«Шөкеевті құтқару операциясы» неге іске аспай қалды?
«Назарбаев Астананы салса, Шөкеев Түркістанды түлетті». «Шөкеев шаруақор әкім, мықты кризис-менеджер».
2021 жылдың мамырында Түркістанға келген Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атқарған жұмыстарына ризашылық білдіріп, оған дүйім жұрттың алдында қол шапалақтап, құрмет көрсеткен болатын. Жоғарыдағы әңгімелердің тиегі осыдан кейін ағытылған... Қазір қарап отырсаңыз, бұл Шөкеевтің карьерасындағы ең жұлдызды сәттердің бірі екен.
Осыдан кейін сарапшылар қысқа уақыттың ішінде Түркістанды тотыдай түрлендірген Шөкеевтің жуық арада премьер-министр болатынын айта бастаған. Алайда «шаруақор әкімнің» өзі сол жолы үкімет жетекшісінің креслосына мүлдем ұмтылмаған болып шықты. Ол сондай-ақ ақпарат құралдарында жиі аталатын «Оңтүстік» кланы туралы ештеңе білмейді екен. Өмірзақ Естайұлы мұндай әңгімені журналистерге берген сұхбатында емес, қылмыстық іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілеріне берген жауабында айтқан. Шөкеев бұл іс бойынша жәбірленуші деп танылған. Кеше «жұлдыз» болған Шөкеев, бүгін жәбірленуші. Өмір дегеніңіз – осы.
Жуырда Түркістан қалалық сотында Түркістан облысының әкімі болып тұрған кезде Өмірзақ Шөкеевті алаяқтық жолмен ірі көлемде, дәлірегі 1 миллион долларға «сындырмақ» болған азаматқа үкім шықты. Оқиға былтыр шілде, тамыз айларында болған. Сотталушы Серік Байназаров деген азамат. Ол бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысқан, кәсіподақта жұмыс істеген. Сонымен бірге ол ара-тұра саясатпен де шұғылданып тұрады екен. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, сол үшін комсомол қатарынан шығарылғанға ұқсайды. Мұндай мәліметтерді сот барысында оның азаматтық некедегі жұбайы айтқан.
Сот үкімінің басында Байназаровтың былтыр маусым айында Шымкентте рушылдықтың зияны туралы мақала жазып, оны жергілікті газеттерге шығармақ болғаны, алайда қаржысының жоқтығына байланысты бұл жоспарын жүзеге асыра алмағаны баяндалады. Алайда, бұл іске рушылдықтың да, жергілікті газеттердің де түк қатысы жоқ. Істің тоқетеріне тоқталайық.
Естеріңізде болса, былтыр ақпан айында Шөкеевтің ең сенімді кадрларының бірі Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов ірі көлемде парамен ұсталып, шілдеде Алматының соты оны 10 жылға бас бостандығынан айырған (бұл туралы уақтысында «Жас Алашта» кеңірек жазғанбыз). Осы кездері ақпарат құралдарында Махажановқа шыққан үкім күшіне енген соң Шөкеевтің отставкаға кететіні туралы материалдар жарияланды. Осы жайттан құлақтанған Байназаровтың миына бір идея сап ете қалғанға ұқсайды. Ол дереу Шөкеевті құтқару операциясының жоспарын жасауды қолға алған.
Байназаров алдымен «Құрметті Өмірзақ Естайұлы...» деген сөздермен басталатын бірнеше хат дайындайды. Хатта Шөкеевке қарамағындағы қызметкерінің жемқорлық қылмысы үшін отставкаға кету және үстінен қылмыстық іс қозғалуы қаупі барын ескертеді. Осыдан кейін Шөкеевтің басына үйірілген бұлтты сейілте алатынын, оған ең құрығанда көктемге дейін кепілдік беретінін алға тартады.
Байназаров сонымен бірге «Эгида Ш операциясының жоспары» деп аталатын құжат әзірлеген. Құжатта ол операцияның мақсаты Шөкеевтің отставкаға кетпеуін немесе кету туралы арыз берген жағдайда басқа лауазымды қызметке тағайындалуын қамтамасыз ету екендігін көрсеткен. Осы операцияға сәйкес Байназаров Шөкеевтің атынан «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи миссиясы» деген тақырыпта бірнеше мақала әзірлеген. Бұл мақалалар Тоқаевтың саясатын мақтау, Назарбаевты қаралау сарынында жазылған көрінеді.
Айтпақшы, Байназаров өзінің хатында «Эгида Ш операциясын» «ПМ – политтехнолог московский» немесе қысқаша айтқанда «ПМ» деген тұлғаның дайындағанын және ол туралы біраз мәліметтер келтірген. Ол «ПМ-нің» қазақ екендігін, Ресейде ұзақ жылдар жұмыс істегенін, Ресейде танымал саяси тұлғалардың кеңесшісі қызметін атқарғанын, қазіргі уақытта Қазақстанда тұратынын, саяси технология жобаларын жасаумен айналысатынын жазады. Шын мәнінде «ПМ-ді» өзінің жоба-жоспарына маңыз беру үшін Байназаров ойдан құрастырған.
Осылардың бәрін жайғап біткен соң Байназаров 25 шілдеде Түркістан қаласына келіп, Шөкеевтің қабылдауына кірмек болған. Алайда көмекшісі оны әкіммен жолығуға кіргізбейді. 26 шілдеде ол облыс әкімдігіне қайта келіп, жоғарыдағы хаттарды тастап кеткен. Шөкеев хаттармен танысып шыққан соң, 28 шілдеде көмекшісі С.Есмұханбет арқылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне арызданып, өзіне қарсы алаяқтық әрекеттердің жасалып жатқанын мәлімдеген. Одан әрі барлық әрекеттердің ҰҚК-нің сценарийі бойынша өрбігені айтпаса да түсінікті.
2 тамызда Байназаров Шөкеевпен Шымкент қаласында жолығады. Кездесуде Байназаров әкімге жоғарыда аталған «Эгида Ш операциясының жоспарымен» таныстырады. Әңгіме барысында ол өзінің атқаратын қызметін 1 миллион долларға бағалайтынын, ақшаны жұмыстың барысына қарай 200 мың доллардан бөліп төлеу қажеттігін ескертеді. 5 тамызда Байназаров Шөкеевтің көмекшісімен жолығып, егер ақша түспесе, онда жеке өзі Шөкеевке қарсы ештеңе істемейтінін, ал «ПМ-нің» «заказ» түссе Шөкеевке қарсы әрекет етпейтініне кепілдік бере алмайтынын айтады. 10 тамызда Байназаров Шөкеевтің көмекшісінен алдын ала аванс ретінде берілген 30 мың долларды алады, артынша ҰҚК-ге ұсталған.
Сот барысында Байназаров алаяқтық жасамағанын, Шөкеевпен келісім жасағанын, мұның заңға қайшы келмейтінін алға тартады. Бірақ ол сонымен бірге соттан өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтініпті. Шөкеевтің өзі сотқа қатыспаған. Оның жіберген өкілі соттан Байназаровқа мейлінше жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Осы жерде айта кетейік, тергеу барысында Шөкеев Байназаровтың хатында жалған мәліметтердің барын мәлім еткен. Бұл қандай жалған мәліметтер дейсіз бе? Мәселен, хатта Байназаров 2021 жылдың күзінде Шөкеевтің премьер-министр болуға әрекет еткенін келтірген. Алайда экс-әкім мұны жоққа шығарады. Хатта «Оңтүстік» деп аталатын әлдебір топ туралы жазылған. Шөкеев мұндай және одан басқа да саяси топ туралы ештеңе білмейтінін, осыдан кейін ол Байназаровтың алаяқтық жасап отырғанын түсініп, құзырлы органдарға арызданғанын айтқан.
Сот Байназаровты алаяқтық жасауға оқталды деген айып бойынша кінәлі деп тауып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі әлі күшіне енбеген, сотталушы тараптың оған апелляциялық шағым беру құқығы бар.
Сол тамыздың аяғында Шөкеевтің отставкаға кеткені белгілі. Содан бергі аралықта ол тек екі мәрте көзге түсті. Біріншісінде, былтыр күзде Алматыда гольф федерациясының отырысында, екіншісінде, былтыр желтоқсанда Тоқаевтың Ташкентке жасаған сапарында.