13:30, 17 Маусым 2020
Шонжы қақтығысы: Себеп...
Кеше түнде Алматы облысында 5 жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Төбелес Ұйғыр ауданында болған.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алған жігіттердің үшеуі қазір аудандық ауруханада жатыр. Қалған екеуі үйлеріне жіберілген. Бұл оқиғаға қатысты Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова: «5 адам пышақ жарақатымен Ұйғыр аудандық ауруханасына түсті. 1999 жылы туған екі азаматқа ота жасалды. 2 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. 1 адам хирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта 3 адам аталған аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты», — деді. Аталмыш мәселе қатысты дәл қазір Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Шонжы ауылына барып жиналыс өткізуде. Оқиғаға қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел: – Дәл қазір аудан әкімдігінде Алматы облысы әкімінің төрағалығымен жиналыс өтуде. Ол жерде аудан ақсақалдары, ел ағалары және жастар жиналып болған оқиғаға қатысты өз пікірлерін ортаға салуда. Айта кету керек, оқиға 16-шы маусым күні түнде болған. Бес адам көлікпен келе жатып жолға таласып қалған. Бұл жерде ешқандай ұлтаралық мәселе жоқ. Тек қана бұзақылық әрекеттер екені анықталып отыр. Осыған байланысты екі тарап та оқиғадан ұлтаралық астар іздеп отырған жоқ. Бұдан бөлек пышақталған балалардың жағдайы бір қалыпты, жағдайлары тұрақты,-деді.