Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:08, 16 Қараша 2023

Шонжы – кімнің сөзі?

шонжы
Фото: kaztag.kz

Қазақ жеріндегі кейбір елді мекендердің атауын ауыстыру, яғни сол өңірлердің өзіне тиесілі байырғы атын қайтару туралы арагідік сөз болады. Сонан соң бұл мәселе ел арасында, баспасөзде, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланады, әртүрлі пікірлер айтылады. 

Біреу жақтайды, біреу бұған қарсы болады. Ақыр аяғында көбі еш нәтижесіз аяқталады. Арада біраз уақыт өтеді, әлгі мәселе қайтадан қозғалады...

Осындай өңірдің бірі – Алматы облысы Ұйғыр ауданы. Жақында Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы Шонжының атын «Әлмерек» деп өзгертейік деген пікір айтылды. Мұны да біреулер жақтады, енді біреулер теріске шығарды. Алдымен белгісіз бір әйел адамның ұйғыр тіліндегі дыбыстық хабарламасы жаппай тарап, жұрт арасында кеңінен талқыланды. Хабарламаның авторы ертеңіне видеоүндеу жариялап, қазақ халқынан кешірім сұрап, «жаздым, жаңылдым» деп шықты. Тарихты білмейді екен, аңдаусыз сөйлеп қалыпты. Бұл кешірімді де ел әртүрлі қабылдады. Мұның артында ұйымдасқан біреулер тұр дегендер де болды. Дегенмен осымен әңгіме біткендей болған.

Сөйтіп жүргенде, талас-тартыстан құр қалмайын деді ме, жанған отқа май құйып, жұрттың назарын өзіне аударайын деді ме, болмаса басқа бір мүддені көздеді ме, экс-мәжіліс депутаты Серік Абдрахманов та Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бір пікір жазды. Онда С.Абдрахманұлы тіл мәселесін көтеріп дүрлігетіндерді ел арасында іріткі салушылар, тату отырған ағайынның арасын бұзушылар, тіпті Қазақстанды екінші Украинаға айналдыруды көздейтіндер деп атады. Жазба авторы мұнымен шектеліп қалмайды, ары қарай Ұйғыр ауданының атын өзгертейік дейтіндерге шүйлігеді. Әуелі ұйғыр мен қазақтың ертеден тел өскен, іргесі бөлінбеген тату ұлт екенін, тіпті тұқым (ген) жағынан да ең жақын ұлт екенін айтады. Онан соң: «1916 жылы Жетісуда болған көтеріліс сәтсіз аяқталғаннан кейін осы өлке қазақтарының бір бөлігі Шығыс Түркістандағы ұйғырлардың жерлеріне жансақтау мақсатында қашып, пана тауып, тірі қалды», дейді. Сосын «Шонжы» дегеніміз – Әлмерек Батыр басын шапқан жоңғар батырының есімі» деген дерек келтіреді. Сөйтеді де егер Шонжыны өзгертсек неге басқа да жоңғар батырларының атымен аталатын Шамалған, Кеген сияқты өңірлерді өзгертпейміз, не себепті Шонжыны қайта-қайта қозғай береміз деген сауал қояды. Сауалына өзі жауап береді: себебі ұлтшылдық екен.

Шонжы
Фото: kartinki.pibig.info

Қош, С.Абдрахмановтікі секілді «тосын», күңгірттеу ойлар қай кезде де айтыла берер. Кереғар, қарама-қайшы пікірлердің болатыны да заңдылық. Дегенмен дәл осы Ұйғыр ауданы, оның атын өзгерту сияқты кіді дүниелерді айтқанда мейлінше бұра тартпай, барынша ақиқатты қаузаған жөн. Жетісуға ұйғырлар қайдан келді, қалай қоныстанды, бұл туралы қазақ баспасөзі жазудай-ақ жазып келеді. Соған қарамастан, бұл мәселе әлі күнге көтеріліп-басылып, көтеріліп-басылып, нүктесі қойылмай-ақ қойды. Біз баспасөз беттеріндегі бірер мақала негізінде осы тарихқа қысқаша тоқталсақ деп шештік. Себебі Ұйғыр ауданы десе тарихты жете білмейтін немесе үстірт оқыған кісілердің ойына «осы жерде ұйғырлар ежелден қоныстанған екен ғой, бұл топырақ солардың атақонысы болған көрінеді, сол себепті де мұны «Ұйғыр ауданы деп атаған болар» деген ой келуі мүмкін.

Орыс билеушілерінің қазақ даласына әмірін қалай жүргізгені, қазақ топырағын қалай отарлағаны тарихтан белгілі. Жетісуды отарлау үшін де небір қитұрқы әдістерді пайдаланды. 1840-1850 жылдары Жетісуда жаппай әскери бекіністер салынды. Жергілікті қазақтарға қысым күшейді. Бұл тұста шекараның арғы жағы Қытай бетіндегі жергілікті ұйғырлар, дүнгендер де тыныш емес-ті. Бұл оқиғалар туралы шекараның бергі бетіндегі албан, суан рулары да хабардар болатын. Ақыры 1860 жылы дүнген көтерілісі бұрқ ете қалды. Сонан соң көп өтпей Қашқар билеушісі Жақыпбек тұтас Шынжаңды өз әміріне қаратты. Сосын 1864 жылы ұйғыр, дүнген төңкерісі жеңіске жетті. Бірақ бұдан соң ұрыс ұйғыр-дүнген арасында болды. Нәтижесінде, дүнгендер жеңіліп, Құлжада ұйғыр сұлтанаты дүниеге келді.

Осыдан соң албан елінің билеушісі Тазабек батыр Пұсырманұлы ұйғыр сұлтаны Әбділоғылымен байланыс жасап, елімен ақылдасып, қара бұлттай төніп келе жатқан Ресейдің тырнағынан құтылу үшін мың үй албанды ұйғыр сұлтанының жеріне көшіріп апарады. Әрине, Тазабек батырдың бұл әрекеті Жетісу губернаторы Калпаковсийді де, отарлаушы Ресей патшалығын да қуанта қоймайды. Бұл туралы Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы «Гүбірнәтір Калпаковский мен албан Тазабек батыр және Жетісуға ұйғырлардың жаппай көшуі» деген мақаласында («Түркістан» газеті, 4 мамыр, 2007 жыл) былай дейді: «Бұл гүбірнәтір Калпаковсий үшін де, отарлықтағы орыс шенеуніктері үшін де күтпеген жағдай еді. Орыс шаруаларын босаған жерге әкеліп қоныстандыру үшін бір қарағанда қолайлы болғанымен, мұншалық ел-жұрттың бірден үдере көшіп кетуі саяси және өзгеге үлгі болу жағынан да қауіпті болатын. Ресей қоластына қарауға ашық қарсылық жасаудың бұл айрықша және ешкім күтпеген түрі еді». Шынымен де, бұл кеудесі өткем, әрекеті озбыр отарлаушылар үшін тосын жағдай. Мұны жаныштамай, тамырымен қосып қопарып құртпай болмайды. Енді губернатор Калпаковский ұйғыр әміршісіне хат жазады. Онда Тазабекті жазалауды бұйырады. Алайда ұйғыр әміршісі орыстардан қорыққанымен, Тазабекті бірден жазалауға батпайды. Тіпті ұйғыр сұлтандары орыстармен шекісіп те қалады. Осыдан соң Жетісу губернаторы Калпаковский ұйғырларға қарсы әскер аттандырады. Сөйтіп 1871 жылы Құлжа сұлтаны Әбіл-оғылы орыстарға еріксіз бағынады. Тазабекті орысқа ұстап береді. Тазабекті шынжырлап, Алматыға әкелген отаршылар оны адам айтса сенгісіз азаппен өлтіреді.

Б.Нұржекеұлы Тазабекті сылтауратып, Калпаковский Құлжаға дейінгі жерді орыс патшалығына қайтарып алғанын, осыдан соң өңірде үлкен тарихи өзгерістер болғанын айтады. Сондай-ақ: «Құлжа өлкесі 1871 жылдан 1881 жылға дейін орыс патшалығына қарап тұрды. 1881 жылы Қытай мен Петербор келісімі жасалды. Ол келісім бойынша Құлжа өлкесі Қытайға қаратылып, есесіне Қорғас өзеніне дейінгі жер Ресейге берілді. Екі елдің аралық шекарасы енді Қорғас өзені болып белгіленді. Ал Құлжада қалғысы келмейтін барлық жергілікті халыққа Ресейге емін-еркін көшіп, өтуіне рұқсат берілді» дейді. Осыдан соң Құлжадағы албан, суан сондай-ақ ұйғыр, дүнгендер Жетісуға қарай көше бастайды. 1882 жылы Жаркент уезі құрылады.

Кейбір тарихи деректерде ұйғырлар арасында Жетісуға көшуді белсенді түрде үгіттелгені, ұйғырлардың Қорғас, Тышқан, Өсек сияқты өзендердің бойына, егін егуге, тіршілік етуге қолайлы жерлерге қоныстандырылғаны да айтылады.

Шонжы
Фото: © Sputnik / Айдана Дайырова

Ұйғыр ғалымы М.Қабировтың зерттеуінше, Жетісуға 9 572 отбасы – 45 373 адам көшіп келген. Бұл деректі І.Жансүгіров те растап, 45 000 тараншының Жетісуға қоныс аударғанын айтады. Ал Б.Нұржеке-ұлы П.Румянцевтің дерегіне сілтеме жасай отырып: «Мұның сыртында 1886 жылы Құлжа өлкесінен тағы 2000 тараншы көшіп келіп, оларды Калпаковскийдің 70 үй қазақты Алпысбай баққа, 80 үй қазақты Ақшиге көшіріп, ал олардың орнына сол ұйғырларды Алматы маңына орналастырғанын жазды», дейді. Міне, осының нәтижесінде Жетісудың шығысында, нақтырақ айтқанда, Жаркент, Верний уездерінде ұйғыр аудандары пайда болғанын жоғарыдағы тарихи деректер айғақтайды. Тарихшылар, сондай-ақ ұйғырлардың жер аударылуынан бұрын бұл өңірде ұйғыр ауылдарының болмағанын айтады. Мысалы, Шарын ауылы 1883 жылы, Бәйсейіт ауылы 1881 жылы, ал Терең-Қарасу ауылы 1883 жылы құрылған. Бұл деректерді тарих ғылымдарының кандидаты Әршидин Қидаятовтың деректері тіпті нақтылай түседі. Ә.Қидаятов «Іле ұйғырларының Жетісуға көшіп келуі» деген мақаласында («Жас қазақ» газеті, 2007 жыл 2 наурыз) былай дейді: «Көшу 1883 жылы наурыздың 15-інде тоқтатылып, сол 1881-1883 жылдан бері қарай Жетісуда ұйғыр аудан-селолары пайда бола бастады. Кетпен болысы болса Петербор шартнамасы бойынша Іле уәлаятынан ажыратылып, Жетісуға қосылды. Бұл болыстағы ұйғыр ауылдары XVIII ғасырдың 70 жылдарында ұйғырлардың Шығыс Түркістан – Іле уәлаятына көшірілу барысында пайда болған еді.

Іледен көшкен ұйғырлардың бір бөлігі Өсек пен Қорғас өзендерінің екі аралығындағы жерде орналасады. Тап осы жерде 1882 жылы Жаркент шаһарының іргесі қаланады. Босқындардың екінші бөлігі 1881-1882 жылдарда Ақсу болысына орналасады» дейді.

Ал өңірдің Ұйғыр ауданы аталуының тарихы туралы мынадай дерек айтылыпты: 1935 жылдың 9 қаңтарында ҚазАтКом президиумының қаулысымен Ұйғыр ауданы құрылып, орталығы Дубун ауылы болып белгіленеді. Ауданның аты солай аталғанымен, мұнда тұратын қазақтар саны ұйғырлармен шамалас. Олардан басқа орыстар да, түріктер де, басқалар да аралас-құралас тұрады. 1940 жылы аудан орталығы Подгорное ауылына, 1945 жылы Шонжы ауылына көшірілді. 1963 жылы Ұйғыр ауданы қысқартылып, Панфилов ауданына қосылып, 1964 жылы қайтадан жеке аудан болып құрылды».

Міне, ұйғырлардың Жетісуға қоныс аударуының қысқаша тарихы осылай. Олардың қазіргі саны 251 мың. Негізінен әу баста келіп қоныстанған мекенінде өмір сүріп жатыр.

Ұйғыр ауданы, оның төңірегіне қатысты әртүрлі пікірлер, жер атауы туралы жақында ғана Халық жазушысы атағын президенттің қолынан алған жазушы Ахметжан Ашириден сұрадық. Оның пікірін де оқырман назарына ұсынып отырымыз. Алайда А.Ахметжанның кейбір ойлары, әсіресе жер атауларына қатысты тұжырымдары біз естіп жүргеннен бөлек болып шықты.

Ахметжан Ашири
Фото: Ахметжан Ашири

Ахметжан Ашири, халық жазушысы: Шонжы – жүзім кептіретін орын

Әуезов айтқандай, «қазақ пен ұйғырдың тамыры бір». Ежелден туысқан халықпыз, бір-бірімізді жек көруге хақымыз жоқ. Бір-бірімізге қамшы көтерген халық емеспіз. Кейбіреулер Шонжы деген елді мекенді «қалмақтың» аты дейді. Жоқ, Шонжы қалмақ болған емес. Мұның тарихы былай. Мына Шыңжаңда Тұрфан деген жер бар. Сонда айналасынан жел өтетіндей етіп қыш кесектен үй жасап, жүзімді іліп кептіреді. Жүзім сонда 4-5 ай тұрып, жап-жасыл қалпында кебеді. Мұндай жүзім өте дәмді, әрі бағасы да қымбат. Дәл осы жүзім кептіретін орынды чунджа дейді. 1881-1886 жылдары орыстар ұйғырларды көшіріп әкелді. Сонда осы тұрфандықтарды әкеліп Шонжыға орналастырған. Бұл жүзім кептіретін ауылдан келгендер деген мағынаны береді.

Меніңше осындай тарихи атаулар өзгеріссіз қалғаны дұрыс. Шарын да тарихи атау. Шар деген – төрт, ын деген – ұя, яғни төрт үй деген сөз. Ал Шелек деген – қырық үй деген сөз. Пенжім деген «бес үй» дегенді білдіреді. Енді оларды қалай өзгертеміз? Олай болмайды. Ұйғыр ауданының аты да, басқалары да сол күйі қалу керек.

Қазақ пен ұйғыр үлкен тарихқа иеміз. Бір-бірімізге қабақ шытсақ болмайды. Ондағы халық жер керек, еңбек етеміз деп отыр. Қазақ пен ұйғыр бір жерде тұрып жатыр.

Ұйғыр ауданына қатысты екі ұлт арасына іріткі салып, арандатушылар бар ма, жоқ па, оны анық білмеймін. Бірақ осы әрекеттердің өзі дұрыс емес. Қандай жағдайда да тату болуымыз керек. Билік ауысады, бірақ халық қалады, жер қалады, кетпен қалады. Мұндағы ел бір-біріне сәлем береді. Бір-бірін шетке қағып, қуа алмайды. Себебі бәрі осы елдің азаматтары. Ұйғырлар мұнда әдейі, өздері қалап көшіп келген жоқ.

Мен Жазушылар одағында 42 жыл жұмыс істедім. Желтоқсанда алаңда жүрдім. Көптеген қаламгерлермен дәмдес, дос болдым. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көлеңке жағына тартатындарға «жоқ, олай емес» деп күншуағын шашу керек. Сонда бәрі жақсы болады. Қытайлардың мұсылмандарға не істеп жатқанын жақсы білеміз. Қазақстандағы екі жүз мыңдай ғана ұйғыр бар. Шынын айтқанда, Үйғыр ауданы дегенде тұрған не бар? Өзбекстанда қазақтардың ауданы бар ғой. Ең әуелі ынтымақ, бірлікті ойлау керек. Аудан атын өзгерткенмен де ештеңе өнбейді. Құтты мекенімізді бәріміз бірге қорғауымыз керек. Күн бізге сәуле шашады, сендерге шашпайды деп қарауға болмайды.

Бексұлтан Нұржекеұлы
Фото: qazaquni.kz

Бексұлтан Нұржекеұлы: Ашири өйтіп өтірік айтпасын!

Осыдан кейін біз Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлына хабарласып, мұның анық-қанығын, бұдан да басқа кейбір сауалдардың жауабын білдік. Әңгімеміз былай болды.

– «Шонжы деген – қалмақтың батыры» деп сендерге кім айтып жүр?

– Бұл енді әр-әр жерде айтылып жүр ғой, С.Әбдірахманов та бірер күн орайында солай депті.

– Енді Серік айтты деп, оның бәрін шындық екен деп қабылдай беруге болмайды. Шонжы деген – қазақтың сөзі, сүзбеден кейінгі қатықты шонжитып-шонжитып қояды. Бұл мал баққан өлке. Әр үйге барсаң бір шонжы тұрады. Шонжыны сықпалап, құрт жасайды. «Бір қойып шонжита салайын ба» деген қазақтың сөзі бар, сондағы шонжы осы, оның бас жағы жуан, аяғы жіңішке болады. Сұйық нәрсені тіктеп қоя салсаң шонжиып тұрады. Оған қалмақты қыстырып не керек? Мұндай дерек болса, оны мен неге оқымадым?

– Ұйғыр ауданын Қарадала, Шонжыны Әлмерек деп ауыстыруға қатысты не айтасыз?

– Қарадала деген Бақанас жақта да бар. Бір Алматы облысына екі Қарадала болмайды ғой. Мұны бұрын Ақсу облысы деген, сол атын қайтарайық, не болмаса Шарын дейік. Әуелі жердің атымен өзгертіп алу керек. Бір адамның атын айтар болсаң, қазақтың өзі ала болады да, ол іске аспайды. Сосын «Жердің атын адам атымен атамау керек» деген қаулы шығарды үкімет. Сондықтан байбалам салмай, жердің әуелгі атын қайтару қажет. Әуелі Ұйғыр ауданы дегенді өзгертіп алсаң, Шонжы қайда қашады? Жаңа айтқанымдай, Ақсу десе де, Шарын десе де болады. Шарынның шатқалын, кеніштерін насихаттау мақсатында солай атаса тіптен жақсы. Оған ешкім таласпайды. Ал Әлмерек десең, Албанның өзі ішінде таласады. Әркім өз атасын ұсынады, содан бір-біріне қарсы болады.

– Осы мәселеге қатысты жазушы Ахметжан Аширидің пікірін сұрағанбыз. Ол Шонжы деген – ұйғырдың сөзі, жүзім кептіретін орыннан шыққан атау дейді.

– Ахметжан өйтіп өтірік айтпасын! Жаңа айтқанымдай, Шонжы деген сүзбеден кейінгі шонжитып қойған қатық. Ал Шарын деген XIV ғасырда Ақсақ Темір шапқанда бұл жер Шарын аталған. Тарихты алып оқысын. Шелек те сол кезден бар атау. Мұның төркіні – Шілік. Анау айтты, мынау айтты деген сөз айтыла береді. Білмейтіндер барып оқысын. Дулатидың еңбектерінде де жазулы тұр. Іле де Ілдір деп тұр. Кейбіреулер өздері оқымайды да, айта береді. Ал оқымағандар соларға сеніп, мынау бірдеңе біледі екен дейді. Енді Пенжім деген қалмақтың сөзі екені рас. Үлкен би деген мағынадағы басқарушыны білдіреді. Оны Шоқан Уәлиханов та жазған.

Ұйғыр ауданын өзгертер болса біреудің атын емес, жердің өз атын беру керек. Сонда ешкім де таласпайды. Әйтпесе, мұның аяғы алауыздыққа апарады.

Тегтер: