Шөкеев Тоқаевқа керек пе?
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев президентке отставкіге кету туралы арыз берді.
Өткен аптадан бері осы жаңалық ақпарат құралдарының басты тақырыбы болып тұр. Басқа біреу болса, бәлкім, бұлай шуламас па еді, Шөкеев дегенде, елдің елең ете қалатынын, оның саясатта салмағы ауыр шенеунік екендігін мойындау керек.
Өткен аптада Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов пен оның сыбайластарына қатысты қаулы шығарды. Сотталушыларға шығарылған алғашқы сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Заң бойынша апелляциялық алқаның қаулысы шыққан күні үкім күшіне енеді.
Кентау қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген Дәурен Махажанов биыл ақпанда аса ірі көлемде пара алды, деген күдікпен ұсталған болатын-ды. Әкімнің Кентауда жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігерден сұраған ақшасының көлемі 98 мың 500 долларды құрайды. Махажановты антикордың Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстап, оны дереу Алматыға алып кетті. Тергеу амалдары да сол жақта жүргізілді. Ол үш айда бітті. Сот та Алматыда өтті. Экс-әкімнің ісі сотқа мамырдың аяғында түсті. Судья бір жарым айда үкім шығарып, Махажановты 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Апелляциялық алқада Махажанов пен оның екі сыбайласына қатысты шағым бар-жоғы екі апта қаралды. 24 тамызда алқа үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы қаулыны жария етті. Мемлекеттік қызметкерлерге жүктелген тәртіп бойынша осыдан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 10 күн ішінде отставкіге кету туралы арыз беру тиіс болатын-ды. Қызығы сол, Шөкеев отставкіге арызды дәл сол 24 тамызда берген. Енді тәртіп бойынша Шөкеевтің отставкіге кету-кетпеу туралы мәселесін президент бір ай ішінде қарауы тиіс. Мемлекет басшысы екі түрлі шешім қабылдауы мүмкін.
Бірінші нұсқа: Шөкеевтің отставкісін қабылдап, оны қызметінен босатады. Екінші нұсқа: облыс әкіміне сенім білдіріп, оны сөгіс немесе ескерту жазасымен қызметінде қалдырады. Дәл қазір қай нұсқаның ықтимал екендігі туралы болжам жасау қиын. Бір жағы, Ақордаға салмағы ауыр саясаткерден құтылатын әдемі мүмкіндік туып тұр. Бір жағы, кадрлық кризис алқымнан алып тұрған кезде Тоқаев Шөкеевке кешірім жасауы мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды.
Қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа барса, әкімдерге отставкіге арыз беруге мәжбүрлейтін тәртіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың аяғында енгізген болатын. Бірақ басы жап-жақсы басталған бастаманың соңының сұйылып кеткені рас.
Ақорда Шөкеевке қатысты қандай шешім қабылдаса да мұны бүгіп-жасырмай, үн-түнсіз қала салмай, оны жұртшылыққа жариялауы тиіс. Шөкеевтің отставкісінің не үшін қабылданғанына немесе не үшін қабылданбағанына түсінік беруі қажет. Себебі бұл мәселе қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Президент әкімшілігі осыны ескеруі керек. Айналып келгенде, Ақорда отставкінің ойыншық еместігін, оның қоғам үшін маңызы бар өзгеріс екендігін көрсетіп қоюы тиіс емес пе?
Айтпақшы, Дәурен Махажанов осыдан екі жыл бұрын қарамағындағы ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін отставкіге арыз берген болатын. Сол жолы Шөкеев оның арызын қабылдамай, сөгіс жазасымен қызметінде қалдырған еді. Тоқаев та Шөкеевке дәл осылайша кеңпейілділік жасай ма, жоқ па? Шөкеев Ақорда үшін қаншалықты керек кадр? Күтіп көрейік.