Шөкеев шөгіп кеткен бе?
Жақында «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы әдеттегіше, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің рейтингісін жария етті.
Қаңтар оқиғасынан кейін өңір басшыларының рейтингісінде көп өзгерістер бар. Кезінде тұңғыш президенттің ең сенімді кадрлары болған, әкімдердің командасында әжептәуір, абырой-беделі бар шенеуніктердің біразы тізімде ортадан төмен орын алды. Керісінше, Тоқаев тағайындаған, қазіргі президентке жақын кадрлардың жұлдызды кезеңі басталған сияқты. Сонымен...
Айта кетейік, аталған орталық әкімдердің жұмысын 5 көрсеткіш бойынша бағалайды. Оның ішіне, халықтың әкімнің жұмысына қанағаттануы, өңірдегі экономикалық және ішкі саяси ахуал, өңір басшысының ақпараттық ашықтығы және оның саясаткер ретіндегі перспективасы, дәлірегі, келешектегі карьералық өсу мүмкіндігі кіреді.
Бұл жолғы көшті күтпеген жерден Қанат Бозымбаев бастапты. Сарапшылар Тоқаевтың бұрынғы көмекшісі, Алматы облысының әкімі қызметіне былтыр қарашада тағайындалған Бозымбаевтың келешегі кемел деген баға берген. Екінші орынды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, үшінші орынды Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев иеленген. Тізімде бұдан кейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов және Нұрсұлтанның әкімі Алтай Көлгінов тұр. Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 10 орыннан көрінді. Шөкеев аталған орталықтың былтырдың бірінші жартылдығына жасаған рейтингісінде бірінші орында тұрған еді. Сарапшылар сол жолы оны «кризис менеджері» деп атаған. Айналдырған бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде Шөкеевтің бірден оныншы орынға сырғуын немен түсіндіруге болады?
Осы жерде тарқатыңқырап айтайық, «Стратегия» сарапшыларының былтырғы рейтингісінде Өмірзақ Шөкеев бес көрсеткіштің төртеуінде бірінші орын алған. Биылғы рейтингте сарапшылар Шөкеевке өңірдегі экономикалық жағдай бойынша – 15 орынды, әкімнің жұмысына халықтың қанағаттану көрсеткішіне – 10 орынды беріпті. Осы уақыт аралығында Түркістан облысының экономикасында көштен қалып кететіндей, ештеңе бола қойған жоқ. Халықтың әкімге деген сеніміне селкеу түскенін де байқамадық. Ендеше, рейтинг неге күрт құбылды?
Жалпы, қаңтар оқиғасынан кейін әкімдердің командасындағы жағдайдың өзгергені рас. Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев орнынан алынып, президент босаған креслоға Ерболат Досаевты әкеліп отырғызды. Сағынтаевты Жамбылға әкім болады, деген әңгіме осыдан кейін көп айтылған. Жуырда, Әулиета өңірінің басшылығында ауыс-түйіс жасалған кезде әкім болуға лайық кандидаттардың қатарында, алдымен Сағынтаев ауызға алынып еді. Алайда экс-премьерге ешқандай қызмет бұйырған жоқ. Президент осы ауыс-түйісте бес бірдей облысқа әкім болған Бердібек Сапарбаевты зейнеткерлікке шығарып салды. Бұдан кейін Қызылорданың әкімі, әкімдердің командасындағы жалғыз нәзік жанды Гүлшара Әбдіхалықованы орнынан алды. Қаңтардағы жағдайдан кейін кейбіреулер әлеуметтік желіде Шөкеевтің жақында қызмет ауыстыратынын, тіпті премьер-министр болуы мүмкін, деген сәуегейлік жасап еді. Алайда ол жаңа үкіметтің құрамына енбей қалды.
Өмірзақ Шөкеев іскерлігін көпшілік мойындаған, қазіргі әкімдердің командасында төрт өңірге әкім болған жалғыз шенеунік. Уақтысында министр, елорданың әкімі, бірінші вице-премьер, «Самұрық-Қазынаның» төрағасы болған. Түркістан облысына 2019 жылдың ақпанында әкім болып келді. Шөкеев үшін былтыр өте жемісті жыл болды. Мамырда Түркістанға келген тұңғыш президент атқарылған жұмыстарға, оның ішінде, Шөкеевтің еңбегіне өте жоғары баға берді. Түркі әлемінің рухани астанасы деген ресми мәртебе алған Түркістанда былтыр көптеген нысандардың құрылысы аяқталды. Шөкеевтің өзі былтыр елордада берген баспасөз мәслихатында киелі қаланы дамытудың алғашқы кезеңіне 400 миллиард теңгеден астам қаражаттың бөлінгенін мәлімдеген болатын-ды. Бірақ биыл Түркістанда құрылыстың қарқыны бәсеңдеген сыңайлы.
Айтпақшы, жоғарыда аты аталған «Стратегия» орталығының сарапшылары былтырғы рейтингте Шөкеевтің саясаткер ретіндегі перспективасын, яғни карьералық өсу мүмкіндігін өте жоғары бағалап, бірінші орын берген еді. Бұл жолы ол бірден 11-орынға төмендеді. Бұл нені білдіреді? Осыдан кейін әкімдердің рейтингісінің өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал, жеке қарым-қабілетіне қарай емес, елдегі саяси жағдайға қарай өзгеретінін байқауға болады. Ал Шөкеевтің қызметтік тағдырының қалай қарай құбыларын уақыт көрсетеді.