Шөкеевтің дәурені аяқталды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкіге кету жөнінде жазған арызын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Ақорданың ресми сайтында Тоқаевтың Шөкеевті Түркістан облысының әкімі қызметінен босату туралы жарлығы және Мемлекет басшысының оған көп жылғы еңбегі үшіне алғыс айтқаны жөнінде ақпарат жарияланды. Осылайша жұртшылық арасында қызу талқыланған отставкі мәселесіне нүкте қойылды. Президенттің алғыс айтқанына қарағанда, Шөкеевтің шенеуніктік дәуірі осыменен тәмам болған сияқты. Ол да тұңғыш президенттің сеніміне ие болған кейбір кадрлар сияқты «ескі Қазақстанда» қалып кетті.
24 тамызда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бұған дейін ірі көлемде пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановқа шығарылған үкімді күшінде қалдыру жөнінде қаулы шығарды. Осыдан кейін Шөкеев әкімдерге жүктелген міндетке сәйкес президентке отставкаға кету жөнінде арыз жазуға тиіс еді. Шөкеев арызды сол 24 тамызда берді.
Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметіне 2019 жылдың ақпанында, яғни тұңғыш президент отставкіге кетерден бір ай бұрын тағайындалған болатын. Оның әкімдік дәуірі Түркістандағы қызу құрылыспен және төтенше жағдайлармен есте қалды. Түркістан соңғы үш жылда адам танымастай өзгерді. 2019 жылдың маусымында Арыстағы оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болды. Шөкеевтің тікелей басшылығымен қала қысқа уақытта қалпына келтірілді. Келер жылдың мамырында Мақтаарал ауданында су тақыны орын алды. Апат салдарын жою жұмыстарының басы-қасында тағы да Шөкеев жүрді. Шөкеевтің Түркістанның шежіресіне ең іскер әкімдердің бірі ретінде жазылатыны анық.
Ал, Түркістан облысының әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды. Әкім тағайындауға келісім алудың жаңа тәртібіне сәйкес сәрсенбіде Түркістандағы Конгресс холл ғимаратына облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат депататтары жиналды. Жиналыста президент тарапынан келісім алуға екі кандидатура-Сайрам ауданының әкімі, уақытысында Мәжіліс депутаты, облыс әкімінің орынбасары болған Ұласбек Сәдібековтің және Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалдының ұсынылғаны жария етілді. Премьер-министр Әлихан Смайылов екі үміткердің өмірбаяндарына тоқталды. Бұдан кейін жиынға қатысқан 286 депутат өзара келісіммен ашық дауыс беруге көшті… Иә, бәрі өзара келісіммен жасалғаны сырт көзге байқалып тұрды. Екі кандидат өз бағдарламаларын қысқаша таныстарған соң бірқатар азаматтар сөз алды. Олардың барлығы отырғандарды Дархан Сатыбалдыға дауыс беруге шақырды. Мұның жай ғана шақыру емес, жоғарыдан келген нұсқау екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Осыдан кейін әкім болуға екі кандидатураны ұсыну, оған дауыс беру сияқты көзбояушылықтар кім үшін, не үшін керек?
Күткендегідей, 286 депутаттың 86-сы Сәдібековті, 200-і Сатыбалдыны қолдады.
Дархан Сатыбалды уақтысында Шымкент қаласының әкімі, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Сенат депутаты болған, 2019 жылдан бергі аралықта Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарған. Ол еңбек жолында Білім және ғылым министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президенттің іс басқармасында, Үкімет кеңсесінде, Астана қалалық әкімдігінде жұмыс істеген. Яғни, еңбек жолы өте бай кадр.
Енді Түркістан облыстық әкімдігінде кадрлық сапырылыс болатын сияқты. Шөкеевпен бірге келгендер қайда барар екен?