жабылып жатыр. Талай шапанды Шөкеевтің өзі де киіп жүргеніне күмәніміз жоқ. Біреуге тиесілі шапанды тартып алатындай, өзі киіп кететіндей деңгейі төмен азамат емес. Бір түсінбестік болған шығар, бұл дабыра қылатындай әңгіме емес сияқты. Біздің айтпағымыз басқада.

Осындай болмашы нәрсеге облыс әкімі орынбасарының тікелей эфирге шығып, түсінік бергеніне таңғалғанымыз рас. Соңғы уақытта Түркістан өңірінде түсініксіздіктер көп. Қайбір жолы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Түркістандағы құрылыс саласындағы барлық тапсырыстардың төрттен бірін BI Group пен Базис-А компанияларының тендерсіз ұтып алғандығын мәлім етті. Бірақ әкімнің құрылыс саласына жауапты орынбасары Арман Жетпісбаевтың осыған қатысты түсінік бергенін көрмедік. Облыстың білім саласындағы былық-шылықтар жетіп артылады. Былтыр Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде оқушы соққыға жығылып, артынша ауруханада қайтыс болды. Жыл басында Келес аудандық білім бөлімінің басшысы журналисті өлтіруге тапсырыс бергені үшін қамауға алынды. Жуырда Сайрам ауданында мектептердің біріндегі қазандық жарылып, от жағушы қайтыс болды. Ал облыстық білім басқармасы басшысының креслосы әлі бос тұр. Бірақ осы мәселеге қатысты облыс әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Сәкен Қалқамановтың тікелей эфирге шыққанын, шыр-пыр болғанын көрмеген едік.

Бұдан нені байқауға болады? Түркістандық атқамінерлер үшін қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселеден гөрі Шөкеевтің жеке имиджі жоғарырақ болып тұр ғой. Сіз қалай ойлайсыз?

Тегтер: