Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:26

Шолпанға ұшырылған ғарыш аппараты 53 жылдан кейін Жерге қайта оралды

Космос 482
Фото: ТАСС

 Кеңес Одағы кезеңінде 1972 жылы ұшырылған "Космос-482" ғарыш аппараты Үнді мұхитына құлады. Бұл туралы Ресейдің ғарыш агенттігі "Роскосмос" ресми түрде хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, аппарат 10 мамыр күні Мәскеу уақытымен 9:24-те (Астана уақытымен 11:24-те) атмосфераның тығыз қабаттарына кіріп, Орта Андаман аралынан 560 шақырым батысқа қарай орналасқан аумаққа құлаған. Бұл аумақ Индонезияның Жакарта қаласының батыс өңіріне сәйкес келеді.

53 жылдан кейін орбитадан шықты

"Космос-482" аппараты 1972 жылғы 31 наурызда Венера планетасын зерттеу мақсатында ұшырылған "Венера-8" миссиясының қосалқы нұсқасы болған. Алайда ұшыру кезінде тасымалдаушы зымыранның жылдамдатқыш құрылғысы істен шығып, аппарат Жер орбитасынан шыға алмай қалған.

Содан бері аппарат орбитадағы қоқыс ретінде айналып жүрген. Араға 53 жылдан астам уақыт салып, ол Жер атмосферасына қайта кіріп, толықтай жанып кетпей, суға құлады.

"Роскосмос" құрамындағы "ЦНИИмаш" мамандары "Космос-482" аппаратының қозғалысын Жер маңындағы кеңістіктегі қауіптер жөнінде ескерту беретін автоматтандырылған жүйе арқылы тұрақты бақылауда ұстағанын атап өтті.

"Құрылғының қозғалысы халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай бақыланды. Ол елді мекендерден алыс, ашық мұхит аумағына құлады", – делінген агенттік хабарламасында.

"Космос-482" – Кеңес Одағының 1970-жылдары жүзеге асырған ғарыштық бағдарламаларының бірі. Ол бастапқыда автоматты ғарыш станциясы ретінде Венераның атмосферасын зерттеуге бағытталған еді. Бірақ техникалық ақаулардың салдарынан бұл мақсат орындалмай қалды.

"Венера-8" миссиясының нәтижесі қандай болды?

Айта кетейік, «Космос-482» бастапқыда «Венера-8» миссиясының қосалқы аппараты ретінде жоспарланған. Бұл негізгі аппарат 1972 жылғы шілде айында Шолпан (Венера) планетасына сәтті жетіп, сол жерге қонып, атмосфера мен желдің жылдамдығын өлшеген, сондай-ақ топырақтың құрамын зерттеген. Қону сәтінен кейін станция 50 минут 11 секунд бойы үздіксіз жұмыс істеген.

Тегтер: