Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:24, 13 Желтоқсан 2021

Шөлейт аймақтың шаруалары шөміштен қағылған

None
None

Арқада биылғы жаз қуаңшылықпен өтті. Аптап ыстық ұзаққа созылып, жауын-шашын аз түсті.

Аймақта дала өрті шарпып өтпеген елді мекен қалмады. Әсіресе Ұлытау, Ақтоғай аудандарының кейбір жерлері қызыл жалынның құшағында қалды. Табиғаттың тосын мінезі онсыз да қалт-құлт етіп, әрең күн көріп отырған шаруаларды қыспаққа тіреді. Қысылтаяң жағдайға киліккен шөлейт аймақтың шаруашылықтарына биыл облыстық бюджеттен 20 миллион теңге қаражат бөлінді. Субсидия Ұлытау, Шет, Ақтоғай аудандарындағы бірлі-жарым фермерлерге үлестірілген.

– Жемшөп құнын арзандату үшін берілген субсидияның құны әр төл басына шаққанда 5000 теңгеден деп есептелді. Бұған шөлейтті жердегі 20 ірі қара аналық басы бар фермерлер қол жеткізді, – деп мәлімдеді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сырым Бошпанов.  

Ведомоство өкілінің айтуынша, субсидия жағрафиялық аумақта тұратынын дәлелдейтін құжаты бар және шөп сатып алғанын айғақтайтын  талонын көрсеткен қожалықтарға таратылған. Шаруалар тілімен айтқанда,  жарытымсыз қаржы ауыз шаюға да жарамайды. Ал шөлейт аймаққа енбейтін фермерлер  шөміштен қағылған.

–Биыл айтары жоқ ауыр жыл болып тұр. Оның үстіне тұрған жеріміздің ерекшелігіне байланысты қатты зардап шегіп отырмыз. Облыс шөлейт аймаққа жатпайтындықтан, бізге субсидия берілмеді. Биыл мал азығының нарқы аспандап кетті. Мал өсірумен айналысқаныма екі жыл болды. Қарамағымда жүз бас аналық сиыр бар. Зеңгір баба тұқымынан жетпіс бұзау өргізіп отырмын. Бар уайымым солардың ішіп-жемін  қар кеткенше жеткізу болып отыр.

Меншігімдегі 1500 гектар жерден күзде 500 түкке жетер-жетпес шөп жинадым. Бұл төрт түліктің небәрі үш айға жететін нәпақасы. Қуаңшылықтың салдарынан былтырғыдан 2-3 есе төмен өнім алдым. Бір К700 тіркеме шөбінің бағасы 150 мың теңгеге бір-ақ секірді. Малды нәубетке шалдықтырмау үшін қолдағы бар қаражатымды жемшөп сатып алуға жұмсадым. Ауыл шаруаларының қауырт науқанында биыл да жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің құны қабаттасып шарықтады. Соған қарай облыс шаруалар шығынының белгілі бір бөлігін өтеуге жәрдемдессе деген ұсынысымыз бар, – дейді Қарқаралы ауданы Қаршығалы селолық округіндегі «Алтын дән» шаруа қожалығының өкілі Саян Ақжанов.

       Ала қойды бөле қырыққан жарамайды

         –Шаруаларға субсидияны жерінің ерекшелігіне қарай беру мүлдем қисынсыз. Оны үлестіру механизмінде ондай талап жоқ. Бұрын мұндай қаржылық қолдау қожалықтарға жаппай берілетін. Шаруаларды алалауға қаржының тым аз қарастырылуы және жергілікті әкімдердің мәселені жеріне жеткізіп дәлелдей алмауы себеп болса керек. Облыстағы сала жетекшілері проблеманың байыбына бармай отыр. Бұл жолы да әкімдері ширақ ауылдың  шаруалары олжалы болды. Түптеп келгенде, бұл шаруалардың мүддесін шынайы қорғап, қолдайтын мекеменің жоқтығын айғақтайды, – деді  ақиқатын бүкпесіз айтқан облыстағы ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен  тәжірибелі маман  Ниқан Омарханов.

Үкімет шешуі тиіс тетік

–Кезінде еліміздің ауыл шаруашылығы министрі болған Шөкеев пен Омаров мырзалар көңілге қонымды реформа жасауға құлшыныс танытқан еді. Шөкеев «мал азығын дайындайтын 100 мың отбасы», ал Омаров дәл осындай «70 мың отбасын жасақтаймын» деген жағымды жаңалық айтты. Ауылдың ахуалын түбімен түсінетін маман әрі  кәсіби агроном ретінде қос азаматтың идеясынан  үлкен үміт күтіп едім. Өкінішке қарай, екеуіне де ілкімді ісін бастап, ілгерілетуге мұрша берместен басқа лауазымға ысырып жіберді. Менің пікірімше, аудандарда мемлекеттік мал азығы шаруашылығын құру керек. Одан келетін  пайда зор. Ауылдық жерлерде бұрынғыдай механизатор, шөпші, көпжылдық шөпті малдың таптауынан қорғайтын күзетші секілді ескірген мамандар қайта оралады. Мұның пайдасы – қырдағы екі қолға бір күрек таппай жүрген қандастарға жұмыс орны ашылады. Бұл бір есептен ауылға жастарды тартудың ұтымды амалы болмақ. Бірақ мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарына үкіметтің қаржылай қолдауы керек. Ол үшін үкімет мұндай кеңшарларға дотация бергенде  жемшөп бағасын реттеп отыруы қажет. Міне, осы қағидалар үйлесімді орындалса, әлгіндей шаруашылықтардың жағдайы жақсаратыны шүбәсіз, – дейді ауыл жанашыры Қайыр Рахметулин.

  Қытымыр қысы мен қара суығы жарты жылға ұласатын қарағандылық малшыларда маза жоқ. Қысқа жемшөп қоры жеткіліксіз. Малдан күй кететін түрі бар. Ауылдан ірі қараның етін әкеп, өткізе алмай безектеп жүргендер көбейіп барады. Ал базарда ет қымбат. Елді әлекке түсірген шөптің тапшылығы ауыл мен қалалықтарды қатар шыр айналдырып тұр.

Тегтер: